Қырғызстанда бір күнде 70 медқызметкердің КВИ жұқтырғаны расталған
Қырғызстанда 18 шілдеге қараған күні бір тәулікте 70 дәрігерден коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың үштен бірі Бішкек қаласының үлесінде. Бұл туралы елдің пандемиямен күрес жөніндегі жедел штабы хабарлады.
Эпидемия басталғалы елде барлығы 2269 медқызметкердің COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның ішінде 600 адам дерттен айығып шыққан. Кешегі тәулікте сегіз қызметкер жазылған.
Бір тәулікте барлығы 1264 адамның вирус жұқтырғаны тіркелді. Ресми дерек бойынша, эпидемия басталғалы коронавирус инфекциясы 25 мың адамнан табылған. Оның ішінде 858 адам аурудан қайтыс болған.
Қырғызстан үкіметі жақында пневмонияны коронавирус статистикасына қоса бастады. Оған дейін дәрігерлердің пневмонияны коронавирус қоздырып отыр деген ескертуіне қарамастан өкпе ауруын COVID-19 статистикасына қоспай келген.
Белгілері бойынша коронавирус ауруына ұқсайтын бірақ зертхана талдауы теріс нәтиже берген пневмония жағдайлары Қазақстанда да күрт артқан Кеше, 17 шілде күні елдің денсаулық сақтау министрі 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз (зертхана талдауымен расталмаған – ред.) пневмония жағдайлары коронавирус статистикасына қосылады деді.
Қазақстанда бір күнде 1,8 мың адамнан коронавирус анықталды
17 шілде күні Қазақстанда 1808 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Ауру белгілері инфекция жұқтырған 895 адамда байқалған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 68 703 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан алғашқы отыз елдің қатарына кіріп, 29-орында тұр.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
Атырау облысы - 8873 (+177),
Алматы қаласы – 8702 (+229),
Нұр-Сұлтан қаласы -7887 (+252),
Қарағанды облысы – 6792 (+120),
Батыс Қазақстан облысы - 4544 (+109),
Шымкент қаласы – 4363 (+57),
Шығыс Қазақстан облысы – 3842 (+203),
Алматы облысы - 3504 (+68),
Ақтөбе облысы - 2700 (+51),
Жамбыл облысы - 2671 (+149),
Түркістан облысы - 2417 (+26),
Маңғыстау облысы - 2250 (+45),
Павлодар облысы - 2182 (+72),
Қызылорда облысы -2162 (+96),
Солтүстік Қазақстан облысы - 2066 (+61),
Ақмола облысы - 1899 (+42),
Қостанай облысы - 1849 (+51).
Өткен тәулікте 2132 адам COVID-19 ауруынан жазылып шықты. Дерттен айыққандардың жалпы саны - 42 388. Ресми дерек бойынша, коронавирустан 464 адам қайтыс болған. Коронавирус жұқтырып "өлімі өзге себептен" деген марқұмдардың тізімі бұл статистикаға кірмеген.
Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз вирустық пневмонияны COVID-19 жағдайы деп санайды. 2020 жылдың 1 қаңтары мен 15 шілдесі аралығында 234 мың 187 адам пневмонияға шалдыққан, 3327 адам аурудан көз жұмған. Министрлік мұның қаншасы қоздырушысы зертхана талдауымен расталмаған вирустық пневмония екенін айтпай отыр.
Алексей Цой: Қазақстанда жыл басынан бері 234 мың адам пневмонияға шалдығып, 3,3 мың адам қайтыс болған
Қазақстанда жыл басынан бері 234 мыңнан астам адам пневмонияға шалдығып, оның 3,3 мыңы ауру салдарынан қайтыс болған. Бұл туралы бүгін, 17 шілдеде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
"2020 жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін 234 187 адамның пневмонияға шалдыққаны расталған. Өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 3,3 жарым есе жоғары" деді Цой орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте өткен жылдың балама кезеңінде 70 926 жағдайдың тіркелгенін айтып.
Денсаулық министрі бұлардың арасында бактериялық пневмония, қоздырғышы белгілі вирустық пневмония және қоздырғышы белгісіз вирустық пневмония жағдайлары бар екенін айтты.
Цойдың сөзінше, 2020 алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар саны өткен жылдың балама кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей. Алайда маусымның үшінші онкүндігінен бастап қоздырғышы белгісіз вирустық пневмония жағдайлары артқан.
"2020 жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін пневмониядан 3327 адамның қайтыс болғаны тіркелген. 2019 жылдың балама кезеңінде 1896 жағдай тіркелген болатын. Көрсеткіш 1,75 есе өскен" деді министр.
Осыған дейін денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмониядан 1772 адамның қайтыс болғанын хабарлаған. Егер министрліктің бұл дерегінде ешқандай өзгеріс болмаса, пневмониядан тек шілденің бірінші жартысында 1555 адам қайтыс болған.
2 шілде күні денсаулық сақтау министрі биыл алғашқы жарты жылда 98 546 адамның пневмонияға шалдыққанын айтқан. Ал 11 шілде күнгі үкімет отырысында министр 1-8 шілде аралығында пневмонияға 58 809 адамның шалдыққанын айтқан. Егер бүгін айтылған саннан шегерер болсақ, Қазақстанда шілденің бірінші жартысында 135 641 адам пневмонияға шалдыққан. Ал 9-15 шілде аралығында өкпе ауруы 76 832 адамнан анықталған.
