42 500 теңгеге кім өтініш тапсырады?
Коронавирус індетінің өршуіне байланысты екінші рет енгізілген карантин кезінде табыссыз қалғандар 17 шілдеден бастап бір рет төленетін 42 500 теңгеге өтініш бере алады. Бірақ бұл жолы өтінішті азаматтардың өзі емес, жұмыс берушілер береді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
Министрдің айтуынша алдағы екі күнде әлеуметтік жәрдемақыны төлеудің механизмдері пысықталады. Нұрымбетов бәрі ойдағыдай болса, бейсенбі, 16 шілде күні жәрдемақыны тағайындау ережесі жарияланатынын, азаматтар жұмадан бастап өтініш бере алатынын айтты. Құжаттар дүйсенбі, 20 шілдеден бастап қаралады.
Бұл жолы жәрдемақы алу үшін әлеуметтік төлем жасау міндетті емес.
“42 500 теңге төтенше жағдай кезіндегі ереже бойынша табысынан айырылған азаматтарға, оның ішінде, жалдамалы қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға беріледі” деді министр.
Нұрымбетов ең төменгі жалақы саналатын 42 500 теңгенің аз қаражат екенін мойындады.
2 шілде күні Қазақстанда екінші рет карантин шектеулері енгізілетіні белгілі болғанда, вице-премьер Ералы Тоғжанов “[42500 теңге] төтенше жағдай режимімен байланысты болды. Төтенше жағдай режимі тоқтатылды, енді оны төлеуге ешқандай негіз жоқ” деген болатын. Бастапқыда 5 шілдеден бастап екі аптаға созылатын карантин бүгін, 14 шілде күні 2 тамызға дейін ұзартылып, толық бір айды қамтитын болды. Карантиннің ұзартылатынын жария еткен премьер-министр Асқар Мамин төтенше жағдай жарияланбаса да, шектеуге байланысты қызметі шектелген азаматтарға 42 500 теңге көлеміндегі бір реттік көмек берілетінін айтты.
Брифинг барысында Азаттық вице-премьер мен премьер сөзі арасындағы қайшылық барын айтып, министр Нұрымбетовке сауал жолдады.
Министр Тоғжановтың мәлімдемесін растап, заң бойынша бір реттік әлеуметтік жәрдемақының тек төтенше жағдайда берілетінін, ал бұл жолғысы президенттің саяси шешімі екенін айтты.
- Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, елде 60 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды. COVID-19 індетінен 375 адам қайтыс болды. Министрлік коронавирус жұқтырған жүзден астам марқұмды "өлімі басқа дерттен болды" деп ресми есепке қоспай отыр.
- Елде коронавирус өршіген тұста пневмонияға шалдыққандар да көбейді. Қаңтар-маусым аралығында елде пневмонияға 98 546 адам шалдықса, шілденің бірінші аптасының өзінде (1-8 шілде) 56 809 шалдыққан. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған. Пневмониядан мыңнан адам қайтыс болды. Қазақстанда пневмониядан көз жұмғандардың нақты статистикасы жарияланбады.
- ДДСҰ Қазақстандағы пневмонияны COVID-19 індеті болуы мүмкін деген.
Қазақстанда карантин 2 тамызға дейін созылды
Қазақстан үкіметі коронавирус індетінің өршуіне байланысты екінші рет енгізілген карантинді 2 тамызға дейін созды. Бұл туралы дүйсенбі, 14 шілдедегі үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин айтты.
Қазақстанда жаз басталғалы COVID-19 індеті өршіп, 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин енгізілген болатын. Кеше, 13 шілде күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантиннің шілденің соңына дейін жалғасатынын, қорытынды шешімді үкіметтік комиссияның қабылдайтынын айтқан.
Үкімет отырысында Мамин денсаулық сақтау министрін, білім және ғылым министрін, сондай-ақ өзге де сала басшыларының баяндамасын тыңдап, карантиннің 20 шілдеден 2 тамызға дейін созылатынын айтты.
Премьер-министр сондай-ақ шектеу салдарынан табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы көлеміндегі (42 500 теңге) әлеуметтік төлем жасалатынын айтты. Үкімет басшысының сөзінше, көмек карантин шараларының күшеюіне байланысты қызметі шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және өзін өзі жұмыспен қамтығандардың өтініші бойынша беріледі.
