Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:47 17.7.2020

БҚО денсаулық басқармасы желіде тарап кеткен мәйітхана видеосының Ақсайда түсірілгенін растады

Ақсай ауруханасының мәйітінде түсірілген видеоның скриншоты.
Ақсай ауруханасының мәйітінде түсірілген видеоның скриншоты.

Өлі адамдардың денесі бейберекет жатыр деген мәйітхана видеосы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласында түсірілген. Мұны облыстың денсаулық сақтау басқармасы растады.

"Ақсай мәйітханасына кіргендегі көрініс – мынау. Коронавирустан қайтыс болғандардың денесін осылай бейберекет қоя салған" дейді кадр сыртындағы әйелдің даусы. Видеода қара пакетке оралған сыртқы пішіні бойынша мәйітке ұқсайтын денелер бейнеленген. Видеоны түсіруші темір есікті ашқанда оның арғы жағында үстел үстінде бірнеше мәйіттің жатқаны көрінеді

"Расымен 2020 жылдың 12 шілдесінен 13 шілдесіне қараған түні Бөрлі аудандық ауруханасының паталоганатомиялық бөліміне қайтыс болғандардың денесі жеткізілген. Ол жерде оған дейін жеткізілген мәйіттер де болған. Мәйітхана қызметкері қызметтік міндеті бойынша, нормативтерге сәйкес, мәйіттерді дереу іріктеп, арнайы тоңазытқыштарға салуы керек болған, бірақ міндетін орындамаған" делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабында.

Басқарма сот тергеуінің басталғанын мәлімдеді, бірақ видеоны түсірген адамның байланыс мәліметін беруден бас тартты. "Жағдай бақылауға алынды" деді басқарманың баспасөз хатшысы хабарламада. Мекеме өзге деректі айтпады.

Коронавирус пандемиясына байланысты мәйітханалардың жұмысын атқарып үлгере алмай жатқаны туралы хабарлар елдің түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Олардың қатарында Алматы мен Орал қалаларының мәйітханалары да бар.

08:49 17.7.2020

КВИ жұқтырғандар 1,7 мың адамға артып, 67 мыңға жетті. Қазақстан Беларусьтен озып, 29-орынға шықты

Маска таққан әйел және инсталляция. Алматы, Қазақстан.
Маска таққан әйел және инсталляция. Алматы, Қазақстан.

16 шілде күні Қазақстанда 1707 адамнан коронавирус анықталды. Вирус жұқтырған 925 адамда ауру белгілері байқалған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Алматыда 282 адамның, Нұр-Cұлтанда 214 адамның және Атырау облысында 181 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді – COVID-19 бар болғаны 20 адамнан анықталған.

Елде барлығы 66 895 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Беларусьтен озып 29-орынға шықты.

Аймақ бойынша жағдай мынадай:

Атырау облысы - 8696 (+181),
Алматы қаласы – 8541 (+282),
Нұр-Сұлтан қаласы -7567 (+214),
Қарағанды облысы – 6672 (+128),
Батыс Қазақстан облысы - 4435 (+108),
Шымкент қаласы – 4306 (+55),
Шығыс Қазақстан облысы – 3639 (+130),
Алматы облысы - 3436 (+57),
Ақтөбе облысы - 2649 (+51),
Жамбыл облысы - 2522 (+89),
Түркістан облысы - 2391 (+20),
Маңғыстау облысы - 2205 (+53),
Павлодар облысы - 2110 (+83),
Қызылорда облысы -2066 (+93),
Солтүстік Қазақстан облысы - 2005 (+65),
Ақмола облысы - 1857 (+45),
Қостанай облысы - 1798 (+53).

Өткен тәулікте коронавирустан жазылып шыққандар 1190 адамға артып, 40 мыңға жетті. 14 шілдедегі үкімет отырысында Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде коронавирустан 396 адамның қайтыс болғанын айтты.

Қазақстан билігінің коронавирус статистикасына күдік келтіретіндер көп. Үкімет коронавирус жұқтырып қайтыс болғандардың бір тобын «өлімінің себебі өзге» деп негізгі статистикаға қоспай бөлек санап отыр. Сонымен қатар ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын бірақ ПТР нәтижесі теріс шыққан пневмония жағдайлары да күрт артқан. Билік оларды да коронавирус статистикасына қоспайды.

17 шілдеге қараған түні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке коронавирус пен пневмония статистикасын біріздендіруді тапсырды.

08:47 17.7.2020

Тоқаев үкіметке COVID-19 бен пневмония статистикасын біріздендіруді тапсырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке пандемия статистикасын біріздендіруді тапсырды. Бұл туралы ол 17 шілдеге қараған түні Twitter-парақшасында жазды.

"Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр" деді Тоқаев.

Ол сондай-ақ пандемия ақпараты "ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс" деп айтты.

Қазақстан билігі эпидемия басталғалы коронавирус статистикасын бөліп санауға әуестігін байқатты. Мамыр айында "31-канал" мен Азаттық коронавирустан қайтыс болған адамдарды жерлеуге арналған зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін әшкереледі. Көп ұзамай үкімет коронавирус жұқтырып қайтыс болған, бірақ "өлімінің себебі өзге" деген адамдардың барын, олардың саны негізгі статистикасына кірмейтінін айтқан. Соңғы рет бұл тізім 2 шілде күні жаңарып, 101 адамға жеткені хабарланған. Одан бері бұл тізімнің қалай өзгергені айтылмады.