17 шілдедегі брифингте Алексей Цой 1 тамыздан бастап қоздырғышы белгісіз вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қосылып саналатынын айтты.
"COVID-19 ауруына шалдыққандар мен осы аурудан қайтыс болғандар екі дерек көзінен жасақталады. Біріншісі – зертханада нақтыланған COVID-19 жағдайлары, екіншісі – нақтыланбаған бірақ белгілері коронавирустікіне ұқсайтын вирустық пневмония жағдайлары" деді Цой.
Министр пневмонияға шалдыққандардың қаншасынан коронавирус табылғанын айтпады.
Ресми статистикаға сай, елде 66 мың адамнан коронавирус табылған. 40 мыңнан астам кісі дерттен айықты. 464 адам коронавирустан қайтыс болды.
16 шілдеде Қазақстан президенті Тоқаев халықаралық басылымдардағы ақпараттардан соң үкіметке "коронавирус пен пневмония статистикасын біріздендіруді" тапсырған.
Өткен аптада Қытайдың Қазақстандағы елшілігі осы елде жүрген азаматтарына ақпарат таратып, Қазақстанда "белгісіз" пневмония барын айтқан. Әлем басылымдары осы туралы жарыса жазып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония ахуалы жөнінде пікір білдірді. Ұйым елдегі пневмония жағдайлары коронавирус болуы мүмкін екенін айтты.
Зертханалық талдау коронавирусты көрсетпеген пневмония жағдайлары Қазақстанның көршісі Қырғызстанда да күрт артқан. 16 шілдеде Қырғызстан вице-премьері Аида Смаилова үкіметтің пневмонияны коронавирус деп санауға көшкенін хабарлаған.
Қазақстан тамыздан бастап пневмония мен коронавирус статистикасын бірге есептемек
Қазақстан елде індет өршіп, ауруханада орын, дәріханада дәрі жетпей жатқа тұста анализінен коронавирус табылмаған пневмония мен COVID-19 статистикасын бірге есептемек. Жаңа есептеу жүйесі 1 тамыздан басталады. Бұл туралы бүгін, 17 шілдеде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Цойдың сөзінше, Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағы бойынша бюросымен ақылдаса келе пневмония мен коронавирусты бірге есептеу туралы шешімін қабылдаған.
"Зертханалық тексерістен соң COVID-19 анықталған жағдайлар мен ПТР тестінен коронавирус табылмаған, бірақ клиникалық және эпидемиологиялық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония 1 тамыздан бастап бірге есептеледі" деді министр.
Цойдың сөзінше, тамызға дейін дайындық керек. Бұдан бөлек, министр мен ДДСҰ Еуропа аймағы бойынша бюросының төтенше жағдайлар бойынша аймақтық директоры Дорит Ницман статистиканы бірге есептеу басталғанда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар мен қайтыс болғандар статистикасы күрт өсетінін ескертті.
"Бұл - маңызды қадам. Есептеу басталғанда статистика өте қатты өседі. Бұл елде індетке шалдыққандар күрт өсті дегенді білдірмейді. Ескі базадағы COVID-19 індеті болу мүмкін деректер статистикаға енгізіледі" деді брифингке онлайн қатысқан Ницман.
Қазақстанда маусымнан бастап коронавирус індетімен қатар пневмония да өршіген. Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияға шалдыққандардың көбінің анализінен коронавирус табылмағанын, бірақ сипмтомдары COVID-19 дертіне ұқсас екенін айтқан. Анализінен коронавирус табылмаған пневмония науқастарын COVID-19 хаттамасымен емдей бастаған.
Бүгін, 17 шілдедегі брифингте Цой, Қазақстанда биыл 1 қаңтар - 15 шілде аралығында 234 мың 187 адам пневмонияға шалдыққанын айтты. Бұл былтырғы 1 қаңтар - 15 шілдемен салыстырғанда үш есе көп. Биыл 1 қаңтар - 15 шілдеде пневмониядан 3327 адам қайтыс болса, былтыр осы аралықта 1896 адам көз жұмған.
Министр пневмонияға шалдыққандардың қаншасынан коронавирус табылғанын айтпады.
Ресми статистикаға сай, елде 66 мың адамнан коронавирус табылған. 40 мыңнан астам дерттен айықты. 464 адам коронавирустан қайтыс болды.
16 шілдеде Қазақстан президенті Тоқаев халықаралық басылымдардағы ақпараттардан соң үкіметке "коронавирус пен пневмония статистикасын бірізділендіруді" тапсырған.
Өткен аптада Қытайдың Қазақстандағы елшілігі осы елде жүрген азаматтарына ақпарат таратып, Қазақстанда "белгісіз" пневмония барын айтқан. Әлем басылымдары осы туралы жарыса жазып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония ахуалы жөнінде пікір білдірді. Ұйым елдегі пневмония жағдайлары коронавирус болуы мүмкін екенін айтты.
Зертханалық талдау коронавирусты көрсетпеген пневмония жағдайлары Қазақстанның көршісі Қырғызстанда да күрт артқан. 16 шілдеде Қырғызстан вице-премьері Аида Смаилова үкіметтің пневмонияны коронавирус деп санауға көшкенін хабарлаған.