Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

18:28 29.6.2020

Ақтөбеде коронавирус жұққан жүкті әйел қайтыс болды

Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

28 маусым, жексенбіде Ақтөбедегі инфекциялық аурухананың жан сақтау бөлімінде отыз екі жастағы әйел қайтыс болған. Дәрігерлер ананы да, баланы да құтқара алмады. Бұл туралы дүйсенбідегі онлайн брифинг кезінде Ақтөбе облысы әкімінің денсаулық жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев хабарлады.

Екіжақты пневмонияға шалдығып, ауруханаға түскен әйелден коронавирус анықталған. Қалиевтің айтуынша, жүкті әйелдің өлімі вирустан емес, қосалқы диагноздарынан болған.

– Пневмонияға шалдыққан адамның өкпесіне қан ұйып қалады. Жағдайды қиындататын да осы жайт. Оның үстіне пациенттердің қосалқы диагноздары да сыр береді. Маусымда пневмониядан Ақтөбенің 47 тұрғыны қайтыс болды. Оның басым көпшілігі егде жастағы адамдар, – деді Әсет Қалиев.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин пневмониядан өңірде 62 адамның қайтыс болғанын айтты.

Ақтөбеде пневмония жұқтырғандар әдеттен тыс көбейіп кетті. Осыған орай денсаулық сақтау басқармасы туберкулезге шалдыққан балаларды емдейтін "Шағала" шипажайы базасынан 200 орындық пульмонология жасақтап жатыр. Пневмонияны емдейтін төртінші бөлім 30 маусым күні ашылады деп хабарланды.

Қазір Ақтөбенің пневмонияға шалдыққан 997 тұрғыны ауруханада жатыр. 800-ден астам адам емханалар жанындағы күндізгі стационарда ема алады. Дәрігерлер 27 науқастың жағдайы аса ауыр екенін айтады.

18:22 29.6.2020

Президент Тоқаев індеттің өршуіне шенеуніктерді айыптады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда өткен жиында елдегі коронавирустың өршуіне облыс әкімдері мен мемлекеттік орган жетекшілерін, министрлерді кінәлап, оларға сөгіс пен ескерту жариялады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Сөгіс алғандар арасында Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов және ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжанов бар. Ал Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов пен Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке президент ескерту жасады.

Тоқаев мемлекет органдарды ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізбеді деп сөкті. Уәлидің сөзінше, Тоқаев коронавируспен күрес жөніндегі негізгі ақпарат көзі саналған coronavirus2020.kz сайтына түскен қырық мыңға жуық сұрақтың тек үштен біріне жауап берілгенін айтып, ақпараттық жұмысты сынға алған.

Бұған дейін кейбір сарапшылар "үкіметті экономиканы жандандыру үшін карантин шектеулерін тым ерте алып тастады, халыққа вирустың қаупін дұрыс түсіндірмеді" деген пікір айтқан. Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты 16 наурызда жарияланған төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталып, карантин шектеулері жеңілдеген соң вирустың тарауы күшейіп кетті. ДДСҰ Қазақстанды "вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына" кіргізді.

Билік төтенше жағдай кезінде коронавирус пен экономикалық дағдарысты еңсеру үшін бюджеттен 10 млрд доллар бөлген. Билік бұл қаржының қалай жұмсалғаны жайлы толық есеп берген жоқ. Бюджет ашықтығын зерттеп жүрген ұйымдар билікті ашықтыққа шақырған.

Эпидемия басталғалы Қазақстанда 37 966 адамнан коронавирус анықталған. Билік 3 маусымнан бастап вирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына байланысты "ауырғандар" және "тасымалдаушылар" деп екі бөлек есепке алып отыр. Ал негізгі статистикаға тек "ауырғандар" кіріп отыр. 29 маусымдағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда "ауырғандар" – 21327, "тасымалдаушылар" – 16639 адам. Осы уақытқа дейін вирустан 183 адам қайтыс болған.

18:12 29.6.2020

Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасы ауруханада қатыс болған журналис жайлы мәлімдеме жасады

Журналист Қуандық Шамахайұлы.
Журналист Қуандық Шамахайұлы.

Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасы 29 маусымда жергілікті ауруханада қайтыс болған журналист Қуандық Шамахайұлының "өлімнің себебі бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны" туралы мәлімдеді.

Басқарманың мәліметінше, Шамахайұлы 23 маусымда жедел жәрдем қызметі арқылы COVID-19 деген күдікпен ауыр халде Нұр-Сұлтандағы №1 көпсалалы ауруханаға түскен.

