"Коронавирус анықталмаған" Түркіменстанға ДДСҰ миссиясы барды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көп күттірген миссиясы Түркіменстанға ақыры жетті. Бұл елде ресми дерекке сай, "COVID-19 инфекциясын жұқтырмағандар жоқ".
Миссияның жетекшісі Катерина Смолвуд Түркімен билігімен бірге COVID-19 індетіне дайындық пен күрес шараларын тексеретінін айтты. Миссия ұлттық деңгейдегі үйлестіру және бақылау жүйелеріне, эпидемиология ахуалына, зертхана қызметтеріне, науқастарды емдеу жұмыстарының басқарылуына, инфекцияның алдын алу жұмыстарына және қауіп жағдайындағы коммуникацияға зер салмақ.
6 шілденің кешінде жеткен миссия Түркіменстанда он күн болмақ.
ДДСҰ ресми Ашхабадтың “Түркіменстанда коронавирус жоқ” деген мәлімдемесін тексеру үшін екі ай бойы миссиясын жіберуге талпыныс жасап келді.
Смолвудтың айтуынша, 6 миллион халқы бар энергияға бай елде коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер салдарынан миссияның сапары кешіккен.
“Түркіменстан ұлттық деңгейдегі көпсекторлы COVID-19 індетімен күресуге арналған күштерді жұмылдыра білді; COVID-19 індетіне дайындық және жауап жоспарын бекітті; COVID-19 инфекциясын жоюдың, диагностикалаудың және емдеудің нұсқаулықтарын әзірледі. Денсаулық жүйесінің барлық деңгейіндегі мекемелер мен қызметкерлерді қайта жасақтау – қабылданған ең маңызды қадамдардың бірі. Мұның қатарына ғимараттарды жаңа мақсатта жұмыс істеуге дайындау және денсаулық сақтау қызметкерлерін жаттықтыру кіреді” деді Смолвуд.
Миссия жетекшісінің айтуынша, ДДСҰ Ашхабадқа пандемияның ұзақ мерзімді салдарымен күресуге көмектеспек.
Түркімен билігі елде коронавирус жоқ дегенімен, атын атаудан бас тартқан жергілікті тұрғындар мен дәрігерлер ауруханаға COVID-19 ауруының белгілерімен түсіп жатқан науқастардың барын айтқан.
COVID-19: Өткен аптада көз жұмған 110 адам статистикаға енбеген. Комиссия өлім себебін анықтап жатыр
Қазақстанда өткен аптада COVID-19 статистикасына кірмеген 110 өлім-жітім тіркелген. Бұл туралы бүгін, 7 шілде күні орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
“Өткен аптада 76 өлім (COVID-19 статистикасына кірген – ред.) тіркелді. Біз сондай-ақ 110 адамның өлімін тексеріп жатырмыз. Яғни, бұл науқастардың қандай аурудан қайтыс болғанын комиссия анықтайды” деді денсаулық сақтау министрі.
Министрлік 29 шілдеден бастап COVID-19 өлімін әр дүйсенбі сайын жариялауға көшкен. Алдыңғы брифингтерде мұның өлім туралы ақпараттың кеш жетуімен түсіндірген министр бүгін өлім себебін анықтайтын комиссияның үлгере алмай жатқанын айтты.
“Бұрын күніне бір-екі өлім тіркеліп, комиссия үлгеретін. Қазір қайғылы жағдай саны көбірек. Комиссия өлімнің себебі коронавирустан не созылмалы аурудан болғанын анықтайды. Өкінішке қарай, дәрігерлер де коронавирус инфекциясын жұқтырып жатады. Комиссияның мүшесі болып отырған көптеген әріптесіміз қазір ауырып жатыр. Сол себепті жеделдік ақсап жатыр” деді министр.
Министр Цой Қазақстанда вирус жұқтырғандар ресми деректегіден көп екенін мойындады.
“Біздің статистика ПТР тестімен нақтыланған коронавирустық инфекция жағдайларының санына негізделген. Әрине вирус жұқтырғандар саны бұдан көп болуы мүмкін. Бірақ біз ПТР анализінің мәліметтеріне басымдық береміз” деді Цой брифингте.
Министр халықты жаппай тестілеу жоспарда жоғын, ПТР талдау тек ауру белгілері бар, қауіп тобындағы не вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарға жасалатынын айтты.
Қазақстанда соңғы тәулікте COVID-19 инфекциясы 1109 адамнан анықталды. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 49 683-ке жетті.
ДСМ: Қазақстан ауруханаларында пневмонияға шалдыққан, ПТР нәтижесі теріс 28 мың науқас емделіп жатыр
Қазақстан ауруханаларында пневмонияға шалдыққан, бірақ ПТР талдауы теріс нәтиже берген 28 мың науқас емделіп жатыр. Бұл туралы бүгін, 7 шілде күні орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният (ханым) хабарлады.
“Бүгін ел бойынша стационарларда ПТР нәтижесі теріс пневмониямен 28 мың науқас ем алуда. Науқастардың 98,9 пайызының жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Cолардың ішінде 330 науқастың жағдайы ауыр” деді Ажар Гиният.
Вице-министр сондай-ақ стационарларда ПТР нәтижесі теріс, жедел респираторлық вирустық инфекция немесе басқа тұмау ауру деген диагнозбен 4 мыңнан астам науқас барын айтты.
Осы күнге дейін Қазақстанда 49 683 адамнан коронавирус анықталған. Вице-министрдің мәліметінше, вирус жұқтырғандардың 64 пайызы жазылған, 35 пайызы немесе 17600 науқас емдеуін жалғастырып жатыр. Емделіп жатқан науқастардың 9 мыңнан астамы стационарға жатқызылған.
“Реанимацияда жағдайы ауыр және өте ауыр 260 науқас бар. Оның ішінде 12 жүкті және босанған әйел және бір бала бар. Осы науқастардың 72 пайызы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған” деді вице-министр.
Бір күнде 1109 адамнан КВИ анықталды. Вирус жұқтырғандар 50 мыңға жақындады
6 шілде күні Қазақстанда COVID-19 инфекциясы 1109 адамнан анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Министрлік мәліметінше, вирус жұқтырған 649 адамда аурудың клиникалық белгілері байқалмаған.
Бұл коронавирус індеті өршіген кейінгі үш аптадағы ең төменгі көрсеткіш. Осыған дейін коронавирус күн сайын шамамен 1,5 адамнан анықталып отырған. Вирус жұқтырғандар саны соңғы аптада күн сайын 300-ден асып отырған Атырау облысында 101 жағдай тіркелген.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың жалпы саны 49 683-ке жетті. Аймақтар бойынша жағдай мынадай:
Алматы қаласы – 6358 (+157 жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласы -5984 (+95),
Атырау облысы - 5892 (+101),
Қарағанды облысы - 5336 (+93),
Шымкент қаласы - 3594(+39),
Батыс Қазақстан облысы - 3423 (+128),
Алматы облысы - 2691 (+51),
Шығыс Қазақстан облысы - 2178 (+62),
Түркістан облысы - 2041 (+52),
Ақтөбе облысы - 1828 (+86),
Жамбыл облысы - 1789 (+59),
Маңғыстау облысы - 1590 (+13),
Ақмола облысы - 1484 (+32),
Павлодар облысы - 1460 (+52),
Қызылорда облысы -1456 (+7),
Солтүстік Қазақстан облысы - 1418 (+19),
Қостанай облысы - 1161 (+63).