Одан кейін 3 маусымнан бастап денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандарды симптомы бар-жоқ деп екі бөлек санап, тек ауру белгісі барларды коронавирус статистикасына кіргізіп отырды. Қазақстанның бас инфекционисі Динагүл Баешева Азаттыққа берген сұхбатында екі бөлек санаудың халықаралық тәжірибе екенін, оның Швеция, Италия және Беларусь елдерінде қолданылып отырғанын айтқан.

Азаттық Швеция мен Италия елдерінің денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, Баешеваның айтқаны рас па, жоқ па, анықтап көрмек болды. Екі елдің министрлігі коронавирус жұқтырғандарды бөліп санамайтынын айтты. Ал Беларусь вирустың қаупі әсіреленген деп індетке дұрыс көңіл бөлмей отырған елдердің қатарында. Осы уақытта кейбір жергілікті басылымдар да коронавирус статистикасын бөлмей, бірге санауға көшті. Министрлік бұл тәжірибеден 1 шілде күні бас тартты, симптомы бар науқастар мен ауру белгісі жоқ науқастардың дерегін қайта қосты.

Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар саны алдыңғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 55,4 пайызға өсіп 98 546-ға жеткен. Тек 1-8 шілде аралығында пневмонияға 56 809 адам шалдыққан. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған. Билік шілде пневмониядан қайтыс болғандарды жүйелі түрде хабарлап отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі маусым айында пневмониядан 628 адамның, 29 маусым мен 7 шілде аралығында 453 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Пневмонияның осы деректері коронавирус статистикасына кірмеген. Билік шілде айында қанша адамның пневмониядан қайтыс болғанын, 9 шілдеден бері қанша адамның пневмонияға шалдыққанын айтпай отыр.

Осының бәрі биліктің статистикасына деген күдікті күшейтті. Ал бір апта бұрын Қытайдың Қазақстандағы елшілігі осы елде жүрген азаматтарына ақпар таратып, Қазақстанда "белгісіз" пневмония барын айтқан. Әлем басылымдары осы туралы жарыса жазып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония ахуалы жөнінде пікір білдірді. Ұйым елдегі пневмония жағдайлары коронавирус болуы мүмкін екенін айтты.

Зертханалық талдау коронавирусты көрсетпеген пневмония жағдайлары Қазақстанның көршісі Қырғызстанда да күрт артқан. Алайда кеше елдің вице-премьері Аида Смаилова Қырғызстанның пневмония жағдайларын коронавирус деп санауға көшкенін хабарлады.

18:56 16.7.2020

Қырғызстан пневмонияны коронавирус деп санауға көшті

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі ауруханадан тыс пневмонияны (пневмонияға ауруханаға жетпей тұрып шалдығу) COVID-19 ауруына теңестіретін бұйрық шығарды. Бұл туралы 16 шілдедегі брифингте елдің вице-премьері Аида Смаилова мәлімдеді.

Смаилованың сөзінше жақын арада денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 жөніндегі ұлттық клиникалық нұсқаулықтың үшінші нұсқасын шығарған.

"[Нұсқаулық] стационарлық және амбулаториялық көмек көрсету үшін науқастарды коронавирус инфекциясынан, оның асқынған жағдайларынан, соның ішінде ауруханадан тыс пневмониядан емдеу алгоритмінен тұрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аурулардың халықаралық жіктемесінде COVID-19 зертханалық талдау арқылы анықталатын U.07.1 кодына да, зертханада нақтыланбайтын, бірақ клиникалық белгілері немесе рентген арқылы көрінетін U.07.2 кодына да жатады. Денсаулық сақтау министрлігі ауруханадан тыс пневмонияны U.07.2 кодына жатқызатын бұйрық шығарды. Осылайша ауруханадан тыс пневмонияның статистикалық жағдайлары COVID-19 болып саналады" деді Исмаилова.

Коронавирус эпидемиясы басталғалы Қырғызстанда коронавирустан ресми 167 адам, пневмониядан 612 адам қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, пневмонияға шалдығу жағдайларының 95 пайызында аурудың қоздырушысы COVID-19 болып отыр. Осы уақытқа дейін билік COVID-19 науқастары мен пневмония науқастарын бөлек санап келді.

Қырғызстан белгілері коронавирустікіне ұқсайтын, бірақ тест нәтижесі теріс шыққан пневмония жағдайлары күрт көбейген екі елдің бірі. Дәл осындай жағдай Қазақстанда да байқалып отыр.

Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар саны алдыңғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 55,4 пайызға өсіп 98 546-ға жеткен. Тек 1-8 шілде аралығында пневмонияға 56 809 адам шалдыққан. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған. Билік шілде пневмониядан қайтыс болғандарды жүйелі түрде хабарлап отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі маусым айында пневмониядан 628 адамның, 29 маусым мен 7 шілде аралығында 453 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Пневмонияның осы деректері коронавирус статистикасына кірмеген. Билік шілде айында қанша адамның пневмониядан қайтыс болғанын, 9 шілдеден бері қанша адамның пневмонияға шалдыққанын айтпай отыр.

Ресми статистика бойынша, Қазақстанда барлығы 65 188 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 39 мыңнан астамы жазылып шыққан, 396-сы қайтыс болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG