Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

17:41 16.7.2020

Денсаулық министрлігі: Маусымда 5 адамның анализін бір құтыға салып талдадық

Маска тағып, қолғап киген қыз COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын мобильді тестілеу орталығында. Алматы, Қазақстан, 29 маусым 2020 жыл.
Маска тағып, қолғап киген қыз COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын мобильді тестілеу орталығында. Алматы, Қазақстан, 29 маусым 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус пандемиясы өршіген маусым айында бес адамның анализі бір құтыда (пробирка) талданған. Бұл туралы елдегі эпидемиологиялық ахуалға жауапты тауар мен қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты.

"Маусым айында тесттерді жасау пуллинг технологиясын қолдандық. Бұл технология бойынша, жылдамдықты арттыру үшін бес адамның анализін бір құтыға салынып талданады. Ол кезде біз профилактикалық скрининг жүргіздік – вирус жұқтырғанмен байланыста болғандарды, ауру белгілері жоқтарды тексердік. Кейін бұл әдісті өзгерттік" деді Сұлтанғазиев 16 шілде күні орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Шенеунік осы сөзі арқылы Азаттықтың "Күнделік тест саны не себепті азайып кетті?" деген сұрағына жауап берді. 19 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева тест тапсырудың күндік көрсеткіші 28 мыңға жеткенін, келешекте бұл көрсеткішті 35 мыңға жеткізу жоспарланғанын айтқан. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сайтындағы интерактивті картаға сәйкес, 7 шілдеден бері тәуліктік тест саны 12-18 мың аралығында болған.

"Маусым айының соңынан бастап коронавирус індеті өршіп, пуллинг технологиясына қажеттілік болмай қалды. Қазір әр адамға жеке зерттеу жүргізіледі. Осының әсерінен тестілеу мөлшерінің біршама азайғанын көріп отырмыз. Мұны шешу үшін президенттің тапсырмасымен 20 ПТР анализаторын және 1,2 миллион тест жүйесін сатып алуға 15,6 миллиард теңге бөлінген болатын" деді Сұлтанғазиев.

Сұлтанғазиев пуллинг әдісінің не себепті тиімсіз екенін нақтыламады.

19 маусымдағы брифингте Ләззат Ақтаева ПТР анализін елде 56 зертхана қабылдайтынын айтқан. Алайда содан бері аталмыш тізімге кірген "Олимп" және Invivo секілді жекеменшік зертханалар жұмыстарын не жартылай не толық тоқтататынын хабарлаған. Ал дәл осы уақытта елде коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар саны күрт артып, ауруханалар лық толып, адамдар өзін-өзі емдеуге көшкен. Осы кезде тұрғындар ПТР анализін тапсырудың қиындағанын айтып шағынды.

Сұлтанғазиев Азаттықтың "Қазір елде қанша зертхана ПТР анализін қабылдайды?" деген сұрағына тіке жауап бермеді.

Ресми дерек бойынша, елде барлығы 65 188 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 39 мыңнан астамы жазылып шыққан, 396-сы қайтыс болған. Кейінгі күндері билік дерегіне күдік келтіретіндер көбейген. Тұрғындар коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны ресми статистикадағыдан көбірек деп санайды.

Коронавирус жұқтырғандардың көп болуы мүмкін екенін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да мойындаған. Ол ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын, бірақ ПТР нәтижесі теріс шыққан пневмония жағдайларының барын айтқан. Министрдің сөзінше, Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Өткен жылдың алты айындағы көрсеткіштен (63 430 адам) 55,4 пайызға артық. Сонымен қатар тек 1-8 шілде аралығында 56 809 адам пневмонияға шалдыққан. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған.

Билік шілде айында пневмониядан қайтыс болғандарды жүйелі түрде хабарлап отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі маусым айында пневмониядан 628 адамның, 29 маусым мен 7 шілде аралығында 453 адамның қайтыс болғанын айтқан.

14:13 16.7.2020

Қазақстанда COVID-19 ауруынан 51 медицина қызметкері қайтыс болды

Қазақстанда коронавирус індетінен 51 медицина қызметкері көз жұмды. Бұл туралы тауар мен қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

"Өкінішке қарай 51 әріптесіміз қайтыс болды. Марқұмдардың туыстарына қайғырып көңіл айтамын" деді Сұлтанғазиев 16 шілде күні орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Азаттықтың "марқұмдардың қаншасы коронавирустан, қаншасы пневмониядан қайтыс болды?" деген сауалына Тимур Сұлтанғазиев "бұлардың барлығы коронавирустан көз жұмған деп саналады" деді.

Коронавирус індеті Қазақстанға келгелі аурумен күрескен медицина қызметкерлерінің өздері инфекция жұқтырып, үлкен дауға айналған. Алматы қаласы №12 клиникалық ауруханасында дәрігерлер жаппай COVID-19 инфекциясын жұқтырып, аурухананың өзі карантинге жабылды.

Сұлтанғазиев эпидемия басталғалы қанша медицина қызметкерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғанын және ауру салдарынан қайтыс болған қанша қызметкердің туыстарына үкімет уәде еткен өтемақы төленгенін айта алмады.

Соңғы рет 18 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева 1904 медицина қызметкерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтқан. Бұл сол кездегі расталған коронавирус жағдайларының 12 пайызын құраған.

Эпидемия басталғанда Қазақстан үкіметі қызметі барысында коронавирус инфекциясын жұқтырған медқызметкерге 2 миллион теңге, коронавируспен күресіп, өзі сол індеттен қайтыс болған медқызметкерге 10 миллион теңге төлейтінін хабарлаған.

