Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

08:42 12.7.2020

Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар 1,8 мың адамға артты

Қорғаныс киімін киген медицина қызметкері COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығында. Алматы, Қазақстан, 8 шілде 2020 шілде.
Қорғаныс киімін киген медицина қызметкері COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығында. Алматы, Қазақстан, 8 шілде 2020 шілде.

11 шілде күні Қазақстанда 1798 адамнан коронавирус инфекциясы (КВИ) анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Өңірлер бойынша, Атырау облысында 269 адамға, Алматы қаласында 242 адамға және Шығыс Қазақстан облысында 211 адамға КВИ жұққаны расталған.

Кейінгі аптада Атырау облысында COVID-19 ауруына шалдыққандар күн сайын 200-300 адамға артып, санаулы күндер бұрын облыс республика бойынша жекедара көш бастады. Теңіз және Қашаған секілді ірі мұнай кен орындары облыста ресми дерек бойынша барлығы 7662 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. 12 шілдеге қараған түні Қазақстан президенті Twitter парақшасында “Атырау облысындағы ахуал туралы қоғам өкілдерінің шағымдарымен” танысқанын, облысқа вице-премьер бастаған комиссия барғанын мәлімдеді. Тоқаев сондай-ақ үкіметтің Атырау облысына медицина мамандары мен дәрі-дәрмек жеткізетінін айтты. 10 шілдедегі үкімет отырысында Тоқаев Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовке “соңғы сөгіс” жариялады.

Кейінгі күндері COVID-19 індетінің тарауы Шығыс Қазақстан облысында күшейіп барады. Тәулік ішінде өңірдегі коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 211 артып, барлығы 2911 адамға жетті. Республика бойынша өсім 3 пайыз болса, ШҚО-дағы өсім 8 пайыз шамасында.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 58253 адамға жетті. Оның ішінде 33 814 адам жазылып шыққан.

Өңірлер бойынша жағдай мынадай:

Атырау облысында - 7662 (+269 адам жаңадан қосылды),
Алматы қаласында - 7360 (+242),
Нұр-Сұлтан қаласында -6565 (+88),
Қарағанды облысында - 6068 (+158),
Шымкент қаласында - 3986 (+137),
Батыс Қазақстан облысында - 3891 (+97),
Алматы облысында - 3096 (+48),
Шығыс Қазақстан облысында - 2912 (+211),
Түркістан облысында - 2220 (+56),
Жамбыл облысында - 2118 (+79),
Ақтөбе облысында - 2115 (+40),
Маңғыстау облысында - 1942 (+72),
Қызылорда облысында -1730 (+91),
Павлодар облысында - 1726 (+51),
Ақмола облысында - 1653 (+38),
Солтүстік Қазақстан облысында - 1653 (+65),
Қостанай облысында - 1556 (+56).

Қазақстанда жаз басталғалы COVID-19 індеті өршіп, белгілері коронавирустікіне ұқсайтын ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайлары күрт артқан. Дәрігерлер қазір пневмонияның ушығатын уақыты емес, ауруды коронавирус инфекциясы қоздырып жатыр дейді. Денсаулық сақтау министрлігі министрлігі жақында пневмонияны ресми түрде “ықтимал коронавирустық инфекция” деп жіктеуге көшті. Алайда COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР талдауы теріс нәтиже көрсеткен пневмония жағдайлары коронавирус статистикасына әлі де кірмей отыр.

10 шілдедегі үкімет отырысында Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1-8 шілде аралығында елде 56 809 пневмония жағдайы тіркелгенін, оның 39 702 жағдайында коронавирус белгілері байқалғанын бірақ ПТР нәтижесі теріс шыққанын айтты. Ресми дерек бойынша, тек маусымның өзінде пневмониядан 628 адам көз жұмған.

Цойдың сөзінше, расталған COVID-19 өлімі тізімінде 313 адам бар.

13:22 11.7.2020

ДДСҰ COVID-19 жұқтырудың тәулік көрсеткіші бойынша рекорд орнағанын хабарлады

Массачусетстегі COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын орын. АҚШ, 2 шілде 2020 жыл.
Массачусетстегі COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын орын. АҚШ, 2 шілде 2020 жыл.

