Тоқаев Қазақстан медицинасы пандемияға дайын болмағанын мойындады. Елде 13 шілде - қаралы күн
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілдедегі телеүндеуінде 13 шілдені коронавирус құрбандарын еске алу үшін елде ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Телеүндеу кезінде ол "Қазақстан денсаулық саласы пандемияға дайын болмады" деп мойындап, тергеу жүргізілетінін, әкімдердің жұмысы тексерілетінін айтты.
"Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз" деді ол.
Тоқаев "бұрынғы денсаулық сақтау министрінің қателігінен, жұрттың сақтық шараларын сақтамағандығынан коронавирус жұқтырғандар саны өсті" деп санайды. Ол дәрі-дәрмек алғанға, медқызметкерлерді қолдауға бюджеттен тағы 150 млрд теңге бөлінетінін айтты.
Қазақстан президентің мәлімдемесінде "кейбіреулер пандемия кезінде саяси ойындар ұйымдастырып, қоғамда араздық тудыруға тырысып жатыр" деді. Ол нақты кімдердің араздық қоздыруға тырысып жатқанын ашып айтпады, тек "олардың әрекетіне заңдық баға берілетінін" жеткізді. Тоқаев жалған ақпарат таратқандар, дәрі бағасын көтергендер де заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.
Қазақстан басшысы бұл телеүндеуін елде билікке деген сын күшейген тұста жасады. Жұрт "билік коронавируспен күреске миллиардтаған қаржы бөлсе де, эпидпемияға дайын болмай шықты" деп сынайды.
Қазақстан билігі көктемде бюджеттен 13 млрд доллардан астам қаржы бөлген еді.
Қазір Қазақстанда 51 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды. 264 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі елде вирус жұқтырғандар ресми деректен көп болуы мүмкін деп мәлімдеген. Билік вирус жұқтырған жүзден астам марқұмды "өліміне басқа ауру себеп болды" деп ресми дерекке қоспай отыр.
Бұған қоса, Қазақстанда мыңдаған адам пневмониямен де ауырып жатыр. Бұл дерттен көз жұмғандардың да саны да мыңға жуықтады. Алматыдағы мәйітханалар алдында да жақындарының сүйегін алуға келгендердің қарасы көбейді. Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияға шалдыққандардың көбінен коронавирус табылмағанын айтқанымен, оларды COVID-19 дертінің хаттамасымен емдеп жатыр.
Елде ауруханаларда орын тапшы, дәріханаларда дәрі жоқ. Өткен айда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызметінен кетіп, оның орнына Алексей Цой тағайындалған. Біртановтың қызметінен кетуіне оның коронавирус жұқтырғаны себеп деп айтылған еді.
Жаңадан тағайындалған министр Цой 2 шілдеде "елдің барлық дәріханаларына дәрілер жеткізіледі" дегенімен, елде дәрі-дәрмек таппай жүргендердің шағымы әлі көп.
- Авторы: Жаңагүл ЖҮРСІН
Ақтөбе облысында пневмонияға шалдыққандар 2600-нан асты. Әкімдік қайтыс болғандар санын айтпады
Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Әсет Қалиев 8 шілдедегі брифингте облыста пневмонияға шалдыққандар 2649 адамға жеткенін айтты. 7 шілденің өзінде ауруханаға осы дертпен 98 адам түскен.
Әкімдік өкілі пневмониямен ауырып жатқан науқастардан коронавирус табылған я табылмағанын ашып айтпады.
- Ақтөбеде пневмонияға қатысты ахуал әлі де күрделі. Науқас саны азайып жатқан жоқ. Бұл – пневмонияның бұрын соңды кездеспеген түрі. Covid емес деп те айта алмаймыз. Біз коронавируспен күреске сәуірде дайындала бастадық. Бірақ маусымда науқас саны бұлайша күрт көбейеді деп ойламадық, - деді ол.
Қалиевтің сөзінше, науқас саны көбейгендіктен маусым айында облыс орталығындағы алты аурухананың базасынан пульмонология бөлімі ашылған. Одан бөлек қала емханалары жанындағы күндізгі стационарлар да қазір тек пневмонияны емдеп жатыр. Алдағы дүйсенбі, 13 шілдеде облыстық балалар ауруханасынан жүз орындық тағы бір бөлім ашылады.
Ақтөбе әкімдігі 8 шілдеге дейін аймақта пневмониядан қанша адам қайтыс болғанын жарияламай отыр. Әкімдіктің баспасөз қызметі "Қайтыс болғандар туралы мәліметті енді тек денсаулық сақтау министрлігі таратады. Бізге рұқсат жоқ" деді.
Әкімдік өткен аптада "облыста пневмониядан 66 адам қайтыс болды" деген еді.
Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Әсет Қалиев ауруханаларда маман тапшылығы барын айтады. Сондықтан жеке клиникалардың мамандары, Ақтөбедегі медицина академиясының оқытушылары, тіпті балабақша медбикелері де пневмониямен күреске жұмылған. Ақтөбе облысында жалпы саны 2062 медқызметкер пневмониямен күресіп жатыр. Онлайн брифинг кезінде Әсет Қалиев "облыс ауруханаларында дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ, оттегі беретін құрылғылар да жеткілікті" екенін үнемі айтады. Бүгін, 8 шілдедегі брифинг кезінде де "жағдай бақылауда, бәрі жеткілікті" деді. Бірақ әлеуметтік желілерде ауруханадағы туыстарына дәрі-дәрмек іздеген ақтөбеліктердің жазбалары жиі жарияланады. Ақтөбелік еріктілер де "пневмонияны емдейтін ауруханалар көмектің қай түріне де зәру" дейді.
