Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

02:40 13.7.2020

13 шілде – Қазақстанда ұлттық аза тұту күні

Дүйсенбі, 13 шілде – Қазақстанда пандемия құрбандарын еске алу үшін Ұлттық Аза тұту күні.

Елде тулар төмен түсіріліп, телеарналарда көңіл көтеретін бағдарламалардың барлығы тоқтатылды. Дүйсенбі Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 12.00-де індеттен қайтыс болғандарды еске алу үшін бүкіл елде бір минуттық үнсіздік жарияланады.

Елдегі мешіттер мен шіркеулерде құрбандар рухына бағышталып, діни жоралғылар жасалады.

Ресми дерекке сай, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 58 мыңнан асты. Денсаулық сақтау министрлігі 375 адам COVID-19 дертінен қайтыс болғанын айтады. Ресми статистикаға коронавирус жұқтырған жүзден астам марқұм енбеген. Министрлік олардың өліміне басқа дерт себеп болды деп, тізімге қоспай отыр.

Елде пневмонияда өршіп тұр. 2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Бұл былтырғы осы мерзімдегі көрсеткіштен 55,4 пайызға артық. 2019 жылдың бірінші жартысында пневмонияға 63 436 адам шалдыққан.

Егер қаңтар мен маусым аралығындағы алты айда пневмониямен 98 мың адам ауырса, шілденің бірінші аптасының өзінде (1-8 шілде) 56 809 пневмонияға шалдыққан. Оның ішіндегі 39 702 науқастың ПТР анализінен коронавирус табылмаған, бірақ ауру белгілері коронавирусқа ұқсас. Елде маусымнан бері пневмониядан мыңнан астам адам қайтыс болды.

Қазақстанда бұған дейін сегіз рет қаралы күн жарияланған.

00:06 13.7.2020

Денсаулық министрлігі: Қазақстанда 7-12 шілде аралығында коронавирустан 111 адам көз жұмды

Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 29 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 29 мамыр 2020 жыл.

Қазақстанда 7-12 шілде аралығында коронавирус індетінен 111 адам қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Алматы қаласында 32 жастағы, Ақтөбе облысында 33 жастағы әйел көз жұмған.

Апта ішінде COVID-19 ауруынан Қарағанды облысында 37 адам, Алматы қаласында 24 адам және Нұр-Сұлтан қаласында 18 адам өлген. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында бес адамнан; Қызылорда және Маңғыстау облыстарында төрт адамнан; Ақмола және Павлодар облыстарында бір адамнан қайтыс болған. Түркістан облысында коронавирустан жеті адам қаза тапқан.

Алматы, Қостанай, Атырау, Жамбыл, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында COVID-19 өлімі тіркелмеген.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус індетінен барлығы 375 адам дүниеден өтті.

Коронавирустан көз жұмғандар статистикасына өліміне "өзге аурулар" себеп болған, ал анализ қорытындысы коронавирус жұқтырғанын анықтаған кемінде 101 адам енгізілмеген.

Қазақстанда жаз басталғалы COVID-19 індеті өршіп, белгілері коронавирустікіне ұқсайтын ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайлары күрт артқан. Дәрігерлер қазір пневмонияның ушығатын уақыты емес, ауруды коронавирус инфекциясы қоздырып жатыр дейді. Денсаулық сақтау министрлігі министрлігі жақында пневмонияны ресми түрде “ықтимал коронавирустық инфекция” деп жіктеуге көшті. Алайда COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР талдауы теріс нәтиже көрсеткен пневмония жағдайлары коронавирус статистикасына әлі де кірмей отыр.

2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 55,4 пайызға артық. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында пневмонияға 63 436 адам шалдыққан.

Егер қаңтар мен маусым аралығындағы алты айда пневмониямен 98 мың адам ауырса, шілденің бірінші аптасының өзінде (1-8 шілде) 56 809 ауырған. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған.

Билік шілде пневмониядан қайтыс болғандарды жүйелі түрде хабарлап отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі маусым айында пневмониядан 628 адамның, 29 маусым мен 7 шілде аралығында 453 адамның қайтыс болғанын хабарлады.

Үкімет мәліметінше, Қазақстанда барлығы 58 253 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Індет өршіген тұста, Қазақстан билігі 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин шектеулерін енгізді. Бүгін, 13 шілде Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандарды аза тұту күні.

14:17 12.7.2020

“Айналасы кландық мүддеге толы” деген “СК-Фармацияға” жаңа басшы келді

Ерхат Есқалиев.
Ерхат Есқалиев.

Қазақстан медициналық ұйымдарына дәрі-дәрмекті жеткізуге жауапты дистрибьютер “СК-Фармация” компаниясына басшы болып Ерхат Есқалиев тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 44 жасқа шыққан Есқалиев осыған дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Көлік логистикасы ішкі комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

Есқалиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 шілдедегі үкімет отырысында сынына ұшырап, қызметінен айырылған Берік Шәріптің орнына келді.

