- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
Елде тағы карантин. Вице-премьер вирустың өршуіне "тығылып той жасаған" жұртты айыптады
Қазақстан үкіметі 5 шілдеден бастап екі апта карантин енгізбек. Бұған ел аумағында коронавирустың жаппай тарауы себеп. Ауруханаларда орын жоқ, дәрі де тапшы. Кей азамат карантинді құптаса, кейбірі бұл әрекеттен пайда жоқ дейді.
Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар саны енді аптасына бір-ақ рет хабарланады
Қазақстан үкіметі енді коронавирустан қайтыс болғандардың санын күн сайын емес аптасына бір рет жариялап отырмақ. Бұл туралы 2 шілдеде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.
Енді ресми деректе вирус жұқтырғандар мен аурудан жазылып шыққандар саны күн сайын жаңарып, қайтыс болғандар саны бір апта бойы өзгеріссіз тұрады. Бұл тәртіп COVID-19 өлімі жөніндегі ресми дерекке қатысты күдік көбейген тұста енгізілмек.
“Комиссия өлімнің себебін кісі қайтыс болғаннан кейін анықтайды. Сөйтіп кісінің коронавирустен өлгенін біз бір-екі күн кешігіп білеміз. Біз мұны апталық форматта хабарлауды жоспарлап отырмыз” деді министр брифингте.
Министрлік бұл тәртіпке 30 маусымнан бастап көшуі мүмкін. Себебі COVID-19 өлімі туралы дерек 29 маусымнан бері жаңармады. Сол күні коронавирустан қайтыс болғандар 188-ге жеткен.
Журналистер сұрағына жауап берген Цой, кеше, 1 шілде күні коронавирустан 10 адам қайтыс болғанын айтты.
Қазақстан билігі коронавирус жұқтырған 101 марқұмды ресми статистикаға қоспай отыр. Министрлік олардың өлімі "басқа дерттерден болды, коронавирус тікелей әсер етпеді" деп санайды.
Батыс елдері бұл індеттен көз жұмғандарды санағанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) хаттамасына сүйенеді.
ДДСҰ әлем елдеріне қайтыс болған адамнан COVID-19 анықталса, басқа қандай ауруы барына қарамастан марқұмды коронавирустан көз жұмғандар статистикасына енгізуді ұсынған. Ұйым "түрлі апаттан (мысалы, жол апаты) және миокард инфарктінен қайтыс болғандардан COVID-19 инфекциясы табылса, оларды коронавирустан қайтқандар статистикасына қоспай-ақ қоюға болады" деген.
Кейінгі екі аптада Қазақстанда пневмонияға шалдығып, қайтыс болғандар саны да күрт артты. Дәрігерлер марқұмдардың ПТР анализінен коронавирус табылмады деген. Бірақ Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы пневомнияның ауыр түріне шалдыққан адамдарда коронавирус ауруының клиникалық белгілері барын айтқан және оларды COVID-19 хаттамасымен емдеп жатқанын хабарлаған.
Алексей Цойдың айтуынша, 1 шілдеде елде пневмониядан 20 адам қайтыс болған.
Министрдің сөзінше, Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Өткен жылдың алты айында пневмониямен 63430 адам ауырған. Өсім - 55,4 пайыз.
"2020 жылдың маусымында 32724 адам пневмониямен ауырды. Былтырғы маусымда 7964 адам ауырған еді" деді Цой.
Қазақстанда вирус жұқтырғандардың жалпы саны 42 574 адамға жетті. Елде 5 шілдеден бастап карантин шаралары күшеймек.
- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
Карантинде табыссыз қалатындарға 42500 теңге төлене ме?
Қазақстанда 5 шілдеден бастап коронавирусқа байланысты карантин шаралары енгізілгенде табыссыз қалатын кәсіпкерлер мен жұмысшыларға 42500 теңге (шамамен 95 доллар) жәрдемақы төленбейді. Бұл туралы 2 шілдеде өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.
- [42500 теңге] төтенше жағдай режимімен байланысты болды. Төтенше жағдай режимі тоқтатылды, енді оны төлеуге ешқандай негіз жоқ. Сондықтан барлық қазақстандық жұмысын жалғастыруы керек, - деді Тоғжанов Азаттық тілшісінің сұрағына жауап бергенде.
Қазақстан билігі 16 наурыз - 11 мамыр аралығында коронавирусқа байланысты төтенше жағдай мен карантин кезінде жұмыссыз қалған жұртқа ең төменгі айлық көрсеткіш көлемінде (42500 теңге, шамамен 95 доллар) жәрдемақы төлеген.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 42 мыңнан асып, елде пневмония күшейген тұста билік 5 шілдеден бастап карантин шараларын қатайтпақ. Сауда орындары, жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдар, фитнес, бассейн, жағажай, аквапарк жабылады. Балабақшалар (тек кезекші топтар ғана жұмыс істейді), балалар лагерьлері, караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг, кинотеатр, фудкорт, банкет залдарының жұмыс істеуіне болмайды. Тоғжанов "барлық қазақстандық жұмысын жалғастыруы керек" десе де, карантинге байланысты еріксіз жабылатын бизнеске билік тарапынан қандай көмек болатыны белгісіз.
Наурыз-мамырдағы карантин кезінде әр облыста табыссыз қалған кәсіпкерлер бірнеше рет жиналып, биліктен жұмыс істеуге не кәсіптеріне қолдау талап еткен еді.
Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев (Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр) коронавирустан айыққаны хабарланды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter парақшасында жазды.
Үкібайдың сөзінше, Назарбаевтың 2 шілдедегі анализі теріс нәтиже көрсеткен. Экс-президенттің баспасөз хатшысы "Назарбаев оқшауланып жұмысын жалғастыра беретінін" және "таза ауада серуендеуге уақыт бөлетінін" жазды. Үкібай твитінде Назарбаевтың орманда серуендеп жүрген суреті мен адамның қадамын санайтын мобильді қосымшадағы "42 минут, 2,5 километр" деген көрсеткіштің скриншотын жариялады.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа коронавирус жұққаны 18 маусымда белгілі болған. Тура 14 күннен кейін оның дерттен айыққаны хабарланды.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа коронавирус жұққаны 18 маусымда белгілі болған. Тура 14 күннен кейін оның дерттен айыққаны хабарланды.
6 шілдеде Назарбаев 80 жасқа толады. Оның туған күні елде "Астана күнімен" тұспа-тұс. Былтыр Назарбаев президенттіктен кеткенде Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгерген.
Назарбаев президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және биліктегі "Нұр Отан" партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр. Оның "Елбасы" титулы бар. Бұл титулдың арқасында Назарбаев пен оның отбасына қылмыстық іс қозғалмайды.
Билікті сынаушылар Назарбаев қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр қадамын бақылап, елді әлі басқарып отыр деп санайды.
Қазақстан жыл сайын 6 шілдеде Астана күнін көп қаржы бөліп атап өтетін. Билік елде коронавирус өршіп, вирус жұқтырғандар 42 мыңнан асқан тұста екінші рет карантин енгізуге мәжбүр болды. Сондықтан биыл Астана күні онлайн форматта атап өтілмек.