"Ауыр дәрежедегі анықталмаған этиологияның екі жақты полисегменталды пневмониясы диагноз қойылды. Диагностика мен емдеу клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізілді. Емдеу кезінде науқастың жағдайы бірнеше рет нашарлады. 29 маусымда жүрегі тоқтады, реанимация шаралары жүргізілсе де, науқас қайтыс болды. Өлімнің себептері бойынша тергеу жүргізілді, нәтижесін туыстарына хабарлайды” деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

Марқұмның ұлы Берік Қуандықұлының айтуынша, аурухана қызметкерлері 29 маусымда таңертеңгі сағат 9:00 шамасында телефон шалып, әкесінің 7:20-да қайтыс болғанын хабарлаған.

Одан үш сағат бұрын Қуандық Шамахайұлының өзі Facebook-те дәрігерлердің түн ортасында бір қағазға қол қойдырып, артынан дәрі бергенін, сол дәріге күдіктеніп отырғанын жазған еді.

“Шырт ұйқыда жатыр едім, сағат 2:00-де дəрігер мен мейіргер келіп, қағазға қол қойдырды да кетті. Сəлден кейін мейіргер келіп, аузыма бір ақ дəрі салды да, су ішкізді. Менен басқасына бермеген. "Не зат?" десем вирустан сақтайды дейді. Қастандық деп күмəнданамын. 3 литр су іштім. Неге маған арнаған? Əрекеттері күмəнді. Ештеңе түсіндірмейді" деп жазды Шамахайұлы Facebook желісінде.

Азаттықтың журналиске қандай дәрі берілгені жөніндегі сұрағына басқарма өкілі “вирусқа қарсы препарат” деп қана жауап берді, дәрінің нақты атауын айтпады.

Берік Қуандықұлының сөзінше, дәрігерлер түн ортасында оятып дәрі берген соң Шамахайұлы отбасына хабарласып, жағдайды баяндаған.

- Таңғы 4:30 шамасында ауруханаға бардық, палатаға күшпен кірдік. Қарасақ, жап-жақсы ұйықтап жатыр екен. Оятып алып, сөйлестік. Жағдайы жақсы екен, көңілі көтеріңкі. Бір күн бұрын, дене қызуы төмендеп, тәбеті ашылғанын айтты, – деді Қуандықұлы.

Ауруханаға ұлымен бірге барған Айша Тұрмағамбетова күйеуін ауруханадан алып кеткісі келгенін айтады.

– Үйде өзім қарайыншы дегенде "жұрт осы ауруханаға жете алмай жатыр ғой, мен жата берейін, емделіп шығып жатыр ғой" деді. Кеше шығарып алып кетуім керек еді, - деді марқұмның жұбайы.

Туыстары жазылып келе жатқан жақынына түн ортасында барып, қолхат алдырып, дәрі беруге не себеп болды деп алаңдап отыр. Жұбайының айтуынша, Шамахайұлының денсаулығы жақсы болған, коронавирус жұқтырып қайтыс болғанның көбінде бар қант диабетімен ауырмаған.

Қуандық Шамахайұлы – Қазақстанның мәдениет қайраткері әрі филология ғылымының кандидаты. Ол 1961 жылы Моңғолияда туған. Сол елдің мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып, көркем аудармамен айналысқан. Шамахайұлы – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп, сыни көзқарасын ашық білдіріп жүрген журналистердің бірі. Ел астанасындағы Қаржы академиясында журналистика пәні бойынша сабақ беріп келген.

11:16 29.6.2020

Қазақстанның бірнеше өңірінде коронавирустан бес адам көз жұмды

Ақтөбеде жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Ақтөбеде жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Қазақстанның бірнеше аймағында коронавирус инфекциясы салдарынан 5 адам көз жұмды деп хабарлады 29 маусымда денсаулық сақтау министрлігі.

Ақмола облысында 53 жастағы ер адам қайтыс болған. Бұған дейін аймақта вирустан 13 адам бақилық болған еді.

Ақтөбе облысында 58 жастағы әйел адам, Шығыс Қазақстанда облысында 62 жастағы ер азамат көз жұмған.

Батыс Қазақстан облысында коронавирустан 58 жастағы әйел дүние салды. Маңғыстау облысында 78 жастағы әйел қайтыс болды.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирустан 183 адам көз жұмған. Оның 34 пайызы (63 адам) өткен аптада көз жұмды. Ал COVID-19 жұқтырғаны анықталғанымен, жергілікті билік органдары жанындағы арнайы комиссия «өліміне басқа ауру себеп болды» деп таныған, қайтыс болған ондаған адам коронавирустан қайтыс болғандар статистикасына енгізілмеді.

Қазақстан аймақтарында өкпе қабынуынан ондаған адамның қайтыс болғаны туралы хабарлар түсіп жатыр. Дәрігерлер оларда COVID-19 анықталмағанын, ал жаз мезгілінде пневмонияның әдеттен тыс өршіп кеткенін айтады. Қазірге дейін Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында пневмонияға шалдыққандар күрт көбейген.

Елде 13 наурыздан бері коронавирус жұқтырғандар 38 мың адамға жетті. 13 мыңға жуық адам дерттен жазылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG