Қазақстанда КВИ жұқтырғандар бір күнде 1708 адамға артып, 56 мыңнан асты
10 шілде күні Қазақстанда 1708 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Тәулік көрсеткіші бойынша көш басында Атырау облысы (243), Алматы қаласы (223) және Шығыс Қазақстан облысы (154).
Осы аптада вирус жұқтырғандар бойынша бірінші орынға шыққан Атырау облысында осымен 7393 жағдай тіркеліп отыр. Ең ірі екі кен орны Теңіз және Қашаған орналасқан мұнайлы өлкеде дәрігерлер жетіспейді. Билік Ресеймен келіссөз жүргізіп, көрші елдің дәрігерлерін алдырту амалдарын жүргізіп жатыр деп хабарлады үкімет сайты. COVID-19 індетінің ушығуына байланысты Атырау мен Ақтөбе, Алматы және Ақтау қалалары арасындағы темір жолы байланысы тоқтатылған. 10 шілдедегі үкімет отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовке сөгіс жариялады.
Қазақстанда ресми дерек бойынша барлығы 56 455 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.
Аймақтар бойынша жағдай мынадай:
Атырау облысында - 7393 (+243 жаңадан қосылған),
Алматы қаласында - 7118(+223),
Нұр-Сұлтан қаласында -6477(+120),
Қарағанды облысында - 5910 (+120),
Шымкент қаласында - 3849(+80),
Батыс Қазақстан облысында - 3794 (+95),
Алматы облысында - 3048 (+109),
Шығыс Қазақстан облысында - 2701 (+154),
Түркістан облысында - 2164 (+58),
Ақтөбе облысында - 2075 (+87),
Жамбыл облысында - 2039 (+68),
Маңғыстау облысында - 1870 (+76),
Павлодар облысында - 1675 (+59),
Қызылорда облысында -1639 (+61),
Ақмола облысында - 1615 (+34),
Солтүстік Қазақстан облысында - 1588 (+56),
Қостанай облысында - 1500 (+65).
Коронавирустен жазылып шыққандар 685 адамға артып, 32 500-ге жетті.
Бұл ПТР талдауымен нақтыланған жағдай. Сонымен қатар Қазақстан пневмония індеті өршіп тұр. 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар 55,4 пайызға артып, 98 546-ға жеткен. Былтыр дәл осы мерзімде 63 436 жағдай тіркелген. Кеше 10 шілде күні үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тек 1-8 шілде аралығындағы аптада 56 809 адамның пневмонияға шалдыққанын айтты. Министрдің сөзінше, оның 39 702 жағдайында ауру белгілері коронавирустікіне ұқсайды.
COVID-19 індеті өршіген тұста билік 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин шектеулерін жариялап, бірқатар сауда және қызмет көрсету мекемелерін жапты, өңіраралық көлік қатынасын шектеді. Билік ахуал тұрақтамаса, карантин одан әрі созылуы мүмкін екенін ескертті.
Жұрт қарсы шыққан соң Белградта коменданттық сағат енгізбейтін болды
Тұрғындардың жаппай наразылық танытуы Сербия үкіметін коронавирус инфекциясына байланысты ел астанасында осы аптаның демалыс күндері коменданттық сағат енгізу жоспарынан бас тартуға мәжбүр етті.
Шектеу шарасына байланысты Белградта демалыс күндері он адамнан артық жиналуға тыйым салынған. Мейрамхана, дүкен және өзге қоғамдық орындар сағат 21-де жұмысын аяқтайды. Саябақтар мен өзге де ашық жерлер сағат 23-ке дейін жұмыс істейді. Үкімет жетекшісі Ана Брнабич коменданттық сағат індетке қарсы ең тиімді шара болар еді, бірақ билік аралық амалды қош көрді деп мәлімдеді.
Президент Александр Вучичтің партиясы жеңіске жеткен 21 маусымдағы парламент сайлауынан кейін билік елдегі эпидемиологиялық ахуал тағы да нашарлап кеткен соң мамыр айында аяқталған карантин шарасын қайта енгізе бастады.
7 шілдеде коронавирус салдарынан 13 адам қайтыс болған, бұл елде індет басталғалы бір күнде тіркелген ең көп көрсеткіш. Сол күні Александр Вучич Белградта коменданттық сағат енгізілетіні, бес адамнан артық жиналуға тыйым салынатыны туралы мәлімдеген. Биліктің бұл шешіміне тұрғындар жаппай наразы болды. 9 шілдеге қараған түні Белград пен өзге қалаларда жүздеген адам карантинді күшейтуге қарсылық білдіріп, шеруге шықты. Митингілердің соңы тәртіпсіздіктерге ұласты. Полиция 150-ден астам адамды ұстады. Жұма, 10 шілдеге қараған түні наразылық қайта жалғасты, бірақ бұл жолы бейбіт өтті.
Кейінгі мәлімет бойынша, пандемия басталғалы бері Сербияда 17 мыңнан астам адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. 352 адам қайтыс болды. 13,5 мыңнан астам адам жазылды.
