Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

18:43 15.7.2020

Қазақстан - коронавирус кең тараған отыз елдің қатарында

16:23 15.7.2020

Тоқаев коронавируспен күресте көз жұмған 42 медқызметкерді марапаттады​

Пандемия құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялаған медицина қызметкерлері. Алматы, 13 шілде 2020 жыл.
Пандемия құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялаған медицина қызметкерлері. Алматы, 13 шілде 2020 жыл.

Қазақстан билігі коронавируспен күресіп жүріп қайтыс болған 42 медициналық қызметкерді түрлі дәрежедегі ордендермен марапаттады. Коронавирус пен пневмониядан көз жұмған медқызметкерлерді марапаттау туралы жарлыққа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Президент жарлығы Ақорда сайтында жарияланған жоқ. Оның электронды нұсқасын Азаттыққа денсаулық сақтау министрлігі берді.

Қазақстанда 13 шілде – пандемия құрбандарын еске алуға арналған аза тұту күні Тоқаевтың бірі коронавирустан, бірі пневмониядан қайтыс болған екі дәрігер – Көкшетау қаласының көпбейінді ауруханасында бөлімше меңгерушісі Олег Исаев пен Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозбағаровты “Қазақстанның Еңбек Ері” атағымен марапаттау туралы жарлығы шықты.

Бүгін, 15 шілдеде сол жарлықта коронавирус пен пневмониядан көз жұмған тағы 40 медицина қызметкерінің аты аталғаны белгілі болды. Олардың сегізіне түрлі деңгейдегі “Барыс” ордені, бесеуіне “Парасат” ордені, қалғанына “Құрмет” ордені берілген. Қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік атақ алғандар қатарында дәрігерлер, мейіргерлер, фельдшерлер және жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері бар.

13 шілде күні денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күресіп жүріп көз жұмған 28 медицина қызметкерінің тізімін жариялады. Ол тізімде президент жарлығымен марапатталған Қозбағаров болмаған. Кейін денсаулық сақтау министрлігі тізімді өшіріп тастады.

Коронавирус індеті Қазақстанға келгелі аурумен күрескен медицина қызметкерлерінің өздері инфекция жұқтырып, үлкен дауға айналған. Алматы қаласы №12 клиникалық ауруханасында дәрігерлер жаппай COVID-19 инфекциясын жұқтырып, аурухананың өзі карантинге жабылды.

Кейінгі аптада коронавирустан не белгілі соған ұқсайтын пневмония ауруынан қайтыс болғандар қатарында дәрігер мен медицина қызметкерлерінің аты жиі айтылып жүр. Денсаулық сақтау министрлігі осы күнге дейін қанша медицина қызметкерінің коронавирус пен пневмония ауруларына шалдыққанын, оның нешеуі қайтыс болғанын айтпай отыр. Соңғы рет 18 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева 1904 медицина қызметкерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтқан. Бұл сол кездегі расталған коронавирус жағдайларының 12 пайызын құраған.

Эпидемия басталғанда Қазақстан үкіметі қызметі барысында коронавирус инфекциясын жұқтырған медқызметкерге 2 миллион теңге, коронавируспен күресіп, өзі сол індеттен қайтыс болған медқызметкерге 10 миллион теңге төлейтінін хабарлаған.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 63 514 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 38 мыңы жазылып шыққан, 375-і қайтыс болған. КВИ жұқтырған бірақ "өлімінің себебі басқа" деген 100-ден астам марқұм COVID-19 өлімі статистикасына кірмеген.

09:02 15.7.2020

Қазақстанда COVID-19 вирус жұқтырғандар 1,8 мыңға артып, 63,5 мыңға жетті

Дәріхана сыртында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 8 шілде 2020 жыл.
Дәріхана сыртында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 8 шілде 2020 жыл.

Сейсенбі, 14 шілде күні Қазақстанда 1759 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Вирус жұқтырғаны расталғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша көш басында Нұр-Сұлтан (250) және Алматы (229) қалалары, Ақтөбе (196), Атырау (179) және Шығыс Қазақстан (139) облыстары. Қалған аймақтарда инфекция жұқтырғаны расталғандар жүзге жетпеген.

Вирус жұқтырған 915 адамда ауру белгілері байқалған. Ауру белгілері байқалмаған науқастар саны – 844. Кейінгі апталарда алғаш рет ауру белгілері байқалған науқастар саны ауру белгісі жоқ науқастар санынан озып отыр.

Өткен тәулікте 2097 адам COVID-19 ауруынан жазылып шыққан.

Эпидемия басталғалы Қазақстанда барлығы 63 514 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның ішіндегі 38 мың науқас аурудан жазылған, кемі 375 адам қайтыс болған. КВИ жұқтырған бірақ "өлімінің себебі басқа" деген 101 адам COVID-19 өлімі статистикасына кірмеген.

