БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі пандемия кезінде жанжалды доғаруға үндеді
Біріккен ұлтттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі дүниежүзінде өршіп тұрған коронавирус пандемиясына қарсы күресті жеңілдету үшін әлемдегі барлық жанжалды дереу тоқтатуға үндейтін қарарды бірауыздан қабылдады.
Франция мен Тунис әзірлеген қарарда гуманитарлық көмекті жеткізуді жеңілдету үшін "қарулы жанжалға қатысушы тараптардың бәрін кемінде 90 күнге жалғасатын ұзақ мерзімді гуманитарлық үзілісті дереу жариялауға үндейтіні" айтылған. Үндеу Сирия, Йемен, Ливия мен өзге де соғыс болып жатқан аймақтағы қарулы жанжалға қатысушы тараптарға арналған. Ал "Ислам мемлекеті", "Әл-Каида" сияқты экстремистік топтар мен олардың бөлімшелеріне қарсы жүргізіліп жатқан әскери операцияларға мұның қатысы жоқ.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі жетекшісі, Германияның халықаралық ұйымдағы елшісі Кристоф Хойсген қарарды құптап, "бұл қазіргі кезде әлемнің жанжал болып жатқан аймақтарында тұратын адамдарға үміт береді" деді. Бірақ сарапшылар қарардың тиімді әсері болатынына күмән келтіреді.
Бұл қарар БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің 23 наурызда коронавирус пандемиясына қарсы күресу үшін әлемде қарулы жанжалдарды тоқтатуға шақырған мәлімдемесімен үндеседі.
Қазақстанда мың жарым адамнан COVID-19 анықталды
1 шілде күні Қазақстанда 1509 адамнан коронавирус анықталды. Оның 981-інде аурудың клиникалық белгілері байқалмаған. Бұл туралы бейсенбіде денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ең көп адам Атырау облысы (287), Алматы қаласы (195), Батыс Қазақстан облысы (112), Алматы облысы (111), Шығыс Қазақстан облысы (111), Қызылорда облысы (105), Қарағанды облысы (97) мен Маңғыстау облысында (83) тіркелген.
Ресми мәлімет бойынша, наурыздан бері вирус жұқтырғандардың жиынтық саны 42574 адамға жетті.
Вирус жұқтырғандардың жалпы саны ресми деректегіден көп болуы мүмкін. 19 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР талдауын 56 зертхана жүргізіп отырғанын, бір күнде алынатын тест саны 28 мыңға жеткенін, келешекте 35 мыңға жететінін айтқан. Коронавирустың бар-жоғын тексеретіндер арасында жекеменшік зертхана көп. Кейінгі кезде олардың бірнешесі ПТР талдауын жүргізуді не жартылай, не толық тоқтатқан. Тұрғындар ПТР анализін тапсыру қиындығын шағынған.
1 шілде күні денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова алдыңғы тәулікте 19,5 мың тест жасалғанын айтты. Ел өңірлерінде пневмонияға шалдығып, салдарынан қайтыс болып жатқандар күрт көбейген. Жергілікті денсаулық сақтау басқармалары ПТР талдауы теріс нәтиже көрсетіп жатқанын, бірақ клиникалық белгілері бойынша COVID-19 ауруына ұқсайтынын айтады.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирустан 188 адам қайтыс болған. Үкімет COVID-19 салдарынан өлгендер жжайлы ақпаратты 30 маусымнан бері жаңартпады. Кісі өлімі жөніндегі дерек соңғы рет 29 маусым өзгерді. Оған дейін күніне он шақты кісі қатыс болғаны хабарланып отырған.
- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
Ауруханада орын, дәріханада парацетамол жоқ. Халық сабылып жүр
Қазақстанның бірнеше өңірінде орталық дәріханалар мен қоймаларда дәрі-дәрмек тапшылығы байқалды. Таңнан кешке дейін кезек күткен халық. Коронавирус тарап, пневмония өршіген тұста үйден емделген жұрт көше кезіп, дәрі таппай сабылып жүр. Азаттық тілшілері Алматы, Ақтөбе, Шымкенттегі жағдайды бақылап көрді.
Үкімет Тоқаевқа 5 шілдеден бастап 14 күндік карантин енгізуді ұсынды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде "Үкімет 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин жариялау туралы (ол ұзартылуы да мүмкін) жоспарын ұсынды" деп мәлімдеді.
Тоқаевтың жазуынша, 2 шілдеде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін түсініктеме береді.
Елде маусымның басынан коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп, 29 маусымда Тоқаев үкіметке елде "наурыз-мамырдағыдай" қатаң карантин шарасын қайтаруды тапсырған. Сол күні ол елде коронавирус өршіп кеткенін мойындап, қала, облыс әкімдер мен министрлерге сөгіс жариялаған.
30 маусымда елдің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде екі аптадан-төрт аптаға дейін қатаң карантин жариялауды ұсынды. Оның сөзінше, 4 апталық карантин жарияланса, тамыздың соңына таман елде күніне 2,5 мың адам вирус жұқтырып, ауруханаға түседі. Егер карантин болмаса, "күніне 27 мың адам вирус жұқтырады".
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус індетінің бақылаудан шығып кеткенін дәлелдейтін 5 факт
Билік елде 13 наурызда коронавирус алғаш табылды деп хабарлаған соң, 16 наурызда ТЖ мен қатаң карантин жариялаған. ТЖ режимі 11 мамырда аяқталып, карантин шаралары жеңілдей бастады. Кейін елде вирус жұқтырғандар көбейе бастады. Билік төтенше жағдай кезінде коронавирус пен экономикалық дағдарысты еңсеру үшін бюджеттен 10 млрд доллар бөлген. Үкімет бұл қаржының қалай жұмсалғаны жайлы толық есеп берген жоқ. Бюджет ашықтығын зерттеп жүрген ұйымдар билікті ашықтыққа шақырған.
Кейбір сарапшылар "үкіметті экономиканы жандандыру үшін карантин шектеулерін тым ерте алып тастады, халыққа вирустың қаупін дұрыс түсіндірмеді" деген пікір айтқан.
Эпидемия басталғалы Қазақстанда вирус жұқтырғандар 40 мыңнан асып, 188 адам коронавирустан қайтыс болды. Мыңдаған адам пневмониядан көз жұмды. Алматы мен Нұр-Сұлтанда инфекциялық стационарлардың 90 пайызы толған.
ДДСҰ Қазақстанды "вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына" кіргізді.