Қазақстан 5 шілдеден карантинді екі аптаға күшейтпек
Қазақстан билігі 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин шарасын күшейтеді. Бұл туралы үкіметтің Telegram желісіндегі Coronavirus2020.kz каналы хабарлады.
- Көлік қатынасы бойынша мынадай тәртіп орнайды:
1. Елдер тізімін көбейтілмей, халықаралық әуе қатынасы сақталады;
2. Өңірлер арасындағы әуе қатынасын, темір жол қатынасы сақталады (шектеулермен);
3. Өңірлер арасындағы жолаушылар автобусы қатынасы уақытша тоқтайды;
4. Қоғамдық көліктің жұмысы уақыт бойынша шектеледі.
- Азаматтардың жүріп-тұруы бойынша мынадай тәртіп орнайды:
1. Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады;
2. Ашық ауада жаттығулар жасауға рұқсат етіледі;
3. Тұрғындардың көшелерде, саябақтарда, скверлерде 3 адамнан артық серуендеуі шектеледі;
4. 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуы шектеледі.
- Қызметіне тыйым салынатын нысандар тізімі:
1. Сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа), діни нысандар және ойын-сауық орталықтары, караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг орталықтары, кинотеатрлар, балаларды сауықтыру лагерлері, фудкорттар, банкет залдары.
2. Мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы қашықтан жұмыс істейді;
3. Медицина орталықтары алдын ала жазылу бойынша қызмет көрсетеді;
4. Дәріханалар, азық-түлік дүкендері, ашық базарлар жұмыс істей береді;
5. Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мынадай нысандар қызметін жалғастырады: ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандары; үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары; ашық ауадағы құрылыс жұмыстары; ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары; халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде авто жуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, ХҚКО-лар, екінші деңгейлі банктер (жұмысы уақыт бойынша шектелді).
Хабарламада аталған карантин шектеулері эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2 аптаға ұзаруы немесе күшейтілуі мүмкін екені айтылған.
Аталмыш мерзімге карантин күшейтілуі мүмкін екенін 1 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлаған болатын.
Мұның алдында жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ел президентіне карантин шектеулерінің үш сценарийін ұсынды. Екі апталық шектеу соның бірі болған.
Қазақстан 6 шілде күні Астана күнін атап өтеді. 6 шілде - елдің бұрынғы президенті, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын қолында ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың да туған күні. Ол биыл 80 жасқа толады. Бұл күн әдетте республика бойынша кең көлемде тойланатын. Коронавирус пандемиясына байланысты Алматы әкімдігі жоспарланған мерейтойлық салюттен бас тартқанын, Нұр-Сұлтан әкімдігі шараларды онлайн өткізетінін хабарлады.
Індет кезінде жабылған қазақ-өзбек шекарасында жүздеген тәжік бөгелді
Қазақстанның Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Өзбекстанмен шекарадағы "Жібек Жолы" бекеті маңына жиналған Тәжікстанның жүз шақты азаматы өзбек шекарасынан өте алмай тұр. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди хабарлады.
Өзбекстан үкіметі еліне қайтпақ болған тәжік азаматтарына өз аумағы арқылы өтуге рұқсат бермеген. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара коронавирус пандемиясына байланысты үш айдан бері жабық тұр.
Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігі "Жібек Жолы" шекара бекеті маңындағы автобус станциясында ондаған тәжік азаматы тағы да жиналып қалғаны туралы ақпаратты растады. Елшіліктің хабарлауынша, бұған дейін осы автобус станциясында бірнеше апта бойы шекарадан өте алмай жатқан "шамамен 100" тәжікстандық (көбі егде жастағы адамдар мен балалар) 1 шілде күні еліне жөнелтілген.
Тәжік мигранттарының кейбірі Озоди радиосына өздерін Алматыдан Түркістан облысындағы бақылау-өткізу бекетіне еелшілік қызметкерлері жеткізгенін айтты.
– Біз мұнда жеті автобуспен түнгі сағат 12 кезінде жеттік. Осы жердегі "Жібек жолы" бекетінде 300-ге жуық жерлесіміз бар екен. Бізге Тәжікстан шекарасына дейін жеткіземіз деп хабарлаған. Бірақ осы жерге дейін ғана жеткізіп, кетіп қалды. Не істерімізді білмей отырмыз, - деді Азаттық радиосына Ильхом Бобиев есімді тәжік азаматы.
