Қазақстанда коронавирус құрбандарын еске алып, індет кезінде көз жұмған екі дәрігерге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді
Қазақстанда 13 шілде күні астана уақытымен сағат 12:00-де коронавирус пандемиясынан қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Елде 13 наурыздан бері, ресми мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар 59 899 адамға жетті. Вирус кеселінен 375 адам қайтыс болды, олардың 111-і кейінгі бір аптада көз жұмды. Коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар арасында дәрігерлер бар.
13 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне қарсы күрес кезінде қайтыс болған екі дәрігерді "Қазақстанның Еңбек Ері" атағымен марапаттау туралы қаулы шығарды.
Жоғары мемлекеттік награда Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының бөлім меңгерушісі Олег Исаев пен Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозбағаровқа берілді. "Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылсын" деп жазылған қаулыда.
Тоқаев бұл қаулыға елде коронавирус құрбандарын Ұлттық аза тұту күні деп жарияланған 13 шілдеде қол қойған. Сол күні астана уақытымен сағат 12:00-де Қазақстанда коронавирус пандемиясынан қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қалихан Қозыбағаров өткен аптада 60 жасында бақилық болды. Ресми ақпаратта дәрігердің пневмониядан қайтыс болғаны, тексеру қорытындысы коронавирус анықталмағаны айтылды.
13 шілдеде Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы жаңа COVID-19 коронавирусы өршіп отырған елдердің билігін денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін қажетті қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге үндеді.
Қазақстанда 13 наурыздан бері, ресми мәлімет бойынша, 60 мыңға жуық адамға коронавирус жұққан. Вирус кеселінен 375 адам қайтыс болды, олардың 111-і кейінгі бір аптада көз жұмды. Коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар арасында дәрігерлер бар.
13 шілде күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі "коронавирус инфекциясынан қайтыс болған дәрігерлер" тізімін жариялады. Тізімде 28 адамның аты-жөні берілген. Бірақ біраз уақыттан кейін министрлік бұл тізімді сайттан алып тастады.
Сонымен бірге Қазақстанда биыл пневмония әдеттен тыс өршіп кетті. Науқастардың көбінен COVID-19 симптомдары байқалғанымен тексеру қорытындысы коронавирус анықталмады деп көрсетеді. 1-8 шілде аралығында елде 39 мыңнан астам адамға пневмония диагнозы қойылды. Ал бірінші жарты жылда осындай диагнозбен жиынтығы 98546 науқас тіркелген.
Денсаулық сақтау министрілігі таяудан бері мұндай пневмонияны "коронавирус инфекциясы болуы ықтимал" деп жіктейтін болған, бірақ ондай науқастарды коронавирус жұқтырғандардың жалпы тізіміне қоспай отыр. Сонымен бірге пневмониядан көз жұмғандарды коронавирустан өлгендердің статистикасына да енгізбейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл пневмония коронавирус инфекциясының бір түрі, диагноз қойғанда кеткен қате болуы мүмкін деп санайды. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы жартысында пневмониядан барлығы 1772 адам қайтыс болған, оның 628-і – бір ғана маусым айында көз жұмған.
Amnesty International: Ондаған елде билік дәрігерлерді қорғаныш құралымен қамтамасыз етпей отыр
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы жаңа COVID-19 коронавирусы өршіп отырған елдердің билігін денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін қажетті қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге үндеді. Ұйым 13 шілде күні жариялаған мәлімдемесінде өзі зерттеу жүргізген 63 мемлекет пен аймақтардың түгелге дерлігінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне қорғаныш құралдары жетіспей жатқанын айтқан.
Amnesty International ұйымы өз есебіндегі медицина мен адам өмірін қамтамасыз ететін өзге де маңызды салаларда еңбек етіп жүрген адамдардың басындағы қиындыққа байланысты алаңдап отырғанын мәлімдеген. Ұйым есебінде үкіметтің ол адамдарды тиісті деңгейде қорғауға дәрменсіз болып отыр деп жазған. Құжатта қорғаныш құралдарының жетіспеуі, сауда шектеулері коронавирус індеті кезінде жағдайды одан сайын қиындатып отырғаны, кей кездері дәрігерлердің қажет құралдарды өз ақшасына сатып алуға мәжбүр болғаны айтылған.
Ұйымның есебі бойынша, 79 елде COVID-19 коронавирусынан үш мыңнан астам медицина қызметкері қайтыс болған. Дәрігерлер көп өлген елдер арасында Ресей (545), Ұлыбритания (540), АҚШ (507) пен Бразилия (351) бар. Штаб пәтері Лондонда орналасқан құқық қорғаушы ұйым үкімет қорған бола алмаған қызметкерлердің өліміне жауапты болуы тиіс деп мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев коронавирустан көз жұмғандардың отбасына көңіл айтты
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Назарбаевтың баспасөз қызметі хабарлады.
