Қазақстанда карантин 2 тамызға дейін ұзартылды
Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин елдегі коронавирустың өршуіне байланысты енгізілген екінші карантин тағы екі аптаға – 20 шілдеден 2 тамызға дейін ұзартылатынын мәлімдеді. 14 шілдеде өткен үкімет отырысында Мамин шілдеде табысынан айырылғандарға 42500 теңге (шамамен 100 доллар) төленетінін айтты.
Бұл көмекті қанша адам алатыны белгісіз.
Қазақстан билігі елде коронавирус індеті өршіп, пневмонияға шалдыққандар көбейген тұста 5 шілдеде екі апталық карантин енгізген. Сауда-саттық, қызмет көрсету саласындағы кәсіптер жұмысын тоқтатқан. Қалааралық автобус қатынасына да тыйым салынған.
ДДСҰ басшысы: “Вируспен күресті дұрыс ұйымдастыра алмаған елдерде індет өршіді”
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустан дұрыстап қорғанбаса, коронавирус пандемиясы өрши береді деп санайды. Ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус “тым көп мемлекет бұрыс бағытта кетті” деді. Оның сөзінше, коронавируспен күрестің тексерілген тәсілдері не мүлде қолданылмаған не лайықты түрде іске аспаған елдерде індет өршіп барады.
“Вирус – қоғамның әлі де нөмірі бірінші жауы. Бірақ көп үкіметтің және халықтың әрекеті осы қауіптің ескерілмей отырғанын көрсетеді. Вирустың жалғыз мақсаты – инфекция жұқтыратын адам табу” деді Гебрейесус.
ДДСҰ басшысының сөзінше, ел басшыларының қайшылыққа толы мәлімдемелері коронавирусқа қарсы күресте ең маңызды саналатын сенімнің жоғалуына әкелді.
“Үкімет халықпен дұрыс байланыс орнатпаса, халық вирустан қорғанудың негізгі шарттарын ұстанбаса, бір ғана жол бар. Пандемияға қатысты жағдай қиындаған үстіне қиындай береді” деді ол.
Вирустан қорғанудың негізгі шарттары – қашықтықты ұстану, қолды жиі жуу, шынтаққа түшкіру және маска тағу деді Гебрейесус.
Індет әлемнің басқа өңірлеріне қарағанда Солтүстік және Оңтүстік Америкада қатты өршіп жатыр. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 3,3 миллион адамнан асқан АҚШ-та соңғы күндері денсаулық сақтау мамандары мен президент Дональд Трамп арасы шиеленісіп барады. Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, АҚШ-та 135 мыңнан аса адам COVID-19 дертінен қайтыс болған.
Денсаулық министрі мектеп оқушылары қашықтан білім алуын жалғастыруы керек деді
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой күздегі жаңа оқу жылын қашықтан білім берумен бастау керек деді. Министрдің сөзінше, оқушылар мектепке қайта барса коронавирус жылдам тарауы мүмкін.
“Карантин кезінде балалардың көпшілік жерде болмауы алдын-ала ұйымдастырылды, сондықтан инфекцияның тарау қаупі төмен болды. Енді олар мектепке барса, балалар арасында дерт жұқтырғандар көбеюі мүмкін” деді министр сейсенбі, 14 шілдедегі үкімет отырысында.
Министрдің сөзінше, 14 жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ-ге шалдыққандардың 70 пайызы мектеп секілді білім беру орындарының оқушылары.
Алексей Цой эпидемиологиялық ахуалға байланысты жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында қашықтан білім беруді қарастыруды сұрады.
Денсаулық сақтау министрі елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 1,7 мыңы бала екенін айтты.
Білім және ғылым министрі денсаулық сақтау министрінің сөзін құптап, “1 қыркүйекте, шалғайдағы шағын ауыл мектептерін қоспағанда, еліміздің барлық мектебінде 1-11 сынып оқушыларын оқу жылының алғашқы тоқсанында қашықтан оқытуды” ұсынды.
Аймағамбетов сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш білім беру деңгейінде кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді ұсынды.
“Бұл жағдайда санитарлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі. Балалар тек бір кабинетте оқиды, үзілістер әртүрлі уақытта болады, кіреберісте дене қызуын өлшеуді ұйымдастырамыз. Ауаны тазалау, кварцтау және ылғалды тазалау тәртібін күшейтеміз” деді Аймағамбетов.
Министр шалғайдағы ауыл мектептеріндегі оқушылар республикадағы барлық оқушының 4 төрт пайызын құрайтынын айтты.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғаны расталған адам саны 61 мыңнан асты
Кеше, 13 шілде күні Қазақстанда 1856 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Тәулік көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастады. Облыста бір күнде 225 адамнан КВИ анықталған. Алматы қаласында 220 адамның, Нұр-Сұлтан қаласында 211 адамның COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны расталған. Кейінгі аптада вирус жұқтырғандар саны күн сайын шамамен 300 адамға артып отырған Атырау облысында 190 адамның КВИ жұқтырғаны анықталды.
Аймақтар бойынша жағдай мынадай:
Атырау облысы - 8118 (+190 адам жаңадан қосылған),
Алматы қаласы - 7811(+220),
Нұр-Сұлтан қаласы - 6899 (+211),
Қарағанды облысы - 6346 (+102),
Шымкент қаласы - 4147 (+80),
Батыс Қазақстан облысы - 4128 (+138),
Шығыс Қазақстан облысы - 3237 (+225),
Алматы облысы - 3209 (+79),
Ақтөбе облысы - 2349 (+171),
Түркістан облысы - 2301 (+59),
Жамбыл облысы - 2267 (+78),
Маңғыстау облысы - 2073 (+24),
Павлодар облысы - 1876 (+73),
Қызылорда облысы -1846 (+62),
Солтүстік Қазақстан облысы - 1770 (+59),
Ақмола облысы - 1727 (+39),
Қостанай облысы - 1651 (+46).
Ресми дерек бойынша, эпидемия басталғалы Қазақстанда барлығы 61 755 адамның КВИ жұқтырғаны расталған. Аурудан 34 190 адам жазылып шығып, 375 адам қайтыс болған. КВИ жұқтырған бірақ "өлімінің себебі басқа" деген 101 адам COVID-19 өлімі статистикасына кірмеген.
Қазақстан коронавирус індеті өршіген тұста пневмонияға шалдыққандар саны да күрт артты. 2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 55,4 пайызға артық. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында пневмонияға 63 436 адам шалдыққан.
Егер қаңтар мен маусым аралығындағы алты айда пневмониямен 98 мың адам ауырса, шілденің бірінші аптасының өзінде (1-8 шілде) 56 809 ауырған. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған.
Билік шілде пневмониядан қайтыс болғандарды жүйелі түрде хабарлап отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі маусым айында пневмониядан 628 адамның, 29 маусым мен 7 шілде аралығында 453 адамның қайтыс болғанын хабарлады.