13 шілде күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспенк күресте қайтыс болған 42 медицина қызметкерін түрлі мемлекеттік атақпен марапаттаған болатын.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 65 188 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 39 мыңнан астамы жазылып шыққан, 396-сы қайтыс болған.

Одан бөлек коронавирус жұқтырып қайтыс болған, бірақ денсаулық министрлігі "өлімінің себебі өзге" деген адамдардың бөлек тізімі бар. Соңғы рет 2 шілде күні жаңарған ол тізімде 101 адам болған. 16 шілдедегі брифингте Азаттық тілшісі Тимур Сұлтанғазиевтан тізімнің қанша адамға артқанын сұрады. Денсаулық министрлігі атынан сөйлеген шенеунік жауап бере алмады.

08:40 16.7.2020

Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны расталғандар 1,6 мыңға артып, 65 мыңнан асты

Коронавирус пандемиясы кезінде дәріхана алдындағы кезек. Алматы, Қазақстан.
Коронавирус пандемиясы кезінде дәріхана алдындағы кезек. Алматы, Қазақстан.

15 шілде күні Қазақстанда 1674 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Алматыда, Атырау облысында және Нұр-Сұлтанда вирус жұқтырғаны анықталғандар саны өзге аймақтардыкінен едәуір көп.

Елде барлығы 65 188 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Кеше, 15 шілде күні Қазақстан осы көрсеткіш бойынша әлемнің алғашқы отыз еліне кірсе, бүгін 29-орында тұрған Беларусьтің көрсеткішіне (65 443 адам) жақындап қалды.

Аймақтар бойынша жағдай мынадай:

Атырау облысы - 8515 (+218 адам жаңадан қосылған),
Алматы қаласы – 8259 (+219),
Нұр-Сұлтан қаласы -7353 (+204),
Қарағанды облысы – 6544 (+100),
Батыс Қазақстан облысы - 4327 (+101),
Шымкент қаласы – 4251 (+76),
Шығыс Қазақстан облысы – 3509 (+133),
Алматы облысы - 3379 (+88),
Ақтөбе облысы - 2598 (+53),
Жамбыл облысы - 2433 (+87),
Түркістан облысы - 2371 (+30),
Маңғыстау облысы - 2152 (+41),
Павлодар облысы - 2027 (+63),
Қызылорда облысы -1973 (+74),
Солтүстік Қазақстан облысы - 1940 (+95),
Ақмола облысы - 1812 (+43),
Қостанай облысы - 1745 (+49).

Апта басында хабарланған ресми дерекке сәйкес, елде коронавирустан 375 адам қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігі маусымның соңынан бастап COVID-19 өлімі статистикасын аптасына бір жариялауға көшкен. Министрлік мұның себебін түсіндірерде өлім себебін анықтайтын комиссияның үлгере алмай жатыр, күн сайын жариялау адамдарды шатастырады деді. Одан бөлек коронавирус жұқтырып қайтыс болған, бірақ денсаулық министрлігі "өлімінің себебі өзге" деген адамдардың бөлек тізімі бар. Соңғы рет 2 шілде күні жаңарған ол тізімде 101 адам болған.

Өткен тәулікте коронавирустан жазылғандар 1058 адамға артып, жалпы саны 39 мыңнан асты.

19:57 15.7.2020

АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцинаның сынағы ғалымдардың оң бағасын алды

Америкалық Moderna компаниясының COVID-19 коронавирусына қарсы вакцинасының сынағына қатысқан еріктілердің бойында ауруға иммунитет пайда болған. Сынақ нәтижесі New England Journal of Medicine жарияланды. Бұл туралы "Америка дауысы" радиосы хабарлады.

Сынақ 16 наурызда басталған еді. Оған 18-55 жас аралығындағы дертке шалдықпаған 45 ерікті қатысты. Зерттеу қорытындысы еріктілердің ағзасында коронавирус инфекциясын жоятын антидене молекулалары пайда болғанын көрсетті. Олардың көлемі коронавирустан жазылып шыққан адамдардың бойындағы антидене көлемімен бірдей болған.

Вакцина араға бір ай салып екі рет егіледі. Адамға қауіп төндіретіндей салдары байқалмаған. Алайда сынақ қатысушыларының жартысынан астамы қалжырау, бас ауруы, қалтырау, дене қызуы және бұлшықет ауруы болғанын айтқан. Үш еріктіге вакцинаның ең ауыр мөлшерін салған. Оларда бұл реакциялар қаттырақ байқалған. Ең ауыр мөлшер сынақтан алынды және енді пайдаланылмайды. Еріктілердің сөзінше, вакцина реакциясы коронавирус симптомдарына ұқсайды, бірақ тек уақытша болады.

"Вакцина егілген соң бірден белгі беріп, бір күнге созылады" деді ғалымдар.

Moderna компаниясының бас директоры Стефан Бансель "зерттеу нәтижесі үміт сыйлап отыр. Бұл – біздің COVID-19 ауруына қарсы mRNA-1273 екпесінің клиникалық әзірленуіндегі маңызды қадам" деді.

Moderna кең ауқымды сынақты 27 шілде бастамақ. Сынақтың үшінші кезеңіне 30 мың адам қатысады. Ғалымдардың сөзінше, үшінші әрі шешуші кезеңде вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі тексеріледі. Зерттеу нәтижесі келесі жылдың басына қарай белгілі болады.

Тағы

XS
SM
MD
LG