Экс-президент "Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келгенін, қауіпті індет бүкіл елге тарап, адам шығыны болғанын" айтқан.
"Алапат дерт адамдарымыздың өмірін қиып жатыр. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырады. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның – әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр. Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын" деген Назарбаев.
Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 13 шілде – коронавирус инфекциясынан қайтыс болған азаматтарды Ұлттық аза тұту күні болып жарияланған.
Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 13 шілде – коронавирус инфекциясынан қайтыс болған азаматтарды Ұлттық аза тұту күні болып жарияланған.
Ресми мәлімет бойынша, кейінгі төрт айда Қазақстнда коронавирус жұқтырғандар 59 899 адамға жетті. Вирус кеселінен 375 адам қайтыс болды, олардың 111-і кейінгі бір аптада дүние салды. Бұған қоса коронавирус жұқтырғаны анықталған, бірақ ресми билік "өліміне басқа ауру себеп болған" деп коронавирустан қайтыс болғандар статистикасына қоспаған тағы 101 адам көз жұмған. Сонымен бірге Қазақстанда әдеттен тыс өршіген пневмониядан жүздеген адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі оларды да коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне қоспай отыр. Кейбір мамандар мен сарапшылар бұл пневмония коронавирус инфекциясының салдары деп санайды.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, былтыр наурызда орнына көп жылғы серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік биліктің бір тармағына әлі де ықпал етіп отыр. Өзі президент болған кезде қабылданған заңдар "Елбасы" деген ерекше статусы бар Назарбаевты жауапқа тартуға тыйым салады. Назарбаевты сынайтындар ол билікте отырған кезде елде адам құқықтары мен бостандықтары өрескел бұзылып, бірде бір сайлау әділетті өтпегенін, жемқорлық тереңге тамыр жайып, мемлекеттің қазба байлығының игілігі халық емес, жоғары билікке жақын ат төбеліндей топ көріп отырғанын айтады.
Бұл сынмен келіспейтін Назарбаев өзі билікте болған кезеңде Қазақстанның "экономикасы дамыған, халқының әл-ауқаты артқан" елге айналғанын айтады.
Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан өлім-жітім күрт көбейіп, ауруханаларда орын мен дәрі-дәрмек жетіспей жатқан кезде қоғамда кейінгі отыз жылда елдегі өзге салалармен бірге денсаулық сақтау саласына да дұрыс көңіл бөлмеді деп Назарбаевтың атына сын айтылды. Ал Астана күні деп белгіленген мерекемен дөп келетін Назарбаевтың туған күні (ол биыл 80 жасқа толды) - 6 шілдеде экс-президенттің есімі берілген ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында биліктің отшашу ұйымдастыруы көпшіліктің наразылығын туғызды.
Қазақстанда тағы 1,6 мыңнан астам адамнан COVID-19 анықталды
Өткен тәулікте, 12 шілде күні Қазақстанда COVID-19 инфекциясы 1646 адамнан анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ресми ақпаратта вирус жұқтырған 957 адамда аурудың клиникалық белгілері байқалмағаны айтылған.
Коронавирус жұқтырғандардың көбі Атырау облысы (266) мен Алматы қаласында (231) анықталған. Өзге аймақтарда COVID-19 анықталған адам саны:
- Қарағанды облысы - 176;
- Нұр-Сұлтан қаласы - 123;
- Маңғыстау облысы - 107;
- Шығыс Қазақстан облысы - 100;
- Батыс Қазақстан облысы - 99;
- Шымкент қаласы - 81;
- Павлодар облысы - 77;
- Жамбыл облысы - 71;
- Солтүстік Қазақстан облысы - 70;
- Ақтөбе облысы - 63;
- Қызылорда облысы - 54;
- Қостанай облысы - 49;
- Ақмола облысы - 35;
- Алматы облысы - 34;
- Түркістан облысы - 10.
Қазақстанда 13 наурыздан бері, ресми мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар 59 899 адамға жетті. Вирус кеселінен 375 адам қайтыс болды, олардың 111-і кейінгі бір аптада көз жұмды. Бұған қоса коронавирус жұқтырғаны анықталған, бірақ ресми билік "өліміне басқа ауру себеп болған" деп коронавирустан қайтыс болғандар статистикасына қоспаған тағы 101 адам көз жұмған.
Сонымен бірге Қазақстанда әдеттен тыс өршіген пневмониядан жүздеген адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі оларды да коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне қоспай отыр. Кейбір мамандар мен сарапшылар бұл пневмония коронавирус инфекциясының салдары деп санайды.