10 шілде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік өсімі бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелгенін мәлімдеді. Коронавирус инфекциясын (КВИ) жұқтырғандардың басым бөлігі Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің, Үндістанның және Оңтүстік Африка Республикасының үлесінде.

Кейінгі тәулікте әлем бойынша 228 102 адамнан КВИ анықталған. Әлемде барлығы 12,4 адамның КВИ жұқтырғаны расталған. Кейінгі алты аптада COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны екі есе өскен. Қайтыс болғандар 560 мың адамнан асты.

ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Италия, Испания және Оңтүстік Корея сияқты елдердің мысалдары агрессивті шаралар індеттің тарауын шектеуде тиімді екенін көрсетті деді.

АҚШ-тың оңтүстігі мен батысында індет үлкен қарқынмен тарап отыр. Елде апта бойы күн сайын 60 мыңдай адамның КВИ жұқтырғаны анықталып жатыр. Жергілікті билік тұрғындардан жабық есік жағдайындағы қоғамдық орындарда және көп адам жиналатын ашық есік жағдайындағы орындарда маска тағуды талап етті. АҚШ үкіметі сүйеніп отырған Вашингтон университетінің болжамынша, қоғамдық орында әмбебап маска тағып жүру вирустың тарауын 80 пайызға, өлім деңгейін 60 пайызға азайтуы мүмкін.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, Қазақстан КВИ жұқтырғандар бойынша әлем елдері арасында 31-орында. Қазақстан билігінің ресми дерегіне сәйкес, елде 56 455 адамның КВИ жұқтырғаны расталған. Денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғандар саны бұдан көп болуы мүмкін екенін мойындады. Кейінгі күндері көптеген қазақстандық коронавирустың бар-жоғын анықтайтын талдауды жасата алмай отырғанына (жекеменшік зертханалар анализ алуды тоқтатты), ауруханада орын жетпей науқастарды қабылдамай жатқанына, дәріханалардағы дәрі тапшылығына шағынды.

11:00 11.7.2020

Ақтөбеде облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері пневмониядан қайтыс болды

Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров.
Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров.

10 шілде күні Ақтөбедегі облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров 60 жасқа шыққан шағында пневмониядан көз жұмды. Бұл туралы Азаттыққа облыстың денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Басқарманың сөзінше, Қозыбағаров ауруханаға 2013 жылдан бері жетекшілік еткен. Қайтыс боларының алдында дәрігердің екі өкпесі қабынған. Науқастан коронавирус инфекциясы анықталмаған.

– Алдыңғы шепте жүрген таңдаулы мамандарымыздың бірі еді, қазасы жанымызға қатты батып отыр. Әріптесіміз күнбе-күн барлық палатаны аралап, әр науқастың хәлін сұрайтын. Індет басталғалы үй көрмей, демалыссыз еңбек етті – деді Азаттыққа Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.

Есенаманова сондай-ақ тағы бір әріптесінің ауыр хәлде жатқанын айтты, бірақ дәрігердің аты-жөнін атамады.

Қалихан Қозыбағаров инфекциялық ауруханаға жетекшілік еткенге дейін отыз жыл бойы Хромтау аудандық ауруханасында дәрігер, бас дәрігер болып еңбек еткен.

Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Әсет Қалиев Азаттыққа коронавирус пандемиясы басталғалы Ақтөбе облысында медицина саласының 100 қызметкерінен коронавирус анықталғанын, оның 55-і дәрігер екенін айтты. Сонымен қатар 77 медицина қызметкері пневмонияға шалдыққан. Оның бесеуі қайтыс болған.

Ресми дерекке сәйкес, коронавирус инфекциясы облыста барлығы 2075 адамнан анықталған. Алайда облыста ауру белгілері коронавирустікіне ұқсайтын пневмония жағдайлары күрт артқан.

8 шілдедегі брифингті облыс әкімінің кеңесшісі Әсет Қалиев облыста пневмонияға шалдыққандар 2649 адамға жеткенін, тек 7 шілденің өзінде ауруханаға осы дертпен 98 адам түскенін айтқан.

Кеңесші пневмонияға шалдыққанда арасында қанша адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын айтпады. Бірақ пневмонияға шалдығу жағдайларын “COVID-19 емес деп айта алмаймыз” деді.

Әкімдік алдыңғы аптада пневмониядан 66 адам қайтыс болды деп айтқан болатын.

Пневмонияға шалдығып, салдарынан қайтыс болған дәрігерлер өзге облыстарда да бар. Кеше пневмониядан Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 56 жастағы Қайрат Баймұхамбетовтың қайтыс болғаны хабарланды.

10:56 11.7.2020

Цой: Қазақстанда бір аптада белгілері коронавирустікіне ұқсайтын 39 мың пневмония жағдайы тіркелді

COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығында кезекте тұрған адамдар. Алматы, Қазақстан, 8 шілде 2020 жыл.
COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығында кезекте тұрған адамдар. Алматы, Қазақстан, 8 шілде 2020 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 10 шілдедегі үкімет отырысында 1-8 шілде аралығындағы аптада елде ауру белгілері коронавирустікіне ұқсайтын бірақ “нақтыланбаған” 39 702 мың пневмония жағдайы тіркелді деді. Шенеунік бұл осы ауруға шалдыққан науқастардың жартысында ПТР нәтижесі теріс шықты деп мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, биылғы маусымда пневмониядан қайтыс болғандар саны былтырғы көрсеткіштен 2,3 есе өсіп 628-ге жетті. Былтырғы маусымда бұл аурудан 274 адам көз жұмған болатын. Сонымен қатар 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар 55,4 пайызға артып, 98 546-ға жеткен. Былтыр дәл осы мерзімде 63 436 жағдай тіркелген.

Цой елде коронавирустан ресми 313 адам қайтыс болғанын айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі тек жақын арада ғана ауру белгілері коронавирустікіне ұқсайтын ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайларын “коронавирус инфекциясы жұқтыру болуы мүмкін” деп жіктей бастады. COVID-19 ресми статистикасына бұл мәліметтер қосылып жатқан жоқ. Сондай-ақ кей жағдайда ресми COVID-19 өліміне коронавирус жұқтырып қайтыс болғандар да кірмей жатыр. Арнайы комиссия қайтыс болғандардан коронавирус анықталса да, өлімнің себебі өзге ауру деп анықтап жатыр. Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі маусымның соңынан бастап COVID-19 өлімін аптасына бір рет хабарлауға көшті.

Кейбір эксперттер бұл әдісті сынға алды. Олардың айтуынша, билік осы арқылы эпидемияның ауқымын жасырғысы келеді.

Қазақстанда “коронавирустік емес” пневмония тарап жатыр деген хабар тараған соң, Қытай елшілігі 9 шілде күні өз азаматтарына Қазақстанда “COVID-19 ауруынан да қауіпті” респираторлық ауру бар деп мәлімдеп, сақ жүруге шақырды. Бұл мәлімдеме халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, денсаулық сақтау министрлігі ақпаратты жоққа шығаруға мәжбүр болды. Министрлік “кей бұқаралық ақпарат құралдарындағы” хабарламаны “шындыққа сай емес” деді, бірақ Қытай елшілігі туралы сөз айтпады.

Ресми түрде Қазақстанда коронавирус инфекциясын 54 747 адам жұқтырған. COVID-19 өлімі рет соңғы рет 7 шілде күні хабарланған еді. Ол кезде көз жұмғандар 264 адамға жеткені айтылған. Цойдың кешегі үкімет отырысындағы сөзінен 8 шілдеден бері кемі 49 адамның көз жұмғаны белгілі болды. Цой сондай-ақ 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмониядан 1772 адамның, тек маусымда 628 адамның қайтыс болғанын айтты. Бірақ олардың арасында “коронавирус” жұқтырғаны қанша екенін министр нақтыламады.

Тағы

XS
SM
MD
LG