- Осы аптада қала тұрғындарынан жиналған қаржыға оттегі толтыратын 20 қапшық пен екі оттегі концентраторын сатып алып, Ақтөбедегі ауруханаларға бөліп бердік. Күн сайын пневмониямен күресуші дәрігерлердің түскі және кешкі асын жеткізіп беріп отырмыз. Одан бөлек ауруханалар қол көмегіне де зәру. Мысалы, әрқайсы 70-80 келілік оттегі баллондарын жүк көлігінен түсіріп, аурухана ғимаратына апарып беру керек. Өйткені ауруханалардағы техникалық персонал негізінен әйел адамдар. Олар оттегі баллондарын көтере алмайды. Ал дәрігерлердің мойын бұратын шамасы жоқ, - дейді AntiCovid-19 еріктілер бірлестігінің мүшесі Бақытқали Оразғалиев.
AntiCovid-19 еріктілер бірлестігіне Ақтөбенің жетпіс шақты тұрғыны мүше. Олар әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындарынан қаржы жинап, ауруханаларға көмектеседі.
Ақтөбеде пневмония індеті елде коронавирус пандемиясы өршіп тұрған тұста көбейіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, аймақта 1850 адам коронавирус жұқтырған. COVID-19 дертінен ресми мәлімет бойынша 4 адам қайтыс болған. Осыған дейін облыстық денсаулық сақтау министрлігі пневмонияға шалдыққандарды COVID-19 хаттамасымен емдеп жатқанын айтқан.
- Авторы: Дилара ИСА
Шымкентте 9 дәрігер пневмониядан қайтыс болды
Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов 8 шілдеде өткен брифингте қалада 9 дәрігердің пневмониядан қайтыс болғанын растады.
9 дәрігердің көз жұмғаны жайлы 7 шілдеде әлеуметтік желіде ақпарат тараған.
Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, көз жұмған медицина қызметкерлерінің арасында хирург, гинеколог, УЗИ маманы, лаборант болған. Олар 2020 жылдың 3 маусым мен 7 маусым аралығында қайтыс болған.
Ал әкім Әйтенов 8 шілдедегі брифингте қалада 569 медқызметкерге (143 дәрігер, 258 медбике) вирус жұққанын да айтты.
Әкім қазір коронавируспен күреске қаладағы медициналық академияның 84 қызметкері мен медициналық колледждің 116 түлегі жұмылғанын да жеткізді.
Ресми мәліметке сай, 1 маусымнан бері Шымкентте алты мыңнан астам адам пневмонияға шалдығып, ауруханаға түскен. ЖРВИ-мен ауырғандар 12 мыңға жуықтаған. Алпыс мыңнан астам адам жедел жәрдем қызметіне жүгінген.
Қала әкімінің баспасөз қызметі Азаттықтың "Шымкентте пневмониядан қанша адам қайтыс болды?" деген сұрағына "пневмониядан қанша адам қайтыс болғаны белгісіз, тұрғындардың неден қайтыс болғаны арнайы сараптама қорытындысынан соң айтылады" деді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, Шымкент қаласында коронавирус жұқтырғандар саны 3596 адамға жетті. Олардың 2097-і емделіп шықты, коронавирустан 18 адам қайтыс болды.
Британия инфрақұрылымға 3,7 млрд доллар бөледі. Бразилия президенті COVID-19 жұқтырды
Британия бүгін, 8 шілдеде коронавирус пандемиясы салдарынан әлсіреген экономикасын қуат беру үшін инфрақұрылымға бағытталған шағын бюджетін жарияламақ. Елдің қаржы министрі Риши Сунак жариялайды делінген жоспарда мектептерге, қолжетімді баспанаға, жол жөндеуге және қоғамдық көлікке 3 миллиард фунт (3,7 миллиард доллар) жұмсау айтылмақ.
Британия COVID-19 өлімі бойынша Еуропадағы бірінші мемлекет. Елде коронавирустан 44 мыңнан аса адам қайтыс болған. Жағдайдың ушығуы үкіметке деген қысымды күшейтті.
АҚШ-та COVID-19 індетінің тәулік рекорды қайта жаңарды. 7 шілде күні елде коронавирус 60 209 адамнан анықталып, вирус жұқтырғандардың жалпы саны 3 миллионға жуықтады. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, АҚШ-та COVID-19 өлімі 131 457-ге жеткен. Тек 7 шілденің өзінде 1114 COVID-19 өлімі тіркелген.
Дүние жүзі бойынша коронавирус жұқтырғандар 11,8 миллионнан, салдарынан қайтыс болғандар 544 мыңнан асты.
Бразилияда вирусты жұқтырғандар қатарына ел президенті Жаир Болсонару да қосылды. Елде инфекциялық ауруға 1,6 миллионнан астам адам шалдығып, 66,7 мың адам көз жұмған.
Еуропада вирустың тарауы Балқан елдерінде күшейді. Құрлықтың өзге өңірлерінде жағдай қалыпты.
Beatles тобының барабаншысы Ринго Стар 7 шілдедегі 80 жылдық мерейтойын онлайн өткізді. Музыкант туған күнін әдетте жүздеге тыңдарманның алдында өнер көрсету арқылы атап өтетін. Бірақ биылғы туған күнін ол әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету үшін жаңаша атап өтуге ниет білдірді.
“Бәріңіз білетініңіздей, мен туған күн кешін жақсылап атап өткенді ұнатамын... бірақ қазір көп болып жиналатын уақыт емес” деді бейбітшілік белгісі бар маска таққан Ринго Стар.