19 маусым күні Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) АҚШ, Норвегия және ЮНИСЕФ ұйымының қаржылай қолдауымен Тәжікстанның 635 азаматын 14 автобуспен Отанына жеткізуге көмектескен. Бұл шара Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтерінің келісімімен іске асырылды. ХКҚҰ-ның мәліметі бойынша, Тәжікстанға оралғандардың 25 пайыздан астамы 15 пен 24 жас аралығындағы жастар, арасында Қазақстанда оқу орындарында білім алып жүрген жүзге жуық қыз бен жігіт бар. Отанына оралғандардың 15 пайызға жуығы – әйелдер мен қыз балалар.
Сол шақта жүздеген тәжік мигранты өздеріне Өзбекстан билігі ел аумағы арқылы Тәжікстанға жетуіне қашан рұқсат беретінін Қазақстанның Түркістан облысындағы "Жібек жолы" шекаралық өткізу бекеті маңындағы автостанцияда ашық аспан астында бірнеше апта бойы күтіп жатқан еді. Автобус станциясында қазір жиналып қалған мигранттарға енді қанша күтуіне тура келетіні белгісіз. Тәжік дипломаттары шекарада бөгелген азаматтары "жақын күндері елге жеткізіледі" деп уәде беріп отыр.
Қырғызстанда бір күнде 500-ден астам адамнан COVID-19 анықталды
Қырғызстанда өткен тәулікте 526 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Бұл туралы 2 шілдеде денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Айнұр Акматова хабарлады.
Бір күнде мұншама көп адамнан коронавирустың анықталуы Қырғызстанда алғаш рет тіркеліп отыр.
Ресми дерекке сәйкес, вирус жұқтырғандардың көбі Бішкек (211 адам) қаласы мен Шу облысында (231) анықталған.
COVID-19 тарағалы бері Қырғызстанда коронавиру жұқтырғандардың жалпы саны 6261 адамға жеткен. 2530 адам дерттен жазылған. 66 адам қайтыс болды.
Қазір елдегі коронавирус белгісі жоқ, пневмониямен ауырған 1247 адам ауруханада жатыр. Олардың 337-сінің халы ауыр, 112 адам жансақтау бөлімінде жатыр деп хабарлайды коронавирус инфекциясы жөніндегі республикалық штаб.
Билік елде пневмония дертінен 97 адамның қайтыс болғанын хабарлады, бірақ бұл қай кезеңдегі көрсеткіш екенін айтпады. 29 маусымда денсаулық сақтау министрі Сабыржан Абдикаримов биылғы наурыздан бері пневмониядан 54 адам көз жұмды деп хабарлаған.
ДДСҰ: COVID-19 өте шапшаң тарап жатыр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирус пандемиясы бұрын-соңды болмаған шапшаңдықпен тарап жатқанын мәлімдеді.
Ұйымның мәліметінше, қазір күн сайын әлемде коронавирус жұқтырған 160 мың адам анықталып отыр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше 1 шілде күні АҚШ-та 52 мың адамнан вирус анықталған, бұған дейін еш жерде мұндай көрсеткіш болмаған. Қазірге дейін АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 2,7 миллион адамға жетті.
Індеттің өршуі АҚШ билігін бар, мейрамхана, жағажай жұмысын қайта жалғастыруды кейінге ысыруға мәжбүр етті. Коронавирустың тарап кетпеуі үшін бұған дейін шектеу шарасын енгізген кейбір штаттар да қоғамдық орындарды қайтадан ашуды кейінге қалдырды.
1 шілдеде АҚШ-та коронавирустан тағы 700 адам қайтыс болды. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы АҚШ-та көз жұмғандар саны 128 мыңнан асты.
Індет өршіп бара жатқан шақта АҚШ Эбола вирусына қарсы қолданылатын "Ремдесивир" дәрісінің әлемде бар қорын түгелге жуық сатып алған деген ақпарат тарады. Бұған дейін осы дәрі COVID-19 дертінен айыққан адамның денсаулығын тезірек қалпына келтіруге көмектеседі деп хабарланған. АҚШ-тың бұл ісі әлемдегі сарапшылар қауымын алаңдатты. Дәрінің жаңа партиясы тек күзде ғана саудаға шығарылады, сондықтан өзге елдерге күте тұруға тура келеді.
COVID-19 жұқтырғандар көрсеткіші бойынша дүниежүзінде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұрған Бразилияда вирустан көз жұмғандар 60 мыңнан асты. Мексика денсаулық сақтау министрлігі елде індеттен 28 мың адам қайтыс болғанын хабарлады, бұл Испаниядағы өлім көрсеткішінен де көп.