Елде коронавирустан қайтыс болғандар 150 адамға жетті
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 26 мамыр кешкісін елде тағы үш адам коронавирустан қайтыс болғанын хабарлады. СҚО-да 65 жастағы әйел адам және 51 жастағы ер адам, ШҚО-да 61 жастағы ер адам көз жұмды.
Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы бұл марқұмдардың өліміне коронавирус себеп болды деген шешім шығарған.
Елде коронавирустан 150 адам қайтыс болды.
- Нұр-Сұлтан қаласы – 45
- Алматы қаласы – 26
- Шымкент қаласы – 13
- Ақмола облысы – 13
- Павлодар облысы – 13
- Қарағанды облысы – 10
- Түркістан облысы – 8
- Батыс Қазақстан облысы – 6
- Атырау облысы – 3
- Қостанай облысы – 3
- Шығыс Қазақстан облысы – 2
- Қызылорда облысы – 2
- Маңғыстау облысы – 2
- Солтүстік Қазақстан облысы – 2
- Ақтөбе облысы – 1
- Жамбыл облысы – 1
Алматы мен Нұр-Сұлтанда демалыс күндері шектеу күшейеді
Қазақстан билігі елде тараған коронавирусты тоқтату амалы үшін екінші апта қатарынан Алматы мен Нұр-Сұлтанда сенбі-жексенбіде "карантиндік демалыс" жариялады.
27-28 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда сауда орталықтары, супермаркеттер, базарлар және парктер, фитнес орталықтар, жабық ғимараттағы тамақтану орындары жабылады. Тек ашық аспан астындағы тамақтану орындары, көпқабатты үйлердің астындағы шағын азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейді. Қоғамдық көліктер де тоқтайды. Қарт адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Қала биліктері жұртты сенбі-жексенбіде албаты көшеге шықпауға шақырады.
Маусымның басынан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт өсіп, қазір 33 мыңнан асты. Елде пневмонияға шалдыққандар да көп. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы инфекциялық ауруханалардың 90 пайызы толы.
Қазақстан 11 мамырда елде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимін аяқтап, карантин шектеулерін жеңілдете бастаған.
- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
"Пневмонияны өршіткен – коронавирус инфекциясы". Ақтөбедегі ахуал ушығып кетті
Ақтөбеде пневмония диагнозы қойылған адам күрт көбейген. Денсаулық сақтау саласы мамандары бұған коронавирус инфекциясы әсер еткенін жоққа шығармайды. Ауру көбейген тұста аймақта өлім-жітім де жиілеген. Зират қызметкері күн сайын 6-7 адам жерленіп жатқанын айтады.
ДДСҰ Қазақстанды "вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына" кіргізді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропада коронавирус жұқтырғандар қайта арта бастағанын мәлімдеді. ДДСҰ Еуропа аймағы бюросының директоры Ганс Клюге 11 мемлекетте вирустың жылдам тарауын тоқтатпаса, денсаулық сақтау саласын қайта тығырыққа тіреуі мүмкін деп санайды.
ДДСҰ-ның Еуропа аймағына - Еуропаның 54 елі және Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның жеті мемлекеті кіреді. Бұған дейін Солтүстік және Оңтүстік Америкада эпидемиологиялық ахуал ушығып жатқан шақта Еуропада жыл басымен салыстырғанда науқастардың азаюы байқалған еді. Соңғы мәлімет бойынша, Еуропа аймағында 2,6 млн адамға вирус жұққан, 195 мың адам көз жұмған. Бұл әлем бойынша науқастар санының төрттен бірін құрайды, адам өлімінің 40 пайызына тең.
ДДСҰ мәліметінше, күн сайын Еуропа аймағында 20 мыңға жуық жаңа науқас анықталып жатыр. Күніне 700 адам өлімі тіркеледі. ДДСҰ вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына Қазақстанды да кіргізген. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 33 мыңнан аса адамнан коронавирус табылған, 147 адам қайтыс болған. 12 мыңнан астам адам жазылған.
ДДСҰ вирус жылдам тарап жатқан мемлекеттер қатарына Қазақстаннан бөлек, Армения, Швеция, Молдова, Солтүстік Македония, Әзербайжан, Қырғызстан, Албания, Босния-Герцеговина, Украина, Косованы кіргізген.