Аймақ бойынша жағдай мынадай:

Атырау облысы - 8297 (+179 адам жаңадан қосылған),
Алматы қаласы - 8040 (+229),
Нұр-Сұлтан қаласы -7149 (+250),
Қарағанды облысы – 6444 (+98),
Батыс Қазақстан облысы - 4226 (+98)
Шымкент қаласы - 4175 (+28),
Шығыс Қазақстан облысы - 3376 (+139),
Алматы облысы - 3291 (+82),
Ақтөбе облысы - 2545 (+196),
Жамбыл облысы - 2346 (+79),
Түркістан облысы - 2341 (+40),
Маңғыстау облысы - 2111 (+38),
Павлодар облысы - 1964 (+88),
Қызылорда облысы -1899 (+53),
Солтүстік Қазақстан облысы - 1845 (+75),
Ақмола облысы - 1769 (+42),
Қостанай облысы - 1696 (+45).

Қазақстанда жаз айларында коронавирус пен белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония ауру өршіп тұр. Жыл басынан маусымға дейінгі аралықтағы алты айда пневмониямен 98 мың адам ауырса, шілденің бірінші аптасының өзінде (1-8 шілде) пневмонияға 56 809 адам шалдыққан. Оның ішіндегі 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған.

Ауруханалар лық толып, науқастар өзін-өзі емдеуге көшкен. Салдарынан дәріханалар адында ұзын-сонар кезектер пайда болып, дәрі тапшылығы байқалды. Тұрғындар өзіне және туысына дәрі іздеймін деп қала кезіп кетті. Мамандар адамдардың дәрі іздеймін сабылуының өзі індеттің өршуіне ықпал етуі мүмкін дейді. Ресми статистикаға күдік келтіретіндер қатары артып барады.

19 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева тест тапсырудың күндік көрсеткіші 28 мыңға жеткенін, келешекте бұл көрсеткішті 35 мыңға жеткізу жоспарланғанын, сондай­-ақ COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын 56 зертхананың жұмыс істеп жатқанын айтқан. Кейінгі аптада тәуліктік тест саны 12-18 мың аралықта болды. Ақтаеваның айтуынша, Қазақстанда бір расталған жағдайға 78 тесттен келеді.

29 маусым күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ПТР талдауының сапасына күдік келтіріп, Қазақстанның 100 мың адамға шаққандағы тест саны бойынша көп елден алда болғанымен, тестілеу сапасы вирус жұқтырғандарды анықтау тиімділігі бойынша “АҚШ-тағыдан 8 есе, Италия мен Ресейдегіден 4,5 есе, Канададағыдан 3 есе” төмен екенін айтқан.

Ал министрлік айтқан 56 зертхананың ішіндегі “Олимп”, Invivo секілді жекеменшік зертханалар осы уақыт аралығында ПТР талдауын жүргізу бойынша не жартылай не толық жұмыс істемеді. Тұрғындар ПТР анализін тапсырудың қиындағанын айтып шағынды.

17:57 14.7.2020

Қырғызстан азаматы елде індет ұшыққан тұста билік үстінен арыз түсірді

Қырғызстан азаматы Раушан Айткулова билікті елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жауапқа тартуды талап етіп, бас прокуратураға арыз түсірді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне бас прокуратураның баспасөз хатшысы Наргиза Кубатова айтты.

Прокуратура өкілі арыздың толық мазмұнын айтқан жоқ.

"Арыз жалпы бөлімде тіркелді. Үкіметті, президент әкімшілігіндегілерді жауапқа тарту туралы арыз" деді Кубатова.

Бұған дейін Раушан Айткулова деген азамат әлеуметтік желіде пандемиядан қаза болған адамдардың өлімі үшін президенттің, премьер-министрдің, үкімет мүшелерінің үстінен Бас прокуратураға және парламентке арызданғанын жазған.

Арызға қатысты президент әкімшілігі, үкімет пікір білдірген жоқ.

Қазіргі ресми мәліметке сай, Қырғызстанда 11538 адамнан коронавирус табылды. 149 адам қайтыс болды. Бұдан бөлек, 497 адам пневмониядан көз жұмды. Елде вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны ресми статистикадан көп болуы мүмкін. Себебі Қырғызстанда күнделікті алынатын анализ саны аз.

Елде ауруханаларда орын және маман тапшы. Жұрт дәрі-дәрмек таппай жүргендерін айтады. Билік мамырда экономиканы жандандыру үшін төтенше жағдайды аяқтап, карантинді жеңілдете бастаған. Осыдан кейін Қырғызстанда вирус жұқтырғандар күрт өсе бастады. Үкімет елде қайта карантин жариялаған жоқ.

Тағы

XS
SM
MD
LG