“ҚазТАГ” агенттігінің жазуынша, 10 шілдедегі үкімет отырысында Тоқаев денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қарата “Кейінгі 15 жылда осы ұйым туралы естіп жүрмін. Бәрі сонда жұмыс істегісі келеді, бұл ұйымның айналасында қандай да бір кландық мүдделер бар” деп, артынан жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа “ұйымды жемқорлық қатері бойынша тексеру керек” деді. Тоқаев сондай-ақ компаниясын жұмыстан шығаруды бұйырып, қажет болса оның үстінен қылмыстық іс қозғау қажетін айтты.

Қазақстанда жаз айларында COVID-19 індеті мен белгілері коронавирустікіне ұқсайтын пневмония өршіп, ауруханалар лық толып, өзін өзі емдеуге мәжбүр болған адамдар жаппай дәріханаларға лап берді. Көп ұзамай дәріханаларда “парацетамол” секілді дене қызуын түсіретін қарапайым дәрілердің өзі тапшы болып қалды. Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларды қамтамасыз еттік дегенмен, дәріхана алдындағы ұзын-сонар кезек бірнеше аптаға жалғасты. Өзіне не туысына дәрі іздеген жұрт қала кезіп, ондаған дәріхана аралап, іздегенін толық таба алмай жүргенін айтып шағынды. Осы ретте дәріні қамтамасыз етуге жауапты “СК-Фармацияға” шағым көбейді.

10 шілде күні үкімет отырысында Тоқаев сауалына жауап берген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой компанияның отандық дәрі өндірушілерді қолдап отырғанын, соның арқасында елдегі фармацевтика өндірісінің үлесі жыл сайын 22 пайызға артып отырғанын айтқан.

5 шілде күні орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте дәрі тапшылығының себебін түсіндірмек болған Қазақстан вице-премьері Ералы Тоғжанов Қазақстан дәрінің 13 пайызын ғана өндіреді, қалғаны импортталады деді.

“СК-Фармация” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2009 жылы ақпана мемлекеттің “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры жанынан құрылды. Компания Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің меншігінде.

14:16 12.7.2020

Дауға қалған медсақтандыру қорына жаңа басшы тағайындалды

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жаңа тағайындалған басшысы Болат Төкежанов.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жаңа тағайындалған басшысы Болат Төкежанов.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына" (ӘМСҚ) жаңа басшы тағайындалды. Қор жетекшісінің аты-жөні – Болат Төкежанов. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

"Болат Тұрғанұлы денсаулық сақтау жүйесінде тәжірибесі мол, саладағы ең маңызды реформаларды жүзеге асыруға тікелей қатысқан, барлық проблеманы іштен жақсы біледі. Қазір еліміздің денсаулық сақтау саласы қиын кезеңді бастан өткізіп отыр, бұл ретте коронавирусқа қарсы күрес шараларының шығынын өтеуде сақтандыру қорының рөлі өте маңызды", – деп келтірді денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзін министрлік баспасөз қызметі.

Жергілікті басылымдардың жазуынша, 48 жасқа шыққан Болат Төкежанов – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын “экономист” мамандығы бойынша (1994 жыл), Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын “мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы бойынша (магистратура, 2010 жыл) тәмамдаған. Қор жетекшісі болып тағайындалғанға дейін денсаулық сақтау министрлігінде жауапты хатшы, вице-министр қызметтерін атқарған.

Коронавирус пандемиясы өршіген тұста ӘМСҚ бұрынғы басшысы Айбатыр Жұмағұловтың басы дауға қалды. Алдымен дәрі-дәрмек тапшылығы, ПТР талдауының жоқтығы, ауруханадағы ахуалдың қиындау қор жұмысына шағымды көбейтті, одан кейін тәуелсіз зерттеуші Гүлбану Әбенова мемлекеттік сатып алулар дерегі негізінде қордың салық төлеушілердің ақшасын үлкен көлемде ысырап қылғанын әшкереледі.

Жұма 10 шілдедегі үкімет отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “ӘМСҚ және “СК-Фармация” жетекшілерін жұмыстан шығарып, қажет болса тергеу жүргізу” қажетін айтты. Сол күні денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Айбатыр Жұмағұлов қызметінен айырылды.

ӘМСҚ Қазақстан үкіметінің 2016 жылғы 1 шілдедегі қаулысы негізінде құрылып, 2017 жылдан жұмыс істей бастады. Сол кезден бастап Қазақстан азаматтары табысының бір бөлігін қорға аударып, медициналық қызметті сақтандыру қорына төлеген жарнасы есебінен алуы тиіс болды. Бұл бұл қадамды медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін жасағанын айтты. Бірақ тұрғындардың пікірінше, медициналық қызмет сапасы артпаған. Қордың сынға ұшырауы коронавирус пандемиясы өршіген тұста күшейді. Тұрғындар ПТР талдауы секілді медициналық қызмет шығындарын ӘМСҚ көтеруі тиіс деп шағынды.

Тағы

XS
SM
MD
LG