Нұр-Сұлтанда 8 адам коронавирустан қайтыс болды
Нұр-Сұлтанда коронавирустан 8 науқас қайтыс болды. Бұл туралы 27 маусымда күндіз жедел штаб хабарлады. 1959, 1947, 1943, 1954 және 1955 жылғы бес ер адам және 1976, 1942, 1948 жылғы үш әйел адам көз жұмған.
Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олар коронавирустан қайтыс болды деген шешім шығарған.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 158 адам қайтыс болған.
Эпидемия басталғалы бері Нұр-Сұлтанда ресми мәлімет бойынша, вирустан 53 адам көз жұмған. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Нұр-Сұлтан қаласы вирус жұқтырғандар саны бойынша да республикада Алматыдан (5 117) кейін екінші орында тұр. Мұнда 4993 адамға вирус жұққан.
Елде коронавирус жұққан қайтыс болған ондаған адам өлімі ресми статистикаға енгізілмеген. Денсаулық сақтау министрлігі олардың "коронавирустан емес", "басқа аурудан" қайтыс болғанын айтады.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, вирус жұқтырғандар 34,5 мыңнан асқан. Елде карантин шаралары жұмсарғаннан кейін індет өршіген. Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды "вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына" қосты.
Қырғызстанда бір күнде 309 адамнан COVID-19 табылды, 3 адам қайтыс болды
Өткен тәулікте Қырғызстанда 309 адамнан коронавирус табылды. Бұл эпидемия басталғалы бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Елде вирус жұқтырғандар 4513 адамға жетті. Бұл туралы сенбі күні денсаулық сақтау вице-министрі Мадамин Каратаев хабарлады.
Жаңа анықталған науқастардың басым бөлігі Бішкекте тұрады. Мұнда бір күнде 118 адамнан вирус табылған. Шу облысында - 23, Ош қаласында - 94, Ош облысында - 39 адамға вирус жұққан. Коронавирус жұқтырғандардың 43- і - медицина қызметкері.
Бір күнде COVID-19-дан 3 адам қайтыс болды: Ош облысында - 1, Жалалабадта 2 адам қайтыс болған. Елде барлығы 46 адам көз жұмған.
Бір күнде ауруханадан 50 адам жазылып шыққан. Үш айдан астам уақыттан бері барлығы 2212 адам жазылған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы аптада Қырғызстанды "вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына" қосты.
Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, вирус жұқтырғандар жылдам көбейіп жатқандықтан ауруханаларда орын тапшы.
АЕ/АР зерттеуі: Тәжікстанның коронавирус туралы статистикасы шынайы ахуалды көрсетпейді
Тәжікстанда COVID-19-дан қайтыс болғандар туралы ресми мәлімет елдегі шынайы ахуалды көрсетпейді және жергілікті белсенділер жариялаған мәліметтен әлдеқайда аз. Азат Еуропа/Азаттық радиосы тілшілерінің жүргізген журналистік зерттеу нәтижесінде осындай қорытынды жасалды.
Сөз бостандығы мен ақпаратты қатаң бақылайтын тәжік үкіметінің хабарлауынша, елде коронавирустан 52 адам қайтыс болған, вирус жұқтырғандар 5 691 адамға жеткен.
Алайда жергілікті белсенділер құрған онлайн-тізімге сәйкес, 26 маусым күнгі ақпарат бойынша, елде коронавирустан 437 адам көз жұмған. Тізімде қайтыс болған адамның аты-жөні, жасы, соңғы тұрған мекенжайы көрсетілген. Онда сонымен бірге ақпараттың қайдан алынғаны (отбасы мүшелері, достары, көршісі, аурухана немесе әлеуметтік желідегі ақпарат) да жазылған. Ондағы кестеде ақпараттың растығына көз жеткені немесе тексеріліп жатқаны да айтылған.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы жергілікті белсенділер құрған "коронавирустан қайтыс болған" адамдар тізіміндегі кемінде 152 адам өлімін растай алды. Олардың диагнозы мен қайтыс болғанын туыстары, жергілікті билік немесе денсаулық сақтау саласы мамандары айтқан. Кейбір жағдайда туыстары медициналық құжат және қайтыс болғаны туралы куәліктерді көрсеткен.
