Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

21:19 13.7.2020

Антикоррупция қызметі медсақтандыру қоры мен "СК-Фармацияға" қатысты тергеу бастады

Қазақстанда коронавирус өршіп, дәрі-дәрмек тапшылығы мен медицина саласында проблема ушыққан тұста Коррупцияға қарсы қызметі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" компаниясына қатысты тергеу бастағанын хабарлады.

Ведомство Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) "қызмет көрсетуді сатып алу құнын көтеріп, ақша жымқырды" деп күдіктенеді. Ал "СК-Фармация" компаниясының (дәрі-дәрмекті жеткізуге жауапты дистрибьютер – ред.) шетелден келген гуманитарлық көмектерді қалай бөлгенін тексеріп, жемқорлық күдігі бойынша тергеу жүргізбек.

10 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) мен елдегі дәрі-дәрмек жүйесін реттейтін "СК-Фармация" компаниясы басшылығын "босатуды" тапсырған еді.

Кейін ӘМСҚ басшысы Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" басшысы Берік Шәріп қызметінен кетті.

Коронавирус пандемиясы өршіген тұста Шәріп пен Жұмағұловтың басы дауға қалды. Алдымен дәрі-дәрмек тапшылығы, ПТР талдауының жоқтығы, ауруханадағы ахуалдың қиындау қор жұмысына шағымды көбейтті. Кейін Жұмағұловтың әйелі "күйеуінің өзіне 12 көлік сатып әпергені" жайлы посты да дауды өршітті. Ал сарапшылар "СК-Фармация" елде індет өршігенде дәрі-дәрмек тапшылығын дер кезінде реттей алмады" деп санайды.

  • ӘМСҚ Қазақстан үкіметінің 2016 жылғы 1 шілдедегі қаулысы негізінде құрылып, 2017 жылдан жұмыс істей бастады. Сол кезден бастап Қазақстан азаматтары табысының бір бөлігін қорға аударып, медициналық қызметті сақтандыру қорына төлеген жарнасы есебінен алуы тиіс болды. Бұл қадамды медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін жасағанын айтты. Бірақ халық медициналық қызмет сапасы артпағанын айтады. Жұрт анализ алу, медициналық көмекке жүгіну сияқты қызмет шығындарын ӘМСҚ көтеруі тиіс деп шағынды.
  • "СК-Фармация" компаниясы 2009 жылы ақпанда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жанынан құрылды. Компания Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне қарайды.
  • Қазақстанда қазір коронавирус жұқтырғандар 60 мыңға жуықтады. Елде 30 мыңнан астам адам "симптомы коронавирусқа ұқсас" пневмониямен ауырып жатыр. Коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандар мыңнан асып кетті.
18:30 13.7.2020

Тоқаев елде карантин екі аптаға созылатынын мәлімдеді. Үкімет "мұқтаждарға" 42,5 мың теңге төлемек

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде күні Twitter парақшасында елде карантин тағы екі аптаға созылатынын жазды.

Тоқаевтың сөзінше, үкіметтегі комиссия 14 шілдеде шешім қабылдайды. Бұдан бөлек, билік табыссыз қалғандарға 42500 теңге (шамамен 103 доллар) төлемек.

"Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді" деп жазды президент.

Қазақстанда коронавирус өршіп кеткен тұста билік 5 шілдеде екі аптаға карантин жариялап, қызмет көрсету саласындағы бизнестерді жауып, қалааралық автобус қатынасына тыйым салған. Елде коронавирусқа байланысты 16 наурыз - 11 мамырда төтенше жағдай жарияланған. Жұрт осы уақытта қатаң карантинде отырған. Сол кезде үкімет табыссыз қалған жұртқа екі ай 42500 теңге төлеген.

  • Қазақстанда 13 шілде – пандемия құрбандарын еске алу үшін Ұлттық аза тұту күні.
  • Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, елде 60 мыңға жуық адамнан коронавирус табылды. COVID-19 індетінен 375 адам қайтыс болды. Министрлік коронавирус жұқтырған жүзден астам марқұмды "өлімі басқа дерттен болды" деп ресми есепке қоспай отыр.
  • Елде коронавирус өршіген тұста пневмонияға шалдыққандар да көбейді. Қазір елде 50 мыңнан астам осы дертпен ауырып жатыр. Министрлік олардың 30 мыңнан астамының анализінен коронавирус табылмаған деп отыр. Пневмониядан мыңнан адам қайтыс болды. Қазақстанда пневмониядан көз жұмғандардың нақты статистикасы жарияланбады.
  • ДДСҰ Қазақстандағы пневмонияны COVID-19 індеті болуы мүмкін деген.
14:53 13.7.2020

"Қауіпке қарамай науқастарды емдеді". Ақтөбеде тағы бір дәрігер пневмониядан қайтыс болды

Ақтөбе қалалық №1 емхананың бөлім меңгерушісі Сәния Мұсиева пневмониядан қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа осы емхананың бас дәрігерінің орынбасары Сара Ыбыраева айтты.

