Әлемде COVID-19 салдарынан өлгендер жарты миллионнан асты
Коронавирустың әлемге тарауын бақылап отырған АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, COVID-19 жұқтырғандар 10 миллионнан, ауру салдарынан қайтыс болғандар 500 мыңнан асты.
Қаза тапқандардың шамамен төрттен бірі немесе 125 мыңнан астамы АҚШ-та тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша екінші орында - Бразилия. Онда вирус жұқтырғандар 1,3 млн-нан асқан, 57 мыңнан астам адам көз жұмған.
Сарапшылар вирустан өлгендер әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады. Олардың сөзінше, эпидемияның алғашқы кезеңінде қайтыс болған көптеген адамда COVID-19 инфекциясының бар-жоғы анықталмай, белгісіз күйі қалған.
АҚШ-тың оңтүстігі мен батысындағы штаттар экономикасын қайта жандандырамыз деп жағдайды ушықтырып алып жатыр. Штат губернаторлары барлар мен жағажайларды ашуда асығыстық болғанын мойындады.
Халқы тығыз орналасқан Үндістанда да жағдай қиындап барады. 27 маусымда елде рекордтық көрсеткіш тіркелді: бір күнде 18 500 адамнан коронавирус анықталып, 385 адам осы аурудан қайтыс болған. Елде вирус жұқтырғандардың жиынтық саны 530 мыңға жуықтады, ал қайтыс болғандар 16 мыңнан асты.
Бұған дейін коронавирустың тарауын бақылауда ұстап отырғанын айтқан Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырып алғандар артып келеді. 28 маусымда 62 адамнан коронавирус анықталған. Эпидемия басталғалы бұл елде 12 715 адамның коронавирус жұқтырған. Оның 282-сі қайтыс болған.
Қазақстан COVID-19 жұқтыру бойынша әлемде 38-орынға шықты
Қазақстанда 28 маусымда 1613 адамнан коронавирус анықталды (547-сінде ауру белгісі бар, 1066-сында дерт симптомы жоқ). Өткен тәулікте 195 адам жазылып, 12 адам қайтыс боған.
Қазақстан билігі 3 маусымнан коронавирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына қарай "ауырғандар" және "тасымалдаушылар" деп екі бөлек есеп жүргізіп, негізгі статистикаға тек "ауырғандарды" қосып жатыр. Елде вирус тарағалы жиынтығы 37 966 адамға вирус жұққан. Оның 13 мыңға жуығы жазылып, 178-і қайтыс болды.
Қайтыс болғандардың 35 пайызға жуығы – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары.
Вирус жұқтырған және салдарынан қайтыс болған адамдардың саны бұдан көп болуы мүмкін. Кейінгі күндері республиканың бірнеше өңірінде пневмонияға шалдыққан адамдардың саны күрт артып, өлім саны көбейген. Бірақ олардан коронавирус анықталған жоқ дейді билік өкілдері. Дәрігерлер ондай науқастарды да коронавирус хаттамасы бойынша емдеуге көшкен.
Әлемде вирус жұқтырғандар 10 миллионнан асты
Эпидемия басталғалы бері 500 мыңнан астам адам қайтыс болған.
Әлемде науқастар саны жағынан бірінші орында АҚШ тұр. Мұнда 2,5 миллион адамнан коронавирус табылған, 128 мыңнан астам науқас COVID-19-дан қайтыс болған. Екінші орында тұрған Бразилияда 1 миллион 300 мың адамға вирус жұққан. 57 мыңнан астам адам індеттен көз жұмған.
Үшінші орында тұрған Ресейде 634 мыңнан астам адамға COVID-19 диагнозы қойылған. Үш жарым айдан астам уақыттан бері 9 073 науқас қайтыс болған. Өткен тәулікте 6 791 адамнан вирус табылған, 104 науқас қайтыс болған.
Ресей билігі статистикаға COVID-19 диагнозы қойылған қайтыс болған барлық науқастарды енгізбейтінін мойындаған. Тек науқастың өліміне инфекция себеп болды деп шешілсе ғана есепке енгізіледі.
Федералдық штаб статистикасы аймақтық статистикамен көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Ал штаб пен Росстат, аймақ мәліметі арасында айырмашылық бар. Шенеуніктер мұны есептеудің түрлі әдістерін қолданатындығымен түсіндіреді.
АҚШ-та науқастардың көбейгенін барлар мен жағажайлардың ерте ашылуынан көреді
АҚШ-тың оңтүстігі мен батысында коронавирус жұқтырғандар көбейді, бұл биліктің экономиканы қалпына келтіру талпынысына елеулі кедергі жасап жатыр. Кейбір губернаторлар шектеу шараларын жылдам жұмсартып, барлар мен жағажайларды ерте ашқанын мойындады.
27 маусымда Флорида штатында бір күнде 9 585 науқас анықталып, бір күндік рекорд тіркелді. Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі - жастар. Губернатор Рон Десантис штатта жағажайлар ашылғаннан кейін індет "өршігенін" айтты. Дерек бойынша, вирус жұқтырғандардың орташа жасы 65-тен 33-ке дейін төмендеген. Бұл тенденцияға төтеп беру үшін Флорида штаты жаңадан шектеулер енгізіп, Майами билігі Тәуелсіздік күніне орай белгіленген демалыс күндерінде жағажайларды жабатынын мәлімдеді.
Техас штаты да кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіру стратегиясын қайта қарауға мәжбүр. Штат билігі бір күнде 5700-ден астам науқас анықталғанын хабарлады.
Ал Бразилияда бір күнде 38 693 адамнан коронавирус табылған (Барлығы 1,3 млн науқас). 27 маусымда Латын Америка елінде 1 109 адам вирустан қайтыс болған. Бразилия коронавирус жұқтырғандар саны жағынан АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. АҚШ-та 2,5 млн адамға вирус жұққан, 125 мыңнан астам адам қайтыс болған.