Еурокомиссия "Ремдесивирді" коронавирусқа қарсы қолдануға рұқсат етті
Еуропа комиссиясы Еуропа одағы елдерінде COVID-19 салдарынан ауыр дертке шалдыққандарды емдеуге вирусқа қарсы "Ремдесивир" препаратын қолдануға ресми түрде кеңес береді. Бұл туралы 3 шілде күні Еурокомиссияның мүшесі, денсаулық сақтау саласын үйлестіретін Стелла Кириакидес хабарлады.
Осылайша "Ремдесивир" Еуропа одағының мұндай деңгейде мақұлдауынан өткен алғашқы препарат болып отыр. Еурокомиссия қорытындысын "Ремдесивирді" бірнеше елде клиника жағдайында қолдану нәтижесін бағалаған Еуропаның фармацевтика агенттігінің деректеріне сүйеніп жасап отыр.
Бұл препаратты АҚШ-тың Gilead Sciences әу баста Эбола індетін емдеу үшін шығарғанымен тиімділігі аса көп байқалмаған. «Ремдесивирді» клиникалық сынақтан өткізу барысында науқастың аурудан кейін жылдамырақ қалпына келуіне көмектесіп, дерттің жеңіл өтуіне септесетіні анықталған.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі бекіткен COVID-19 жұққан науқастарды емдеу хаттамасында «Ремдесивир» препараты да бар.
АҚШ-тағы пандемия: Техаста маска тағуды міндеттеді, Чикагоға келгендер карантинде болады
АҚШ-тағы ең ірі қалалардың бірі Чикагода кейінгі кездері коронавирус инфекциясын жұқтырғандар қайта көбейген елдегі 15 штаттан келген адамдарды 14 күн бойы міндетті карантинге жатқызу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау департаменті жариялады.
Қазір елдегі 50 штаттың 37-інде індеттің қайта өршігені байқалады. АҚШ-та осы кезге дейін COVID-19 салдарынан 130 мыңға жуық адам (дүниежүзі бойынша індеттен өлгендердің ширек бөлігі) қайтыс болып, 2 млн 760 мың адам вирус жұқтырды. Кей штаттардың билігі дерттің ары қарай тарауына жол бермеу мақсатымен карантин шектеуін қайта енгізуді ұйғарды. Техас штатының губернаторы Грег Эбботт қоғамдық орындарда маска тағып жүруді міндеттеді.
АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті, биыл қарашада өтетін президент сайлауына Демократиялық партия атынан кандидат болуға үміткер Джо Байден бейсенбі күні пандемияға қарсы күрес туралы сөз сөйледі. Ол Ақ үйде отырған Дональд Трамптың әкімшілігін қатаң сынға алып, коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест өткізуді күрт көбейтуге, (Трамп сынап жүрген) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен әріптестікті қайта қалпына келтіруге, елде індетке қарсы шараларды жұмсартуға қатысты бірыңғай стандарт қабылдауға, сонымен бірге дағдарысқа қарсы кейбір әлеуметтік төлемдерді ұлғайтуға үндеді.
Бас санитарлық дәрігер: Өкпе қабынуын COVID-19 хаттамасына сай емдейді
Қазақстан ел аймақтарында өкпесі қабынып ауырғандар мен дерт салдарынан өлім-жітім көбейгеннен кейін клиникалық хаттамаға "коронавирус инфекциясы болуы ықтимал" деген ұғым енгізді. Бұл туралы жұма, 3 шілде күні өткен онлайн брифингте елдің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова хабарлады. Оның сөзінше, ПТР тестілеу қорытындысына қарамастан пневмониямен ауырғандарды емдеу COVID-19 клиникалық хаттамасы бойынша жүргізіледі.
"Кейінгі уақытта пневмония диагнозымен түскен науқастарды тексерген кезде ПТР қорытындысы оларда (инфекция) белгісі жоғын көрсетеді. Мұндай болуы да мүмкін, себебі коронавирус инфекциясы жоғары тыныс жолынан төменгіге өтіп кеткен соң ПТР-тест қорытындысы (вирус барын) әр кез көрсете бермейді", - деді Есмағамбетова.
Бірақ ол пневмония диагнозы қойылған қанша адамнан коронавирус анықталғанын айтпады. Есмағамбетованың сөзінше, биылғы жылдың алғашқы жартысында пневмониядан 1772 адам көз жұмған, олардың 628-і маусым айында қайтыс болған.
2 шілде күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда биыл жыл басынан бері пневмониямен ауырғандар саны 98 мыңнан асқанын, соның 32 мыңға жуығы бір ғана маусым айында тіркелгенін айтқан.
Пневмонияға шалдыққандардың көбінде ПТР тексеру барысында COVID-19 белгісі анықталмайды дейді дәрігерлер. Кей сарапшылар дерттің өршуі – коронавирус салдарынан деп санайды.
"Қазіргі кезде біз қолданатын тест талапқа сай емес немесе зерттеу қате жасалып жүр деуге негіз болатындай дерек жоқ", - деді Есмағамбетова.
Қазақстанда кейінгі бірнеше аптада пневмонияға шалдыққандар мен осы дерттен болған өлім-жітім Ақтөбе, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында жиілегені байқалып отыр. Бірқатар өңірде, атап айтқанда Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласындағы медицина мекемелері пневмониямен ауырып, аурухана түсіп жатқандар күрт көбейгенін айтады.
5 шілдеден бастап Өскемен және Семей қалалары жабылады
Қазақстанның шығысындағы екі қала - Өскемен мен Семей коронавирус тарауына байланысты 5 шілдеден бастап қайта жабылады. Екі қалаға кіріп-шығу шектеледі. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов Instagram желісінде хабарлады.
Ахметовтің жазуынша, жағдай ұшығып кетпес үшін 5 шілдеден бастап Өскемен мен Семей қаласы жабылып, қалалар мен аудандар арасындағы адамдар мен көлік қозғалысы барынша азайтылады.
ШҚО-да наурыз-мамыр айында 135 адамнан коронавирус табылса, маусымда бұл көрсеткіш 710 адамға жетті.