Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

10:11 1.7.2020

Қазақстан COVID-19 жұқтырғандарды екі бөлек санауды тоқтатты

COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығында. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.
COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығында. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.

1 шілдеден бастап Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 коронавирусын жұқтырғандарды "симптомы бар" және "ауру белгісі жоқ" деп екі бөлек санау әдісінен бас тартып, статистиканы біріктіріп жариялауға көшті.

Министрліктің сәрсенбі күні таңертең жариялаған дерегінше, 30 маусымда елде 1604 адамнан коронавирус анықталған. Бір тәулікте 550 адам дерттен жазылған. Өткен тәулікте қанша адам қайтыс болғаны туралы әлі ресми ақпарат жоқ. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 41055 адам.

Билік вирус жұқтырғандарды вирус белгісінің бар-жоғына қарай "ауырғандар" және "тасымалдаушылар" деп екі бөлеу санауды 3 маусымда бастаған еді. Бірақ COVID-19 жұқтырғандардың негізгі статистикасына тек "ауырғандарды" қосып отырды. Вирустың әлем бойынша тарауын зерттеп отырған ұйымдар мен институттар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, "ауырғандардың" санын вирус жұқтырғандардың жалпы саны ретінде көрсетіп отырды.

Кей сарапшылар "Қазақстан билігі мұны коронавирустың тарауын жағымды етіп көрсету үшін жасап отыр" деген пікір айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі ауру белгісі барлар мен жоқтарды бөлек санау "халықаралық тәжірибе" деген болатын. Азаттық министрліктен ондай тәжірибе қай елдерде қолданылатынын сұрады. Министрлік атынан түсініктеме берген Қазақстанның бас инфекционисі Динагүл Баешева "симптомы жоқтарды статистикаға қоспау әлемнің көп елінде, соның ішінде Швеция, Беларусь, Италияда бар" деген еді. Азаттық хабарласқан Швеция мен Италияның денсаулық сақтау министрліктері екі елде де вирус жұқтырғандарды симптомы бар-жоқ деп бөлмей бірге есептейтінін мәлімдеді.

Әлем елдерін вирус жұқтырған адамдардың санына қарай нөмірлеп отырған worldometers.info сайты Қазақстан дерегін әлі жаңартпады. Қазіргі дерек Қазақстанның осыған дейінгі әдісі бойынша саналған статистиканы көрсетіп тұр. Ол бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 51-орында, ал жаңа мәліметке сүйенсек – 37-орында тұр.

18 маусымда Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтқан. Шенеунік бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен "инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған" деп түсіндірген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне қайтыс болған адамдардан (жазатайым оқиғадан және инфарктен қайтқандардан басқасын) коронавирус анықталған жағдайда оларды ресми статистикаға қосуды ұсынған.

19:11 30.6.2020

"Өлім көбейді". Мәйітхана алдында кезек көп, дәріханада дәрі жоқ

Кейінгі күндері Қазақстанда өлім-жітім жиіледі. Әлеуметтік желіде маусымның соңында көңіл айту, қаралы хабар күрт көбейді. Алматыдағы мәйітхана күзетшісі де қайтыс болғандар санының артқанын айтады. Ірі дәріханалар мен коронавирусты анықтайтын тест орталықтары алдында ұзын-сонар кезек. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вирусқа қарсы күреске 10 шара мен қайта карантин енгізуді ұсынды.

"Өлім көбейді". Мәйітхана алдында кезек көп, дәріханада дәрі жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:06 0:00

15:36 30.6.2020

Түрмеде отырған қырғыз экс-президенті Атамбаев пневмониямен ауруханаға түсті

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев. 27 маусым 2019 жыл.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев. 27 маусым 2019 жыл.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев екіжақты пневмония диагнозымен мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысынан ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы 30 маусымда комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитеттің хабарлауынша, 29 маусымда Атамбаев өзін жайсыз сезінгенін айтқан соң одан COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын ПТР анализі алынған. Атамбаевтан коронавирус анықталмаған. Бірақ дәл сол күні дәрігерлер онлайн консилиум өткізіп, бұрынғы президентке "пневмония" деген диагноз қойған. Консилиум Атамбаевты ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдаған.

Қауіпсіздік комитеті тергеу абақтысында кездесулерді шыныдан жасалған қабырға арқылы өткізуді ұсынды. Бірақ Атамбаев кейінгі аптада адвокаттарымен, туыстарымен бетпе-бет кездескен.