Алматы облысы әкімінің орынбасары пневмониядан қайтыс болды
Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров пневмониядан қайтыс болды. "Бүгін екіжақты өкпе қабынуынан Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров мезгілсіз қайтыс болды", – деп хабарлады 10 шілде күні облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел. Хабарларға қарағанда, Бескемпіров биыл тамызда өтетін сенат сайлауына түспекші болған.
Осыдан бірнеше сағат бұрын, Алматы облысының бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің пневмониядан қайтыс болғаны туралы хабар тараған.
Өткен айда коронавирус жұқтырғаны анықталған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың "тынысы тарылып, жүрегі сыр берген соң" астанадағы ауруханаға жеткізілгенін осы аптада облыс әкімдігі өкілдері хабарлаған.
Қазақстанда кейінгі апталарда коронавирустың өршуімен қоса пневмониямен ауырғандар күрт артып кетті. Билік клиникалық хаттамаға "коронавирус инфекциясы болуы ықтимал" деген ұғымды, ал пневмонияға шалдыққандарға да коронавирус жұқтырғандарды емдеу әдісін қолдануды енгізді. Бірақ билік COVID-19 жұқтырғандар статистикасына тек ПТР тестілеу қорытындысында коронавирус жұқтырғаны анықталған деп көрсетілген науқастарды ғана қосады.
Денсаулық сақтау министрлігінің 8 шілде күнгі дерегінше, елдегі стационарларда пневмониямен ауырған 40 мыңға жуық адам түскен, шамамен 10 мыңға жуығынан коронавирус анықталған.
9 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі 29 маусым – 5 шілде аралығында Қазақстанда пневмониядан 415 адамның көз жұмғанын хабарлады. 3 шілдеде Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова биылғы жылдың алғашқы жартысында елде пневмониядан 1772 адам, оның 628-і бір ғана маусым айында қайтыс болды деп мәлімдеген.
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан қайтыс болғандардың ресми статистикасына өзге дерттен, соның ішінде пневмониядан көз жұмғандарды қоспай отыр. Министрлік 6 шілде күні елдегі COVID-19 коронавирусынан қайтыс болғандар статистикасын жаңартқан кезде тізімде 264 адам болған. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 54747 адамға жеткен. 31,8 мың адам жазылған.
Тоқаев үкіметке карантин біткенше "жағдайды түзеуге" мұрсат берді
Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты екі аптаға енгізілген карантин жағдайды түземесе, үкімет отставкаға кетуі мүмкін. Бұл туралы жұма, 10 шілде күні үкіметтің кеңестілген отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
"Екі аптадан (карантин біткеннен) кейін жағдай жақсарады деп үміттенемін. Егер олай болмаса, үкіметтің қазіргі құрамының жұмысына байланысты мәселе туындайды", - деп мәлімдеді Тоқаев.
Үкіметтің бұл отырысы телеарналардан көрсетілмеді. Ақпаратты президенттің баспасөз қызметі Twitter-дегі парақшасынан таратып отыр.
Тоқаев үкіметке бес күннің ішінде коронавирус пандемиясымен күресте шұғыл шешім қабылдау жөніндегі алгоритмді әзірлеуді тапсырды.
"Мұндай шешімдер бір күнде, ары кеткенде екі күнде қабылданып, іске асуы керек", - деді ол.
Тоқаев бұған дейін көктемде төтенше жағдай режимі кезінде бюджет, мемлекеттік сатып алу салаларында бюрократиялық процедураларды қысқарту нәтиже бергенін айтты.
"Қазір біз майдандамыз. Сондықтан әрбір басшы жедел мәселелерді шешіп, тапсырмаларды орындағанда барынша тиімділік танытқаны абзал. Жауапкершіліктен қашып, бюрократияға салынудың қажеті жоқ", - деген президент.
Қазақстан президенті осыдан екі күн бұрын телеарнадан көрсетілген үндеуінде елде індетке шалдыққандардың күрт көбеюіне пандемияға "тойтарыс беруге әзір болмаған" денсаулық сақтау министрлігі мен "сақтық шараларын орындамаған" тұрғындарды кінәлаған. Елде індет тарап, қара жамылған отбасы көбейген шақта, Қазақстанды 30 жылдай үздіксіз басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен (биыл 80 жасқа толды) дөп келетін 6 шілде – Астана мерекесі күні Нұр-Сұлтан қаласында биліктің отшашу ұйымдастырғанын безбүйректікке балаған жұрт президент Тоқаевты да, үкіметті де сынаған.
Биылғы Астана күні мейрамына дейін қоғамда билікті мерекелік шаралардан бас тартып, 6 шілдені коронавирус құрбандарын аза тұту күні деп жариялауды ұсынғандар болған. 8 шілдеде видео-үндеуінде Тоқаев ол мерзімнен бір апта кейін - 13 шілдені аза тұту күні деп жариялайтынын мәлімдеді.
Қазақстанда маусымның орта шенінен бастап коронавирус індеті өршіп, вирус жұқтырғандар мен өлім-жітімнің күрт көбейіп кеткен соң билік 5 шілдеде елде екі апталық карантин жарияланды. Оның алдында Қазақстанда коронавирусты тоқтату үшін 16 наурыз - 11 мамыр аралығында төтеншей жағдай режимі жарияланып, жұрт екі айдай қатаң карантинде отырды.