Тоқаев үкімет отырысында не айтты? Шолып шықтық
10 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, елдегі елдегі коронавирус ахуалына елдің бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты, әкімдерді айыптады. Екі аптада жағдай реттелмесе, үкіметті таратамын деді. Дәрі-дәрмек тапшылығынан соң "СК Фармация" басшысын, міндетті медициналық сақтандыну қорының жетекшісін қызметінен алуды, "қажет болса тергеу жүргізуді" тапсырды. Тоқаев жиында не айтты? Қысқа шолып шықтық.
- Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 1,8 пайызға төмендеді. Пандемия кесірінен қызмет көрсету саласы 5,6 пайызға қысқарды.
- Карантин мен мұнай бағасының төмендеуі "бюджет түсімінің бірден қысқаруына әкелді". Ел бюджеті 1,7 трлн теңге (4 млрд доллардан астам қаржы) жоғалтты.
- Маусымның қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 7 пайызға жетті. Енгізілген карантин экономикалық жағдайды одан әрі қиындатуы мүмкін.
- Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды.
- Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды.
- Тағы бір кемшілік. Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады.
- Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды.
- Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз.
- Халықты үрей мен қорқыныш билеген. Тіпті олар өздеріне қажет емес дәрілерді де сатып алып жатыр. Адамдар әлеуметтік желідегі әртүрлі күмәнді ақыл-кеңестерге құлақ асып жатыр. Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керек.
- "СК Фармация" компаниясын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?
- Індет елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Пандемия кезінде халықтың табысы азайды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттай түсті. Азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттау индексі елдегі инфляция индексінен 1,6 есеге асты.
- Пандемиямен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін үкіметтен және өңірлерден 150 миллиард теңге бөлінеді. Басты міндет – коронавирустың жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде айтарлықтай нәтижеге жету.
- Жаздың жартысы өтті. Министрлер, әкімдер, президент әкімшілігінің қызметкерлерінен ешкім еңбек демалысына кетпейді. Себебі жағдай қиын. Еңбек демалысы деген сөзді ұмытыңыздар.
- 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. [Білім және ғылым] министрлігінің бұған дайын екеніне күмәнім бар. Балалар мектепке бара ма әлде қашықтан оқи ма? Мұғалімдердің жаңа оқу жылына дайындығы қалай?
- Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс.
- Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады.
- Үкіметке жыл соңына дейін 250 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл халқымыздың 99,3 пайызын қамтиды.
- Мектепке экологиялық білім деген пән енгізу керек
- 2021 жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий аяқталады. Осыған байланысты бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім қабылдауымыз керек. Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз.
- Игерілмеген және тиімсіз игерілген жерлерді анықтап, оны алып қою мақсатымен ғарыштан мониторинг жасауды заңнамалық тұрғыдан бекіттік. Түгендеу барысында анықталған 12,8 млн гектар игерілмеген жердің 7 млн гектары мемлекетке қайтарылды. Жерді алдың ба, оны игеру керек.
- "Жұмыспен қамту жол картасын" қабылдадық. Оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге қаржы бөлдік. Бірақ жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, негізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған.
Тоқаев екінші жолдау ұсынатынын айтты. Бірақ уақыты белгісіз.
Қазақстан "қытай басылымының" хабарын терістейді. Бірақ "беймәлім пневмония" жайлы елшілік айтқан
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 10 шілде күні таратқан мәлімдемесінде елде "өлім жағынан коронавирустан да қауіпті беймәлім пневмония" туралы "Қытайдың кейбір баспасөз құралы" таратқан ақпаратты "шындыққа сай емес" деп жоққа шығарды.
Анығында "беймәлім пневмония" туралы ол ақпарат алдымен Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің сайтында бейсенбі, 9 шілдеде жарияланған. Онда Қытай елшілігі өз азаматтарын Қазақстанда өкпе дерті қатты өршіп кеткенін хабарлап, кейінгі күндері қазақстандық шенеуніктер жария еткен – биылғы жылдың алғашқы жартысында елде пневмониядан 1772 адамның қайтыс болғаны, оның ішінде 628 адамның бір ғана маусым айында көз жұмғаны туралы деректі келтірген. Қайтыс болғандар арасында Қытай азаматтары да бар екенін жазған Қытай елшілігі "бұл дерттен өлгендер коронавирус пневмониясынан да көз жұмғандардан көп" деп хабарлаған.
Қытай елшілігінің бұл хабарламасын сол күні Гонконгтің South China Morning Post газеті "Қытай елшілігі ескертеді: Қазақстанды коронавирустан да жаман өлтіретін "беймәлім пневмония" жайлады" деген тақырыппен мақала жариялады.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 10 шілдеде таратқан хабарламада Қытай елшілігін атамай, қайсысы екені белгісіз "Қытай бұқаралық ақпарат құралдарын" сөккен.
