Бір күнде 1,5 мыңға жуық адамнан КВИ анықталды. Вирус жұқтырғандар 47 мыңнан асты
Қазақстанда 4 шілде күні 1452 адамнан коронавирус анықталды. Олардың 528-і симптомды, 924-і симптомсыз. Эпидемия басталғалы коронавирус анықталған адамдардың жалпы саны 47 171-ге жетті.
Алматы қаласы - 6088 (+72),
Нұр-Сұлтан қаласы - 5794 (+81),
Атырау облысы - 5466 (+342),
Қарағанды облысы - 5162 (+73),
Шымкент қаласы - 3471 (+76),
Батыс Қазақстан облысы - 3192 (+147),
Алматы облысы - 2569 (+122),
Шығыс Қазақстан облысы - 2020 (+149),
Түркістан облысы - 1928 (+83),
Ақтөбе облысы - 1710 (+36),
Жамбыл облысы - 1671 (+56),
Маңғыстау облысы- 1453 (+44),
Ақмола облысы - 1420 (+34),
Қызылорда облысы -1409 (+30),
Солтүстік Қазақстан облысы - 1382 (+19),
Павлодар облысы - 1355 (+52),
Қостанай облысы - 1081 (+36).
Қазақстан билігі 29 маусымнан бері COVID-19 өлімін жаңартпай отыр. Алты күн бұрынғы хабарламада коронавирустан 188 адамның қайтыс болғаны айтылған. 2 шілдеде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өлім саны енді апта сайын жаңарады деген болатын. Ол мұның себебін қайтыс болғандардың коронавирустан өлгені кеш хабарланатымен түсіндірді. Орталық коммуникациялар қызметінде сөз сөйлеген Цой 1 шілде күні 10 өлім тіркелгенін айтты. Демек, коронавирустан қайтыс болғандарың саны кемі – 199.
Дәл сол брифингте денсаулық министрі коронавирус жұқтырып қайтыс болған “бірақ өлімінің себебі өзге” 101 адамның барын айтты. Бұл адамдар COVID-19 өліміне кірмеген.
Сонымен қатар пневмонияға шалдығып, салдарынан қайтыс болып жатқандар саны да артты. Министр Цойдың Министрдің сөзінше, Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Өткен жылдың дәл осы мерзімінде пневмониямен 63430 адам ауырған. Өсім 55,4 пайызды құраған.
Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, Есмағамбетованың сөзінше, биылғы жылдың алғашқы жартысында пневмониядан 1772 адам көз жұмған, олардың 628-і маусым айында қайтыс болған.
Қазақстанда коронавирустан 15 556 адам жазылып шыққан.
Түркия 4 шілдеден бастап Қазақстан азаматтарының келуін шектеді
Бүгін, 4 шілдеден бастап Қазақстан азаматтарының Түркия территориясына өтуі шектеледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев хабарлады.
“Кеше біз Түркия тарапынан ресми шешім алдық. Олар бүгіннен бастап [Түркияның] ықтиярхаты немесе жұмыс істеуге рұқсаты бар адамдардан басқа азаматтарымыздың келуіне шектеу қойды” деді Ластаев.
Комитет төрағасының айтуынша, Қазақстан әуе компаниялары Түркияға барып қойған азаматтарды елге әкелу үшін рейстерді жалғастыра береді.
11 маусым күні коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия 20 маусымнан бастап Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия және Жапония елдеріне халықаралық әуе рейстерін қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдаған.
Алайда Талғат Ластаевтың айтуынша, халықаралық әуе рейстері тек Түркия мен Оңтүстік Корея бағытында ашылған.
21 маусым күні Түркияның Анталья қаласына ұшып барған қазақстандық жолаушылардың төртеуінен коронавирус анықталған.
Азаматтық авиация комитетінің төрағасы халықаралық әуе рейстері тек Оңтүстік Корея бағытында сақталатынын, жаңа рейстердің ашылмайтынын айтты.
Талғат Ластаев ішкі рейстердің тәртібі өзгермейтінін хабарлады.
“Азаматтық авиация бойынша бүкіл ішкі рейстер орындалады, ешқандай шектеулер жоқ. Бүгінгі таңда 45 бағыт бойынша күніне 71, аптасына 457 рейс орындалады. 45 бағыт бойынша. Ешқандай рейс тоқтамайды” деді ол.
Коронавирус Түркияда алғаш рет 11 маусым күні анықталды. Жиырма күн ішінде вирус елдің бүкіл аймағына тарады. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Түркияда коронавирус жұқтырғандар 203 мыңнан асқан. Ал COVID-19 өлімі 5186-ға жеткен.
Коронавирустың өршуі сәуір айына келген Түркияда мамырдың ортасынан кейін вирустың тарауы баяулаған. Осы себепті ел билігі 1 маусымнан ішкі рейстерді, 11 маусымнан халықаралық рейстерді қалпына келтіре бастаған.
