Министр Цой: Індетті тоқтатудың тиімді жолы - бір айлық қатаң карантин
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус індетін тоқтату үшін елде екі аптадан бір айға дейін қатаң карантин енгізуді ұсынды. Бұл туралы ол 29 маусымда Ақордадағы жиналыста айтты.
Министрдің сөзінше, бір айлық карантин енгізілсе, тамыздың соңына қарай елде күніне вирус жұқтырған 2,5 мың адам ауруханаға түседі, ал ауруханада науқастарға 30 мың орын қажет болады. Карантин енгізілмеген жағдайда тамыздың соңында күніне 27 мың адам вирус жұқтырып, ауруханаға жатқызылады, ал төсек-орын мұқтаждығы 300 мыңға дейін көбеймек. Ал егер екі апта карантин енгізілсе, тамыздың соңына таман тәулігіне 8 мың адам дертке шалдығып, ауруханаға жатады, стационарда 80 мың орын керек болады деді Цой.
Министр індетпен күресудің үш кезеңдік жоспарын ұсынды. Жоспар екі апталық дайындық кезеңінен, екі аптадан төрт аптаға дейінгі карантин кезеңінен және посткарантиндік кезеңнен тұрады.
"Дайындық кезеңінде денсаулық сақтау жүйелерін ресурспен қамту, халықтың медициналық көмекке қатты мұқтаждығын қанағаттандыру және медициналық қызметкерлерді ұйымдастырушылық дайындау қажет", - деді Цой.
Министрдің сөзінше, карантин инфекцияның халық арасында жаппай тарауын тежейді. Цой елде пневмонияның да өршіп кеткенін айтты.
"10 маусымнан бері COVID-19 ауруының клиникалық белгілері бар, бірақ ПТР қорытындысында вирус анықталмаған пневмонияға шалдыққандар едәуір өскенін байқап отырмыз. Кейінгі кезі мұндай пневмониямен ауырғандар күніне 2,5 мың адамға жетті. Біздің сарапшылар эпидемиологиялық ахуал өрлеуінің үш сценарийі бойынша вирус жұқтыру саны мен қажетті инфрақұрылым жөнінде болжам жасады", - деді ол.
Цойдың айтуынша, қанша уақыт карантин енгізетінін коронавируспен күрес жөніндегі мемлекеттік комиссия жақын күндері шешеді.
29 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың өршуіне байланысты үкімет мүшелерімен жиналыс өткізіп, бір топ шенеунікке сөгіс пен ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданды. Тоқаев үкіметке наурыз-мамырдағыдай қатаң карантин шараларын қайтаруға тапсырма берген.
29 маусымда елде коронавирус жұқтырғандар 40 мыңға жуықтап, 188 адам қайтыс болды.
Денсаулық министрі ірі көлемдегі дәрі-дәрмек қоймаларға жіберілгенін айтты
Қазақстан денсаулық министрі Алексей Цой дәрі тапшылығына байланысты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ережелерінің өзгергенін, халық сұранысындағы кей дәрілер ірі көлемі қоймаларға жіберілгенін айтты.
"Мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі арандату хабарламалары адамдардың дәрі-дәрмекті артығымен сатып алуына әкелді. Әсіресе қызуды түсіретін препараттар. Отандық өндірушілер дене қызуын төмендететін дәрілердің ірі көлемін жеткізді. "Ингавириннің" 70 мың орамы, "терафлюдің" 49 мың орамы әкелініп, апта соңына дейін көтерме қоймаларға қойылып, одан әрі өңірлерге жіберілетін болады", - деді министр.
Цой COVID-19 ауруынан емдеудің хаттамасына сәйкес, аталмыш дәрілер амбулаториялық деңгейде қолданылмайтынын айтты.
Қандай да бір препараттың қай дәріханада қандай бағамен сатылып жатқанын көрсететін i-teka сайты вирусқа қарсы "ингавирин" препаратының дәріханаларда жоқ екенін көрсетіп отыр. Ал суық тигенде емге қолданылатын "терафлю" ұнтақ дәрісінің бағасы 1500 теңгеден басталады.
