Лукашенко: Беларусь коронавирусты жеңді деуге болады
Беларусь президенті Александр Лукашенко мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесі коронавирусқа"қарсы тұрып, ел жеңіске жетті деуге болады" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Беларусь"саяси парасаты мен халық кемеңгерлігін" көрсете білген.
"Біздің денсаулық сақтау жүйеміз қарсы тұра білді. Бірақ біз күресті бәсеңдетпейміз, әйткенмен қазірдің өзінде жеңіске жеттік деуге болады. Қазір кезекшілікте жүрген дәрігерлерімізбен СОVID-19-ды біржолата жеңген соң міндетті түрде жеке кездесеміз", - деген Лукашенконың сөзін БалТА мемлекеттік агенттігі келтірген.
Беларусь денсаулық сақтау министрлігі елдің коронавирус дерті платосына (індеттің шарықтау шегіне) жеткені туралы мамырдың ортасында мәлімдеген. Беларусь – Еуропада коронавирусқа байланысты карантин жарияламаған, кәсіпорындары жұмысын тоқтатпаған елдердің бірі. Билік көпшілік шараларды шектемей, тіпті 9 мамырда Жеңіс парадын да өткізген.
2 шілде күнгі ресми мәліметке сай, Беларусь елінде індет басталғалы 62424 адамға коронавирус жұғып, 398 адам қайтыс болған. Бірақ сарапшылар үкімет мәліметіне күмән келтіріп, COVID-19 салдарынан көз жұмғандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар 44 мыңнан асты
2 шілде күні Қазақстанда 1501 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 1005-інде ауру белгісі білінбейді деп хабарлады жұма күні денсаулық сақтау министрлігі.
Ресми мәлімет бойынша, наурыздан бері елде вирус жұқтырғандардың жиынтық саны 44075 адамға жеткен. 14 мыңнан астам адам дерттен жазылып шыққан.
Қазақстан билігі коронавирустан қайтыс болғандар туралы ресми мәліметті бұған дейін 29 маусымда жариялаған – 188 адам. Содан бері коронавирустан көз жұмғандар туралы тың ақпарат жариялаған жоқ.
2 шілдеде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкімет енді коронавирустан қайтыс болғандардың санын күн сайын емес аптасына бір рет жариялап отыратынын мәлімдеді.
"Комиссия өлімнің себебін кісі қайтыс болғаннан кейін анықтайды. Сөйтіп кісінің коронавирустен өлгенін біз бір-екі күн кешігіп білеміз. Біз мұны апталық форматта хабарлауды жоспарлап отырмыз", - деді министр.
Жаңа тәртіп COVID-19 өлімі жөніндегі ресми дерекке байланысты күдік көбейген тұста енгізіліп отыр.
Кейінгі апталарда Қазақстанда өкпе қабынуы дертіне шалдыққандар да күрт артты, қайтыс болып жатқандар да көп. Әдетте COVID-19 инфекциясы осындай өкпе дертіне душар етеді.
Індеттің өршуі Қазақстан үкіметін 5 шілдеден бастап екі аптаға қатаң карантин жариялауға мәжбүр етті. Билік жағдай тұрақталмаса шектеу шарасы жалғасуы мүмкін екенін айтады.
Ресейде COVID-19 жұқтырғандар қайта көбейіп жатыр
Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны қайтадан көбейе бастады. Оны инфекцияның таралуына қарсы күрес жөніндегі федералдық жедел штабтың мәліметінен байқауға болады. Кейінгі бір тәулікте Ресейде 6760 адамнан коронавирус анықталған. 147 науқас қайтыс болып, 6047 адам дерттен жазылған.
Осылайша Ресейде коронавирус жұқтырғандардың саны бұрынғыдан 566 адамға көбейген. Бұған дейін екі тәулік бойы бұл көрсеткіш төмендеп келген болатын.
Вирус жұқтырғандардың көбі Мәскеу қаласы (222 871) мен Мәскеу облысында (58 193), ), Ханты-Мансийск автономиялы округінде (9485), Санкт-Петербург қаласында (24 727) және Иркутск облысында (7776) тіркелген.
Ресейде осы індеттен, федералдық штабтың мәліметі бойынша, 9683 адам өлген. Сарапшылар штаб, аймақтар мен Росстат мекемесі бір-бірінен едәуір айырмашылығы бар мәлімет ұсынғанын айтады. Олар жедел статистикада өлім көрсеткіші азайтылып беріледі, кей аймақтарда бірнеше есе төмен етіп көрсетеді деп отыр.
Экс-президент Назарбаев елді "тәртіп сақтап, төзімді болуға" үндеді
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 3 шілде күні халыққа үндеуінде қазіргі таңда әлемде миллиондаған адамға жұққан коронавирус індетінің зардабын Қазақстан халқы да тартып жатқанын, өзіне де инфекция жұққанын айтты.
Ол Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін өз шешімі бойынша құрылған арнаулы Ұлттық қор мен алтын-валюта резерві "екі бірдей әлемдік дағдарысты жеңіп шығуға септігін тигізгенін" еске салды.
"Сол қаражат қазір үкіметке пандемияға қарсы ауқымды жұмыс пен тұрмысы төмендерге қолдау көрсету барысында көмегін тигізуде. Егер алдағы уақытта оны ақылмен, үнемдеп пайдалана білсек, өзге сын-қатерлерді де тиімді еңсере аламыз. Қазақстанның басқа елдер алдында қарызы ең төмен мемлекеттің бірі екені де біздің артықшылығымыз", - дейді бұрынғы президент.
Назарбаев "қазіргі президент пен үкіметтің қалыптасқан жағдайды түзету үшін қажетті барлық шараны қабылдап, дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын" айтқан.
"Алайда бұл ауруды жұқтырудан сақтану көбінесе әр адамның өзіне байланысты. Төзімді болу керек, әсіресе, жастарға", - деген Назарбаев елге гигиена талаптарын орындап, "тезірек вакцина пайда боларынан" үміт үзбей, "ауру жұқтырудан барынша ұзағырақ уақыт сау болуға тырысқан жөн" деген кеңес береді. "Тәртіп сақтап, өз денсаулығымызды, туған-туыстар мен жақындардың амандығын ойлауымыз қажет, дәрігерлерге сену керек", - дейді экс-президент.
Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырып, кейін айыққаны бұған дейін хабарланған.
Биыл 6 шілдеде Назарбаев 80 жасқа толады. Оның туған күні елде "Астана күнімен" тұспа-тұс келеді. Былтыр ол президенттіктен кеткен кезде мемлекет астанасының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгерген.
Назарбаев президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және биліктегі "Нұр Отан" партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр. Өзі мемлекетті басқарған кезде қабылданған заңдарға сәйкес Назарбаев пен оның отбасына қылмыстық іс қозғауға болмайды.
Билікті сынаушылар Назарбаев қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ықпалын жүргізіп, елді әлі басқарып отыр деп санайды.