Коронавирус жағдайы алғаш рет 13 наурызда тіркелген Қазақстанда кері тренд жүрді. Ел билігі 16 наурыздан төтенше жағдай енгізіп, қатаң карантин шараларын қабылдады. Ел экономикасына салмақ түскен соң, билік 11 мамырда төтенже жағдайды аяқтап, карантин шектеулерін бірте-бірте ала бастады. Осы уақытқа дейін вирус жұқтырғандар саны қалыпты көлемде өссе, мамырдың соңынан осы күнге дейін індет қатты өршіп кетті. Ресми дерек бойынша, КВИ жұқтырғандар 45 мыңнан асты. Бұдан бөлек жыл басынан бері 1772 адам пневмониядан көз жұмған. Олардың 628-і маусым айында қайтыс болған. Маусым айында 32 мыңға жуық адам пневмонияға шалдыққан. Олардың көбінде коронавирустың клиникалық белгілері бола тұра ПТР нәтижесі теріс шыққан. Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова ПТР талдауы коронавирус болса да, теріс шығуы мүмкін екенін растады.
Вирустың жұқтырғандардың көбейгені сонша, ауруханада орын қалмай, дәріханада қажет дәрі тапшы болып қалды. Үкімет 2 маусымда 5 маусымнан бастап екі аптаға карантин тәртібін енгізу туралы шешім қабылдады. Ертеңнен бастап қалааралық автобустар тоқтап, пойыз қатынасы шектеулі тәртіппен жұмыс істейді. Көңіл көтеру, сауықтыру нысандарының жұмысы тоқтайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қандай шектеулер енгізілді? 400 сөзбен түсіндіреміз
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары пневмониядан қайтыс болды
Бүгін, 4 шілде күні Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлжазира Алдашева пневмониядан қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Самат Сүлей айтты.
“[Алдашева ] түнгі сағат 2:00-де Ақтаудағы провизорлық ауруханада қайтыс болды. Диагнозы пневмония” деді Сүлей.
Баспасөз хатшысының айтуынша, Алдашева он шақты күн ауырған. Осы уақытқа дейін коронавирус анықталмаған.
55 жасқа шыққан Гүлжазира Алдашева Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болып 2019 жылдың тамызында тағайындалған.
Қазақстанда кейінгі екі аптада пневмониядан қайтыс болғандар күрт артқан. 3 шілде күні бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова жыл басынан бері пневмониядан 1772 адам көз жұмғанын, олардың 628-і маусым айында қайтыс болғанын айтты.
Пневмониядан өлгендердің көбінен коронавирус анықталмаған. Дәрігерлер пневмонияға шалдыққандардан коронавирустың клиникалық белгілері байқалатынын айтқан.
Есмағамбетованың сөзінше, пневмониямен ауырғандар ПТР тестілеу қорытындысына қарамастан COVID-19 клиникалық хаттамасы бойынша емделіп жатыр.
Дәрігер ПТР талдауы коронавирус бола тұра теріс нәтиже беруі мүмкін екенін мойындады.
2 шілде күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда биыл жыл басынан бері пневмониямен ауырғандар саны 98 мыңнан асқанын, соның 32 мыңға жуығы бір ғана маусым айында тіркелгенін айтқан.
Coronavirus2020.kz сайтындағы мәліметке сәйкес, Маңғыстау облысында 1609 адамнан коронавирус анықталған. Оның 416-сы жазылған. 29 маусымдағы дерек бойынша, облыста коронавирустан үш адам қайтыс болған. Қазақстан билігі COVID-19 өлімін 29 маусымнан бері жаңартпай отыр.
АҚШ-та КВИ жұқтырғандар үш күн қатарынан 50 мыңнан асты. Англияда дәмханалар ашылмақ
АҚШ-та үш күн қатарынан 50 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Бүгін, 4 шілдеде америкалықтар Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Әдетте бұл күні ел тұрғындары түрлі қоғамдық шараға қатысып, жолға шығып жатады. Бірақ аурудың өршуі билікті халыққа үйде отыру жөнінде үндеу жасауға мәжбүрледі.
50 штаттың 40-ында аурудың тарауы ушығып барады. Кемі 14 штатта вирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.
АҚШ-тың оңтүстігі мен батысы өте ауыр жағдайда. Флоридада ауруханаға түскендер саны артып, күн сайын 10 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. Штат билігі түнгі уақытқа комендант сағаты енгізіп, жұмысы қалпына келгеніне бір ғана ай толған сауықтыру орындарын жапты.
Калифорния билігі індет өршіп, ауруханаға түскен саны артқандықтан, кәсіпорындарды қайта ашу жоспарын кейінге қалдырды.
Әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар 11 миллионнан асты. Жарты миллионнан астам адам қайтыс болды. Вирус жұқтырғандар мен аурудан қайтыс болғандардың төрттен бір бөлігі АҚШ үлесінде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вируспен бетпе-бет келген елдерді “оянуға” және пандемиямен күресті жалғастыруға шақырды.
“Адамдар оянуы тиіс. Деректер өтірік айтпайды” деді ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан.
АҚШ-пен салыстырғанда Еуропа мен Азия елдері вирустың тарауына бақылауға алып, экономикаларын бірте-бірте аша бастады.
Британияда 4 шілде күні наурыздан бері жабық тұрған пабтар, дәмханалар, кинотеатрлар, галереялар, музейлер және қонақүйлер жұмыс істей бастайды.
Латын Америкасында КВИ жұқтырғандар 2,7 миллионнан асты. Экономикасы мен халық саны жөнінен өңірдегі ең ірі ел Бразилияда 1,5 миллион адамнан коронавирус анықталды. Коронавирус жұқтырып, салдарынан қайтыс болғандар 63 мыңнан асты. Бұл – АҚШ-тыкінен кейінгі екінші көрсеткіш.