Асқар Мамин бұл көмекке қанша адамның зәру екенін айтпады.
Қазақстанда коронавирус өршіп кеткен тұста билік 5 шілдеде екі аптаға қайта карантин жариялап, қызмет көрсету саласындағы бизнестерді жауып, қалааралық автобус қатынасына тыйым салған. Сол кезде билік жағдай реттелмесе, карантин тағы созылатынын айтқан.
Елде коронавирусқа байланысты 16 наурыз - 11 мамырда төтенше жағдай жарияланған. Жұрт осы уақытта қатаң карантинде отырған. Сол кезде үкімет табыссыз қалған жұртқа екі ай 42500 теңге төлеген. Көктемдегі карантинде жәрдемақы тағайындалғанда көптеген адам құжат рәсімдеудің қиындығына, көмектің аздығына шағымданған. "Табыссыз қалсақ та, 42500 теңге ала алмадық" дегендердің де қатары көп болған.
5 шілдеде карантин жарияланғанда вице-премьер Ералы Тоғжанов "табыссыз қалғандарға 42500 теңге төлеуге негіз жоқ, жұмыс істеуі керек" деген еді.
Қорғаныс вице-министрі коронавирустан қайтыс болды
Бүгін, 14 шілде күні Қазақстан қорғаныс вице-министрі генерал-майор Бақыт Құрманбаев коронавирус ауруынан қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа баспасөз қызметі хабарлады.
Құрманбаев 1970 жылы 21 қыркүйекте Өскемен қаласында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (1993), Ресейдің әскери академияларында (2005 және 2008 жылдары) білім алған.
“Бақыт Жанұзақұлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде атқарған қызметінде жоғары кәсібилігімен және ауқымды тәжірибесімен ерекшеленді” делінген министрлік баспасөз қызметінің хабарламасында.
Хабарламаға сәйкес, Құрманбаев 2017 жылғы 6 мамырда “генерал-майор” әскери атағын алған. Марқұм қорғаныс министрінің орынбасары болып 2019 жылы сәуірде тағайындалған.
Марқұм қызметі үшін II-ші дәрежелі “Айбын” және II-ші дәрежелі “Данқ” ордендерімен марапатталған.
Құрманбаевтың қазасы коронавирустан және пневмониядан қайтыс болған шенеуніктердің қатарын толықтырды. 4 шілде күні Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлжазира Алдашева, 10 шілде күні Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров пневмониядан көз жұмды. Сонымен қатар аталмыш аурулардан Қазақстанның бірнеше өңірінде орталық аурухана бас дәрігерлері қаза тапқан.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 61 755 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның ішінде 35 911 адам жазылып, 313 адам қайтыс болған.
Алғашқы тоқсанда балалар қашықтан оқиды. Шалғай ауылдың оқушылары мектепке барады
Жаңа оқу жылында 1-11 сынып оқушылары қашықтан оқиды. Бұл туралы сейсенбі, 14 шілде күні баспасөз жиынын өткізген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі ұсынған соң, үкімет қиын да болса осындай шешім қабылдаған. Дегенмен шағын ауылдың оқушылары мектепке барып оқи алады.
"Шалғайдағы қауіп жоқ өңірлерде орналасқан шағын мектептерде әдеттегідей дәстүрлі оқуды ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Бұдан бөлек, ата-аналардың өтініші бойынша, тиісті мүмкіндіктер болған жағдайда, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі" деді министр.
Аймағамбетов балалардың мектепке баруы кезең-кезеңмен жүзеге асырылады деді.
Қазақстан оқушылары пандемия кесірінен көктемгі демалыстан кейін мектепке барған жоқ. Министрдің айтуынша, наурыз-мамыр айларындағы қашықтан оқу процесінде мұғалімдер тәжірибе жинаған. Енді жаңа оқу жылына видеодәрістер, интернетте білім ресурстары әзірленіп, мектептер техникамен толықтырылып жатыр.
"Қазір мектептерде бір компьютерге жиырма баладан келеді. Біздің алдымыздағы мәселе – бес балаға бір компьютер көрсеткішіне жеткізу. Бұған дейін білім министрлігі дүниежүзілік банктен қаржы сұраған. Ол келесі жылы бөлінеді деп жоспарланған. Бірақ біз қаржыны қазір беруін сұрап отырмыз. Егер келіссе, жаңа оқу жылына дейін мектептерге компьютер аламыз" деді министр.