- Қала емханалары қашықтан жұмыс істей бастағанда Сәния Қалиханқызында ондай мүмкіндік болған жоқ. Ол кісінің учаскесі жасы егде, жүйкесі бұзылған азаматтардың денсаулығына жауапты. Сондықтан қауіп-қатерге қарамастан науқастарды бұрынғыдай қабылдай берді. Одан қалды жұмыстан бос уақытында жедел жәрдемде кезекшілік етті. Өйткені ол 16 жастағы ұлының жалғыз асыраушысы еді, жесір әйел болатын, - дейді Сара Ыбыраева.

Әріптестерінің айтуынша, Сәния Мұсиева ауруханада жатқан кезде оның ұлы анасының жұмыс орнына күн сайын келіп, "анамды құтқарыңыздаршы" деп жылап жүрген. "Қолымыздан ештеңе келмеді" дейді әріптестері.

13 шілдеге қараған түні Ақтөбе медицина орталығында Сәния Мұсиевадан өзге тағы үш адам пневмониядан қайтыс болған. Орталықтың бас дәрігері Рүстем Исаев карантин жарияланғалы бері өлім-жітім 10-15 пайызға азайғанын айтады.

- Өткен аптада яғни, 6-12 шілде аралығында Ақтөбе медицина орталығында 25 адам қайтыс болды. Яғни,кісі өлімі азайып келеді. Бұған дейін күн сайын кем дегенде 10 пациентті жоғалтатынбыз, - дейді Рүстем Исаев.

Ақтөбеде пневмонияны емдейтін алты пульмонология орталығы бар. Соның бірі Ақтөбе медицина орталығында ғана індет басталғалы жүз шақты адам қайтыс болған. Орталық та 13 шілде күні аза тұтты. Марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

  • Қазақстанда 13 шілде – пандемия құрбандарын еске алу үшін Ұлттық аза тұту күні.
  • Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, елде 60 мыңға жуық адамнан коронавирус табылды. COVID-19 індетінен 375 адам қайтыс болды. Министрлік коронавирус жұқтырған жүзден астам марқұмды "өлімі басқа дерттен болды" деп ресми есепке қоспай отыр.
  • Елде коронавирус өршіген тұста пневмонияға шалдыққандар да көбейді. Қазір елде 50 мыңнан астам осы дертпен ауырып жатыр. Министрлік олардың 30 мыңнан астамының анализінен коронавирус табылмаған деп отыр. Пневмониядан мыңнан адам қайтыс болды. Қазақстанда пневмониядан көз жұмғандардың нақты статистикасы жарияланбады.
  • ДДСҰ Қазақстандағы пневмонияны COVID-19 індеті болуы мүмкін деген.
11:33 13.7.2020

АҚШ билігі елді маска тағуға үндеді, әлемде COVID-19 жұқтырғандар көбейіп жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп медицина орталығында.
АҚШ президенті Дональд Трамп медицина орталығында.

АҚШ-тың бірнеше штатында коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар тағы да көбейіп жатқан шақта билік тұрғындарды көпшілік орында маска тағып жүруге, инфекцияның таралуын тежеуге бағытталған өзге де кеңестерге құлақ түруге үндеді.

Ақ үйдің коронавирус жөніндегі жұмыс тобының мүшесі адмирал Бретт Жируа көпшілік орында маска тағып жүруді «аса маңызды қажеттілік» деп атап, маскасыз елде инфекцияның таралуын тежеу мүмкін емес деп мәлімдеді.

АҚШ-та қазірге дейін 135 мың адамның ажалына себеп болған індет әлі өршіп тұр. Әсіресе елдің оңтүстігі мен батысындагі мамырда карантин шарасын босаңсытқан штаттарда жағдай ушығып кетті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 12 шілдеде әлемде бір күнде тіркелген вирус жұқтыр адам саны 230 мыңнан асып, тағы да рекордтық көрсеткішке жеткенін хабарлады. Бірінші орында АҚШ тұр – 66 мыңнан аса адамнан коронавирус анықталған.

Шығыс Еуропа елдерінде де коронавирус індеті өршіп отыр. Венгрия шекарасында шектеу енгізетіні туралы жариялады. Хорватияда 13 шілдеден бастап дүкенге маскасыз кіруге тыйым салынды. Болгария билігі де карантин шарасын қайта енгізді.

Үндістан, Оңтүстік Африка республикасы, Иран мен Бразилия да қосымша шектеулер енгізіп, тұрғындарды маска тағып жүруге үндеді.

Тағы

XS
SM
MD
LG