"Ресми дерек бойынша, вирустық инфекцияның белгілері анықталған [Атамбаевтың] адвокаты Замир Жоошев Ыстық-Ата аудандық ауруханасында COVID-19 симптомдарына байланысты емделіп жатқан жақын туысымен байланыста болған" делінген мәлімдемеде.

Комитет тергеу абақтысы қызметкерлерінің медициналық тексеруден өткенін, олардан коронавирус инфекция анықталмағанын айтты.

Алмазбек Атамбаевтың ұлы Сеид Атамбаев Facebook желісінде туыстары атынан мәлімдеме жариялап, "Атамбаевқа мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында вирусты әдейі жұқтырған" деген пікір айтты.

"Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда жатқандар туыстар арқылы бізге абақтының барлық қызметкерінде коронавирус болуы мүмкін деген күдік барын жеткізді... Атамбаев вирусты абақты қызметкерлерінің ауру профилактикасы мен қызметтік міндеттерін дұрыс атқармауы салдарынан жұқтырды", - дейді Сеид Атамбаев.

Ұлының сөзінше, Алмазбек Атамбаевты тергеу абақтысынан туыстарына айтпай алып шыққан, бұрынғы президенттің қайда екенін туыстары білмейді.

23 маусымда Бішкек қаласының Первомайский аудандық соты Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты 11 жыл 2 айға соттап, дүние-мүлкін тәркілеу туралы үкім кесті. Атамбаевқа сот үкімі "қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі" бойынша шықты.

Бұдан бөлек Атамбаевтың үстінен Қой-Таштағы оқиғаға қатысты "Адам өлтіру", "Кепілге алу", "Бұзақылық", "Билік өкіліне күш қолдану" сынды баптармен де қылмыстық іс қозғалған.

2019 жылы 7-8 тамызда Шу облысы Аламудун ауданындағы Қой-Таш ауылында "Алмазбек Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп жеткізу" операциясы кезінде күштік құрылымдар мен саясаткер жақтастары арасында қақтығыс болған. Ауыр жараланған арнайы жасақ өкілі көз жұмды, 200-ден астам адам жараланды. 8 тамызда Алмазбек Атамбаев пен жақтастары билікке өз еркімен берілген. Ол содан бері қамауда отыр.

15:25 30.6.2020

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар жалпы зиратқа жерленеді

Коронавирустан қайтыс болған кісіні жерлеу кезінде қабір басында құран оқып тұрған молда мен марқұмды жерлеуге келген арнайы киімдегі адамдар. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 16 маусым 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болған кісіні жерлеу кезінде қабір басында құран оқып тұрған молда мен марқұмды жерлеуге келген арнайы киімдегі адамдар. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 16 маусым 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандарды жерлеудің тәртібі өзгерді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

"Қайтыс болғандарды жерлеу халық үшін маңызды мәселе болып отыр. Қазіргі тәртіпке өзгеріс енгізілді. Енді марқұмдарды барлық санитарлық талапты сақтай отырып, кез келген зиратқа жерлеуге болады", - деді министр орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Министр санитарлық талаптардың орындалуы қалай бақыланатынын айтпады.

Бұған дейін коронавирус салдарынан қайтыс болған адамдар арнайы зираттарға жерленіп келген. Солардың бірі – Алматы маңындағы Қараой ауылындағы зират. Азаттық аталмыш зиратқа бірнеше рет барып, онда жерленгендер мен коронавирустан қайтыс болғандардың ресми саны арасындағы алшақтықты көрсеткен болатын. Көп ұзамай денсаулық сақтау министрлігі "коронавируспен қайтыс болған, бірақ өлімінің себебі өзге" деген адамдардың барын мойындап, олардың санын айтты.

Жергілікті халықтың дәстүрі мен әдеп-ғұрыптары - вирустың тарауын тежеуге кедергі болып отырған факторлардың бірі. Карантиндік шектеулерге қарамастан, тұрғындар той-томалақ, құдалық, қайтыс болған адамға ас беру секілді көп адам жиналатын шараларды өткізіп келеді.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 40 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталған. Вирус жұқтырғандар саны бұдан көп болуы мүмкін. Себебі жекеменшік зертханалар ПТР талдауына сұраныстың артуына байланысты бірнеше рет жұмысын уақытша тоқтатты. Ал бірқатар өңірде коронавирус белгілері бар, бірақ ПТР талдауы вирус жұқпаған деп көрсеткен ауыр пневмонияға шалдыққан науқастар көбейген. Кеше, 29 маусым күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірде пневмониядан 62 адамның қайтыс болғанын айтты.

Тағы

XS
SM
MD
LG