Кейінгі күндері әлеуметтік желіде коронавирус белгілері бар деген көптеген адам дәріхананың тапшы екенін айтып жатыр. Вирусқа қарсы қолданылатын, дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмекке сұраныс артқан. Дәріханалар сұранысты қанағаттандыра алмай жатыр.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар 40 мыңға таяды
Қазақстанда 29 маусымда 1495 адамнан коронавирус анықталған. Оның 492-сінде ауру симптомдары байқалды деп хабарлайды елдің денсаулық сақтау министрлігі. Бір тәулікте 75 адам дерттен жазылып, 10 адам қайтыс болған.
Билік 3 маусымнан бері елдегі вирус жұқтырғандардың есебін ауру белгісінің бар-жоғына қарай "ауырғандар" және "тасымалдаушылар" деп екі бөлек жүргізіп отыр. Коронавирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына тек "ауырғандарды" кіргізеді.
"Ауырғандар" көрсеткіші бойынша көш басында Нұр-Сұлтан (3845 адам) мен Алматы қаласы (3775 адам), "тасымалдаушылар" арасында Қарағанды (2380 адам) мен Атырау (2264 адам) облыстары тұр.
Қазақстанда 13 наурыздан бері 39 461 адамнан коронавирус анықталған. Оның 13 мыңы жазылып шыққан, 188-і қайтыс болды.
Кейінгі кезде Қазақстанда пневмониядан қайтыс болғандар күрт көбейді. Мысалы, Ақтөбе облысында маусым айында пневмониядан 62 адам қайтыс болған. Денсаулық сақтау саласы өкілдері бұл адамдардан коронавирус белгілері байқалғанын, бірақ ПТР талдау вирус жоғын көрсеткенін айтты.
Тоқаев үкіметке қатаң карантин шараларын қайтаруды тапсырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда видеоконференция кезінде үкімет мүшелеріне екі күннің ішінде елде қатаң карантин шараларын енгізу туралы нақты жоспар ұсынуды тапсырды. Оның сөзінше, елде төтенше жағдай аяқталғалы, 11 мамырдан бері елде коронавирус жұқтырғандар жеті есе өскен.
"Мемлекеттік комиссияға елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін екі күннің ішінде наурыз-мамыр айындағыдай қатаң карантин шарасын енгізу бойынша ұсыныс дайындауды тапсырамын" деді Тоқаев.
Жиында Тоқаев "үкімет коронавируспен күресте мен берген тапсырма толық орындалмады" деп індетпен күрес үшін құрылған комиссияны, денсаулық сақтау министрлігін, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Шымкент, Ақтөбе, Павлодар облысы әкімдерін сөкті.
Тоқаев "шенеуніктер төтенше жағдай режимінен тыс жұмысты дұрыс жоспарламаған" деп санайды. Ол қажетсіз шараларға ақша бөлуді доғарып, ақшаны вируспен күресуге жұмсауды тапсырды. Тоқаев инфекциялық ауруханалардағы орынды 50 пайызға өсіруді жүктеді.
Билік елде 13 наурызда коронавирус алғаш табылды деп хабарлаған соң, 16 наурызда ТЖ жариялаған. ТЖ режимі 11 мамырда аяқталып, карантин шаралары жеңілдей бастады. Билік төтенше жағдай кезінде коронавирус пен экономикалық дағдарысты еңсеру үшін бюджеттен 10 млрд доллар бөлген. Үкімет бұл қаржының қалай жұмсалғаны жайлы толық есеп берген жоқ. Бюджет ашықтығын зерттеп жүрген ұйымдар билікті ашықтыққа шақырған.
Кейбір сарапшылар "үкіметті экономиканы жандандыру үшін карантин шектеулерін тым ерте алып тастады, халыққа вирустың қаупін дұрыс түсіндірмеді" деген пікір айтқан.
Эпидемия басталғалы Қазақстанда 37 966 адамнан коронавирус анықталған. Билік 3 маусымнан бастап вирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына байланысты "ауырғандар" және "тасымалдаушылар" деп екі бөлек санап отыр. Ал негізгі статистикаға тек "ауырғандар" кіріп отыр. 29 маусымдағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда "ауырғандар" саны – 21327, "тасымалдаушылар" саны – 16639. 183 адам коронавирустан қайтыс болды. Жүздеген адам пневмониядан көз жұмды. Алматы мен Нұр-Сұлтанда инфекциялық стационарлардың 90 пайызы толған.
ДДСҰ Қазақстанды "вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына" кіргізді.