Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:16 28.6.2020

Қырғыз үкіметінің 26 қызметкерінен коронавирус табылды

Қырғызстанда үкіметтің 26 қызметкеріне коронавирус жұққан. Бұл туралы 27 маусымда үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда вирус анықталғандардың арасында премьер-министрдің кеңесшісі Артем Новиков және оның көмекшісі бар.

Қырғыз үкіметінің ғимараты.
Қырғыз үкіметінің ғимараты.

Қызметкерлер санитарлық-эпидемиологиялық алгоритмге сәйкес, үй карантинінде жатыр. Олармен байланыста болған үкімет аппаратының жетекшісі Таалайбек Темиралиев те оқшауланған. Үкімет аппаратындағы қызметкерлердің басым бөлігі қашықтан істеп жатыр.

Бұған дейін президент аппаратының жетекшісі Досалы Есеналиев, сыртқы саясат бөлімінің басшысы Данияр Сыдыков бастаған 17 қызметкердің COVID-19 ауруына шалдыққаны хабарланған еді. Осы апта ортасында Мәскеуге президент Сооронбай Жээнбековпен бірге ұшқан Сыдыков және тағы бір қызметкерден вирус табылғаннан кейін Жээнбеков Жеңіс парадына қатыспаған. Ресми мәлімет бойынша, Жээнбеков тестен екі рет өтіп, екеуі де президентке коронавирус жұқпағанын көрсеткен.

Осыған дейін Жогорку Кеңестің төрт депутатына да вирус жұққаны белгілі болған еді.

Денсаулық сақтау министрлігінің 27 маусым күнгі мәліметі бойынша, Қырғызстанда өткен тәулікте 309 адамнан коронавирус анықталып, наурыз айынан бергі ең жоғары көрсеткіш болып қалған.

26 маусымда вирустан 3 адам қайтыс болған, елде COVID-19-дан қайтыс болғандар саны 46-ға жетті. Барлығы 4513 адамнан коронавирус анықталған, олардың 2212-і жазылған.

21:45 27.6.2020

Нұр-Сұлтанда тағы 8 адам коронавирустан қайтыс болды

Нұр-Сұлтанда коронавирустан тағы 8 науқас қайтыс болды. Бұл туралы 27 маусымда түнде жедел штаб хабарлады. 1947, 1955, 1960, 1955 жылғы төрт ер адам және 1947, 1960, 1950, 1960 жылғы төрт әйел адам көз жұмған.

Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олар коронавирустан қайтыс болды деген шешім шығарған.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 166 адам қайтыс болған. Сенбі күні түс кезінде жедел штаб Нұр-Сұлтанда 8 адамның вирустан көз жұмғанын хабарлаған еді. Қысқа уақыт аралығында осылайша 16 адамның қайтыс болғаны хабарланып отыр.

Эпидемия басталғалы бері Нұр-Сұлтанда ресми мәлімет бойынша, вирустан 61 адам көз жұмған. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Нұр-Сұлтан қаласы вирус жұқтырғандар саны бойынша да республикада Алматыдан (5 117) кейін екінші орында тұр. Мұнда 4993 адамға вирус жұққан.

Елде коронавирус жұққан қайтыс болған ондаған адам өлімі ресми статистикаға енгізілмеген. Денсаулық сақтау министрлігі олардың "коронавирустан емес", "басқа аурудан" қайтыс болғанын айтады.

Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, вирус жұқтырғандар 34,5 мыңнан асқан. Елде карантин шаралары жұмсарғаннан кейін індет өршіген. Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды "вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына" қосты.

20:46 27.6.2020

Ақтөбеде туыстары пневмония жұқтырып, ауруханаға түскен тұрғындар дәрі-дәрмек таппай жүр

Теміржол ауруханасында ем алып жатқан Әмина Аманшинаның жолдасы Нұрлыбек Қошаманұлының айтуынша, ол әйеліне қажет антибиотиктерді Нұр-Сұлтан қаласынан алдыртқан.

- Ақтөбенің дәріханаларынан гепарин деп аталатын препараты таба алмай жүрмін. Ол өкпесі қабынған адамның қанын сұйылтуға қажет дәрі, - дейді Нұрлыбай Қошаманұлы.

Ақтөбе облысы әкімінің денсаулық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев (жұма күнгі брифинг кезінде) облыс ауруханаларында дәрі-дәрмек қоры азая бастағанын айтты.

Қалиевтің сөзіне қарағанда, емдеу мекемелерінің мамыр-маусым айына берген тапсырысын фармацевтикалық компаниялар толық жеткізіп берген. «Сұраныс күрт өсіп кеткендіктен алдағы аптада тамыз бен қыркүйек айына деп жоспарланған медикаменттерді де алдыртамыз» деді Әсет Қалиев.

Жұма күнгі брифингте Әсет Қалиев «пневмониядан қайтыс болғандар статистикасы өзгерген жоқ» деген еді. Бүгін Ақтөбедегі облыстық ауруханада жұма яғни, 26 маусым күні 10 адамның қайтыс болғаны белгілі болды. Сенбі күні тағы 8 адам өлген. Бұл туралы Азаттыққа облыстық аурухананың бас дәрігері Рүстем Исаев айтты.

Ресми дерекке қарағанда, маусым айы туғалы пневмониядан облыстың 41 тұрғыны қайтыс болған.

15:00 27.6.2020

Ақтөбеде пневмониядан қайтыс болғандар 19 адамға көбейді, барлығы 41 адам көз жұмды​

Ақтөбе қаласында пневмониядан тағы 19 адам қайтыс болды. 27 маусымда - cегіз науқас, 26 маусымда 10 науқас Ақтөбедегі облыстық аурухананың реанимация бөлімінде жан тапсырған. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері Рүстем Исаев хабарлады.

Аты-жөнін атамауды сұраған дереккөз 27 маусым күні таңғы сағат 6 мен 7 аралығында «облыстық ауруханада оттегі таусылып қалды» деп хабарлаған еді. Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері Рүстем Исаев мұны растап отыр.

- Бүгін сегіз адам қайтыс болды. Бірақ ол оттегі жетіспеушілігімен байланысты емес. Оттегі 1 сағаттай ғана болмай қалды. Біздің есебімізше, аурухананың оттегі сақтайтын арнайы станциясындағы қор сенбі күні түс ауғанда таусылуы керек еді. Бірақ қазір біз тәулігіне 2-2,5 тонна оттегі тұтынамыз. Сондықтан, 10 тонналық станцияны үш-төрт тәулік сайын толтыруға тура келіп отыр, - дейді Исаев.

Маусымның 27-сіне қараған түні Ақтөбе облысының Ембі қаласында тұратын 1965 жылы туған дәрігер әйел пневмониядан қайтыс болған. Бұл туралы Азаттыққа марқұмның туыстары хабарлады. Осылайша Ақтөбе облысында пневмониядан қайтыс болғандар саны 41 адам болды.

Бұған дейін Ақтөбе облыстық денсаулық басқармасы пневмонияға шалдыққан 53 адам реанимацияда жатыр деп хабарлаған. Оның 15-і жасанды тыныс алу (ИВЛ) аппаратына қосылған.

Азаттық тілшісі Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанмен жауап ала алмады. Өзге ауруханалардағы жағдай әзірге белгісіз.

Тағы

XS
SM
MD
LG