БҰҰ өкілі: COVID-19 індетін сөз бостандығын тұншықтыруға пайдаланған елдер бар
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет арасында Қытай мен Ресей де бар бірнеше елді коронавирус пандемиясын пайдаланып, сөз бостандығын тұншықтырды деп айыптады. Бұған қоса ол АҚШ-тың коронавирустың тарауы жайлы "шынайы жағдайды жоққа шығарған" мәлімдемесіне байланысты алаңдап отыр.
БҰҰ-ның жоғарғы комиссары "биліктің COVID-19 індеті кезіндегі іс-әрекетін сынауға жол бермеу мақсатымен" журналистерді, блогерлер мен азаматтық белсенділерді қорқытып-үркіту фактілері айқын көрінген өзге елдердің арасынан Ресей, Қытай мен Косованы бөле-жара атаған.
Сөз еркіндігін қылмысқа балау мен цензура пандемияға қарсы күреске қажет маңызды ақпаратты таратуды тұншықтырады деді 30 маусым күні Бачелет.
БҰҰ жоғарғы комиссары сыни пікірін АҚШ-та коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты бірнеше штат мейрамхана, бар және өзге кәсіпорындардың жұмысын қайта жалғастыруды кейінге қалдырып, карантин шарасын күшейтуге мәжбүр болып жатқан кезде айтты. Ал бұл уақытта Еуропа одағы елдері карантинді босаңсытып, халықаралық қатынастарды қайта қалпына келтіруге дайындалып жатыр.
Сонымен бірге Мишель Бачелет Беларусь, Бразилия, Бурунди, Никарагуа, Танзания, АҚШ пен өзге елдердің кейбір саясаткерлерінің коронавирус жұқтыру қаупін жоққа шығарған мәлімдемесіне алаңдап отыр.
Мұндай мәлімдемелер вирустың тарауына байланысты ахуалды ушықтырып, инфекцияны ауыздықтауға бағытталған күш-жігерді мұқатуы мүмкін делінген БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының хабарламасында.
Өзбекстан билігі 1 шілдеден карантин шараларын күшейтті
Өзбекстанның коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі республикалық комиссия 1 шілдеден бастап елде карантин шарасын күшейту туралы шешім қабылдады.
Оған сәйкес, демалыс күндері ірі сауда кешендері мен базарлар дезинфекциялық жұмыс өткізу үшін жабылады. Автобустарда жолаушылар «санитарлық-эпидемологиялық талап» бойынша әлеуметтік қашықтықты ескеріп отырғызылатын болады, ал супермаркеттерде келген адамдарға медициналық маска мен қолғап тегін таратылады деп хабарланды.
Өзбекстандағы қалалар мен облыстарда вирустың таралуына байланысты карантин деңгейі «қызыл», «сары» және «жасыл» болып жіктелген. «Қызыл» мен «сары» аймақтардың тұрғындарына енді қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуына, түн мезгілінде көшеде, көпқабатты үйлердің ауласында жүруіне тыйым салынады.
Карантин талаптарын бұзған адамдар арнайы комиссияның шешімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады деп ескертеді билік.
Коронавирусты жұқтырғандарды жеңіл, орташа және ауыр түрімен ауыратындар деп үш топқа жіктеген. 5 шілдеден бастап Өзбекстанда жеңіл түрімен (симптомсыз) ауыратындарға үйінде емделуге рұқсат етіледі. Егер 10 күн ішінде дерттің клиникалық белгілері анықталмаған жағдайда ондай науқастар «медициналық қадағалаудан шығарылады» деп хабарлады арнайы комиссия.
Ресми мәлімет бойынша, Өзбекстанда осы кезге дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 8503 адам анықталған, 26 адам қайтыс болған. 5600-дан астам науқас жазылған, ауруханалардға 2800-ге жуық адам емделіп жатыр.
- Авторы: Ақсәуле ӘБІТАЙ
Жуалыдағы мейіргер басшысы "карантин үстемақысын" қайтаруды талап еткенін айтты
Жамбыл облысы Жуалы ауданы орталық ауруханасының мейіргері Фарида Жанбатырова басшылықтың үкімет берген үстемақыны қайтаруды талап еткені туралы әлеуметтік желі арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәлімдеме жасады.
Ол видеоүндеуінде коронавирусқа байланысты карантин кезінде істеген жұмысы үшін алған үстемақысының бір бөлігін басшысының талабымен қайтып беруге мәжбүр болғанын, екінші жолы келіспегенін мәлімдеген. Медбике карантин кезінде таңертеңгі сағат 7:30-дан 17:30-ға дейін күнделікті аурухана алдындағы бекетте кезекшілік атқарған еңбегі үшін сәуірде 160 мың теңге, мамырда – 200 мың теңге үстемақы алғанын айтады.
