АҚШ-тағы коронавирус ошағындағы штаттардың ресми өкілдері ауруханалар науқас толып қалғанын мәлімдеп жатыр.
Нью-Йорк сияқты штаттарда індеттің өршуі саябырсығаннан кейін COVID-19 коронавирусымен күрес елдің оңтүстігі мен батысындағы штаттарда жалғасып жатыр. Жақын күндері АҚШ-та вирус жұқтырғандардың жиынтық саны үш миллионнан асуы мүмкін. Індеттен қайтыс болғандардың саны 130 мыңға жуықтады.
Індет каратин шектеулерін босаңсытқаннан тез үдеп кетті. Науқастардың күрт көбеюі Калифорния, Техас, Флорида және басқа штаттарда денсаулық сақтау жүйесіне ауыр салмақ салды, кәсіпорындарды тоқтатуға немесе жұмысын қайта жалғастыруын кейінге қалдыруға тура келді.
5 шілде күні Фэникс мэрі Кейт Галлего Аризона штаты карантинді ең соңғы боп енгізіп, ең алғашқы болып алып тастауының зардабын шегіп жатыр деп мәлімдеді. Аризона штаты жан басына шаққанда коронавирус жұқтырғандар көрсеткіші бойынша елде алда тұр. Галлего тұрғындарға үйден шығуына тыйым салатын жаңа бұйрық шығаруды ұсынды.
Еуропаның бірнеше елі COVID-19 өршіген соң шектеу шараларын қайта енгізді
Дүниежүзінде коронавирус жұқтырғандар көбейгеннен кейін Еуропаның бірнеше елі 5 шілде вирусқа қарсы күрестің жаңа шараларын жариялады.
Грекия, Косово, Испания мен Ирландия аймақ деңгейінде шектеу енгізеді, өзге елдерден туристердің келуіне уақытша тоқтау салады. Сербия астанасында коронавирус өршіп кеткеннен кейін Грекия бұл елден 15 шілдеге дейін ешкім қабылдамайтынын ескертті. Косовода түн мезгіліндегі ары-бері жүріске тыйым салынды. Испания теңіз жағалауындағы 70 мың адам тұратын аймақта локдаун енгізді. Ирландия билігі шетелден келетіндерге карантин шектеуін босаңсыту туралы жоспарын екі аптаға жуық мерзімге, 20 шілдеге дейін ысыра тұратын болды.
Чехия денсаулық сақтау министрі елдің көмір өндіретін аймағында жақында өршіген коронавирус инфекциясын билік бақылауда ұстап отырғанын айтты.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар 1403 адамға көбейді
5 шілде күні Қазақстанда 1403 адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы дүйсенбі күні денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ресми деректе вирус жұқтырған 814 адамда ауру белгісі жоқ екені айтылған.
COVID-19 жұқтырғандар өсімі Атырау облысында қатты байқалады. Өңірде үшінші күн қатарынан 300-ден астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. Жексенбі күні облыста 325 адамнан вирус анықталған. Індет басталғалы бері бұл аймақта барлығы 5791 адам вирус жұқтырған.
Қазақстан бойынша COVID-19 жұқтырғандар саны қазір 48574 адамға жетті. Аймақтар бойынша жағдай мынадай:
- Нұр-Сұлтан — 5889 (+95 жаңадан қосылды),
- Алматы — 6201 (+113),
- Шымкент — 3555 (+84),
- Ақмола облысы — 1452 (+32),
- Ақтөбе облысы — 1742 (+32),
- Алматы облысы — 2640 (+71),
- Атырау облысы — 5791 (+325),
- Шығыс Қазақстан обылысы — 2116 (+96)
- Жамбыл облысы — 1730 (+59),
- Батыс Қазақстан облысы — 3295 (+103),
- Қарағанды облысы — 5243 (+81),
- Қостанай облысы — 1098 (+17),
- Қызылорда облысы — 1449 (+40),
- Маңғыстаус облысы — 1577 (+124),
- Павлодар облысы — 1408 (+53),
- Солтүстік Қазақстан облысы — 1399 (+17),
- Түркістан облысы — 1989 (+61).
COVID-19 өлімі ақыры жаңарды. Қазақстанда коронавирустан 232 адам қайтыс болған
Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған науқас саны 232-ге жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жексенбінің кешіндегі брифингте мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, өткен тәулікте коронавирустан 18 адамның қайтқаны анықталған.
Қазақстанда коронавирус індеті келгелі кісі өлімі күн сайын жарияланып тұрды. Алайда 29 маусымнан кейін COVID-19 өлімі хабарланбай қалды. 2 маусым күні Цой бұдан әрі коронавирустан қайтыс болғандар саны аптасына бір-ақ рет хабарланады деген болатын.
Бүгінгі брифингте министр Цой COVID-19 өлімі әр дүйсенбі сайын хабарланатынын айтты.
“Мына 18 жағдайды алайық. Олар үш күн қатарына қайтыс болуы мүмкін, бірақ комиссия оларды бір күнде анықтап отыр” деді ол кісі өлімі не себепті аптасына бір рет хабарланатынын түсіндіріп.
Қазақстан коронавирусты жұқтырғандар мен одан жазылып шыққандардың нәтижесі де кешігіп жарияланады. Қатардағы азаматтар ПТР талдауының нәтижесін бірнеше күннен кейін біледі. Тәулік ішінде он адам жазылды деп хабарланса, олар бірнеше күн не апта бұрын жазылған болуы мүмкін. Әлемнің тәжірибеде COVID-19 өлімі күн сайын хабарланады.