Кейбір адамдардың АЕ/АР тілшілеріне айтуынша, туыстарында COVID-19 анық белгілері болғанмен аурухана әкімшілігі оларды "пневмониядан қайтыс болды" деп жазған.
Ресми құжатта адам өлімінің себебі COVID-19 деп көрсетілмегенмен денсаулық сақтау мамандары марқұмның денесін отбасы мүшелеріне бермеген. Марқұмдарды арнайы қорғаныш киім киген медицина қызметкерлері жерлеген.
Аты-жөнін айтудан бас тартқан Тәжікстандағы кемінде екі аурухана басшысы коронавирустан қайтыс болған адамдардың нақты санын білу мүмкін еместігін, себебі марқұмдардың диагнозын анықтау үшін тест жоқ екенін айтқан.
Аурухананың екі басшысы да тест жоқ болғандықтан COVID-19 белгілері болса да, науқастардың өлімінің себебін пневмония деп көрсетуге мәжбүр болғанын айтқан. Тағы бірнеше медицина қызметкері бұл тұжырымды растаған.
АЕ/АР 3 маусымда Тәжікстанның денсаулық саұтау министрлігіне жазбаша сауал жолдағанмен әзірге министрлік түсініктеме бермеді.
Бұған дейін де сарапшылар Тәжікстанның індет туралы ресми дерегіне күмән келтірген. Тәуелсіз басылымдар мен әлеуметтік желі қолданушылары "пневмониядан" қайтыс болғандар туралы ақпарат таратып, түсініктеме сұрағанмен сәуір айында да билік елде коронавирус жоқ деп мәлімдеген еді.
Тәжік билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының сапары қарсаңында яғни, 30 сәуірде елде вирус барын мойындап, 15 адамға COVID-19 жұққанын хабарлады.
Коронавирус туралы шынайы ақпарат бермеген Тәжікстанның ресми билігі есесіне журналистерді жалған ақпарат таратты деп айыптап, халық арасында дүрбелең туғызды деп кінәлаған.
Оқи отырыңыз: Алматы маңындағы "коронавирус зиратына" жерленгендер 64 адамға жетті, ал ресми деректе 12 адам деп көрсетілген
Қазақстанда бір күнде 1557 адамнан коронавирус табылды, 10 адам қайтыс болды
26 маусымда Қазақстанда 1557 адамнан коронавирус табылды: ауру белгісі байқалған - 569 науқас, ауру белгісі жоқ 988 адам анықталған. Бір күнде 328 адам жазылып, 10 адам қайтыс болды.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Қазақстанда симптомы жоқ "тасымалдаушыларды" қоса есептегенде 34 867 адамнан коронавирус анықталған. 20 319-ы - "симптомы бар" науқас, 14 548-і - "симптомы жоқ" тасымалдаушы. Эпидемия басталғалы бері 12 548 адам жазылып шығып, 150 адам қайтыс болды.
Қазақстанда карантин шаралары алынғаннан кейін вирус жұқтырғандар саны еселеп артып, билік шектеу шараларын қайта күшейтуге мәжбүр болған. Көптеген қалалар мен облыстарда коронавирус жұққандарды емдейтін стационарлар толып, дәрігерлер тапшылығы байқалған. Бұған дейін кейбір аймақтарда пневмония өршігені хабарланған.
Билік елде тараған коронавирусты тоқтату үшін екінші апта қатарынан Алматы мен Нұр-Сұлтанда сенбі-жексенбіде "карантиндік демалыс" жариялады. Өзге аймақтарда да демалыс күндері шектеу күшейді.