- Бірақ сәуірдің ақшасы түскен соң бас дәрігердің орынбасары Абзал Байтөреев мейіргерлерді кабинетіне жеке-жеке шақырып, 39 мың теңгені қайтаруды талап етті. Айтқан ақшаны кассаға апарып өткіздім. Ал мамырда ақша түскеннен кейін 150 мың теңгесін сұрады. 40, 60 мың, тіпті 100 мың болса да берер едім. Бірақ 150 мыңды бер дегенге келіспедім. Күйеуім жұмыссыз, ол ақша – бала-шағамның несібесі, - деді Фарида Жанбатырова Азаттық тілшісіне.
Ол ақша беруден беруден бас тартқаннан кейін 26 маусымда басшылық өзін аурухана алдындағы кезекшіліктен алып тастағанын айтады.
Жанбатырованың сөзін онымен бекетте бірге жұмыс істеген тағы бір мейіргер Жанар Исмаилова да растайды.
- Бас дәрігердің орынбасары 26 маусымда шақырды. "Есепшоттарыңа 200 мың теңге аударамыз, оның 150 мың теңгесін қайтарып бересіңдер" деді. Және мұны "ешкімге айтпаңдар, ешқайда шықпасын, өз арамызда қалсын" деп ескертті, - дейді ол. Мейіргерлердің айтуынша, оларға бұл "жоғарыдағы басшылардың талабы" деп түсіндірген.
Жанар Исмаилованың сөзінше, банктегі есепшоты бұғаттаулы жатқандықтан басшы сұраған ақшаны бермеген. "Бірақ сәуірде бекетте істеген жұмысым үшін алған 136 мың теңгенің 39 мыңын қайтарып бердім" дейді ол.
Facebook әлеуметтік желісінде Фарида Жанбатырованың президент Тоқаевқа үндеуі жарияланған парақшада "Жуалы аудандық орталық ауруханасы" деп тіркелген аккаунт иесі мынадай жазба қалдырды: "Жуалы аудандық орталық ауруханасында пандемиямен күрес кезінде атсалысқан медицина қызметкерлеріне үстеме ақша берілген. Ақшаны жинап алу фактісі жоқ. Жалған ақпаратты тарату заң аясында жауапқа тартылатындығын хабарлаймыз".
Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Абзал Байтөреев өзін айыптаған Фарида Жанбатырованың сөзін "жала жабу" деп атады.
– Ол айтқандарын жоққа шығарамын, бәрі - жалған. Жала жапқаны үшін сотқа беремін. Адвокат құжаттармен айналысып жатыр, – деді Абзал Байтөреев Азаттыққа 30 маусым күні. Ол қазір демалыста екенін айтты.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Азаттыққа Жуалы аудандық орталық ауруханасының қызметкері Фарида Жанбатыроваға сәуірде 16 сағат, мамырда тәуліктік фильтр бөлімшесіндегі 144 сағат жұмыс істегені үшін үстемақы төленгенін растады.
Олардың айтуынша, коронавирусқа байланысты карантин енгізілгеннен кейін Жамбыл облысы бойынша сәуірде - 1611, мамырда 1700 медицина қызметкеріне (арасында дәрігерлер мен орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлері бар) атқарған жұмысына байланысты еңбегіне үстемақы төленген. Облыстық басқарма мамандары ақша қызмет өтіліне, дәрежесіне қарап емес, тәуекел тобында істеген жұмыс сағатына байланысты, яғни бірінші топтағы қызметкерлерге 850 мың, екінші топтағыларға 425 мың теңге, үшінші топтағы адамдарға 212 500 теңге төленеді деп түсіндірді.
Кейінгі ресми мәлімет бойынша, Жамбыл облысында барлығы 1423 адам коронавирус жұқтырған. Бір адам дерттен қайтыс болды, 495 адам жазылып шықты.
Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшинге COVID-19 жұққан
Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшинге коронавирус жұққаны анықталған. Бұл ақпаратты жергілікті басылымдарға Бекшиннің өзі хабарлаған.
"Ауырып, қалдым, бірақ өзімді қалыпты сезінемін, бойымда ауру белгілері жоқ. Бұл - COVID-19, бірақ симптомсыз түрі. Ауруға уақыт жоқ, сондықтан қашықтан жұмыс істеуге көштім", - деген Бекшиннің сөзін келтірген tengrinews сайты.
Қазақстанда наурыздан бері коронавирус жұқтырған 41 мыңнан астам адамның арасында жоғары лауазымды шенеуніктер де бар. Атап айтқанда бұған дейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев, премьер-министрдің орынбасаы Ералы Тоғжанов, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли, парламент мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин, депутат Бекболат Тілеухан, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Камалжан Надыровтың коронавирус жұқтырғаны хабарланған.
Ресми мәлімет бойынша, елде наурыз айынан бері коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны – 41065 адам. 188 адам қайтыс болды, 13614 адам дерттен жазылған.