Министрлік хабарламасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық аурулардың жіктемесіне (ХАЖ-10) сай, егер коронавирус клиникалық немесе эпидемиологиялық тұрғыдан диагностикаланғаны, яғни өкпенің қабынуы анықталған, бірақ зертханалық зерттеуде расталмаған жағдайларда пневмония үшін кодтар енгізгенін айтады.
Қазақстанда кейінгі апталарда пневмониямен ауырғандар күрт артып кетті. Дерттен көз жұмғандар күн сайын көбейіп жатыр. Бұл дертке шалдыққандардың көбінде коронавирус симптомдары байқалады, бірақ COVID-19 бар-жоғын тексеретін тестілеу қортындысы вирус жоқ деп көрсетеді.
Мамандар мен сарапшылар елде жаз мезгілінде пневмонияның әдеттен тас күшейгенін коронавирус инфекциясымен байланыстырады. Билік мұны жанама түрде мойындады: клиникалық хаттамаға "коронавирус инфекциясы болуы ықтимал" деген ұғымды, ал пневмонияға шалдыққандарға да коронавирус жұқтырғандарды емдеу әдісін қолдануды енгізді. Бірақ билік COVID-19 жұқтырғандар статистикасына тек ПТР тестілеу қорытындысында коронавирус жұқтырғаны анықталған деп көрсетілген науқастарды да енгізеді.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар 1726 адамға көбейді
9 шілде күні COVID-19 коронавирусы Қазақстанда 1726 адамнан анықталды деп хабарлады билік орындары. Оның арасында 936 адамда ауру белгілері байқалмаған.
Вирус жұқтырғандар өңірлер арасында Атырау облысында әлі көп тіркеліп жатыр. Бейсенбіде облыста 336 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Алматыда бір тәулікте 217 адамнан COVID-19 анықталды. Нұр-Cұлтан қаласында осындай 180 адам тіркелген.
Аймақ бойынша жағдай мынадай:
- Атырау облысы – 7 150,
- Алматы – 6895,
- Нұр-Сұлтан – 6 57,
- Қарағанды облысы – 5790,
- Шымкент – 3769,
- Батыс Қазақстан облысы – 3699,
- Алматы облысы – 2939,
- Шығыс Қазақстан облысы – 2547,
- Түркістан облысы – 2106,
- Ақтөбе облысы – 1988,
- Жамбыл облысы – 1971,
- Маңғыстау облысы – 1794,
- Павлодар облысы – 1616,
- Ақмола облысы – 1581,
- Қызылорда облысы – 1578,
- Солтүстік Қазақстан облысы – 1532,
- Қостанай облысы – 1435.
Алматы облысының бас санитарлық дәрігері пневмониядан қайтыс болды
Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 56 жастағы Қайрат Баймұхамбетов пневмониямен қайтыс болды. Бұл хабарды 10 шілде күні таңертең облыс әкімдігінің баспасөз қызметі растады. Алайда толық ақпаратты әзірге берген жоқ.
Қайрат Баймұхамбетов 2019 жылдың мамыр айынан Алматы облысының бас санитарлық дәрігері болып істеген.
Қазақстанда пневмониядан көз жұмғандар күн сайын көбейіп жатыр. Мамандар мен сарапшылар елде жаз мезгілінде пневмонияның әдеттен күшейгенін COVID-19 коронавирус инфекциясымен байланыстырады.
Бұған дейін Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова елде маусым айында пневмониядан 628 адам қайтыс болды деп мәлімдеген. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігі 29 маусым – 7 шілде аралығында Қазақстанда пневмониядан кемінде 453 адам көз жұмғанын хабарлаған.
Қазақстанда кейінгі апталарда пневмониямен ауырғандар күрт артып кетті. Дерттен көз жұмғандар күн сайын көбейіп жатыр. Бұл дертке шалдыққандардың көбінде коронавирус симптомдары байқалады, бірақ COVID-19 бар-жоғын тексеретін тестілеу қортындысы вирус жоқ деп көрсетеді.
Мамандар мен сарапшылар елде жаз мезгілінде пневмонияның әдеттен тас күшейгенін коронавирус инфекциясымен байланыстырады. Билік мұны жанама түрде мойындады: клиникалық хаттамаға "коронавирус инфекциясы болуы ықтимал" деген ұғымды, ал пневмонияға шалдыққандарға да коронавирус жұқтырғандарды емдеу әдісін қолдануды енгізді. Бірақ билік COVID-19 жұқтырғандар статистикасына тек ПТР тестілеу қорытындысында коронавирус жұқтырғаны анықталған деп көрсетілген науқастарды да енгізеді.