АҚШ "ТЖ кезінде жалған ақпаратты таратты" деп танылған белсенді Ильяшевтің азаматтық құқығын бұзбауға шақырды
АҚШ мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша бюросы Қазақстан үкіметін белсенді Әлнұр Ильяшевтің азаматтық құқығын бұзбауға шақырды. "Нұр Отан" партиясын сынап, әлеуметтік желіде пост жазғаннан кейін "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деп айыпталған Ильяшевтің бостандығын сот осы аптада 3 жылға шектеген еді.
"Сөз бостандығын құрметтеу кез келген гүлденген демократияның қазығы. Қазақстан үкіметін Әлнұр Ильяшевтің құқықтарын қалпына келтіріп, барлық азаматтарға қудаланудан қорықпай пікірін ашық айтуға рұқсат етуге шақырамыз" делінген бейсенбі күні жарияланған twit-хабарламада. Оны халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы да қолдады.
22 маусымда Алматы соты Әлнұр Ильяшевтің бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуді міндеттеген, бес жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған.
Полиция Ильяшевті 17 сәуір күні ұстап әкетті. Ол Facebook-те “Нұр Отан” партиясын жемқорлық жайлады деп жазып, биліктің коронавирус эпидемиясына қарсы әрекетін сынға алған болатын. Осы сөздері үшін 43 жастағы белсенді екі айдан астам уақыт бойы қамауда болды.
Сотта өзіне тағылған айыптардан бас тартқан Ильяшев тергеу изоляторынан шыққаннан кейін үкімді апелляцияға беретінін айтты.
Бұған дейін штаб-пәтері Лондонда шоғырланған халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы да Әлнұр Ильяшевке шығарылған үкімді сынаған. "Әлнұр Ильяшев ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның бар жасағаны өз пікірін бейбіт түрде білдіру еді, ал билік пен оның “эксперттері” мұны қылмысқа балап, қатаң жаза қолданды" деп мәлімдеді ұйым өкілдері.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігі төтенше жағдайды өзін сынайтын адамдардың үнін өшіру үшін пайдаланып отыр деп бірнеше рет айтқан.
Нұр-Сұлтанда коронавирустан тағы 7 адам қайтыс болды
Денсаулық сақтау министрлігі Нұр-Сұлтанда тағы жеті адамның коронавирус инфекциясынан қайтыс болғанын хабарлады. Қайтыс болған екі әйелдің бірінің жасы - 62-де, екіншісі 40-та болған. 59 бен 70 жас аралығындағы 5 ер адам қайтыс болған.
Арнайы комиссия олар коронавирустан қайтыс болды деп шешім қабылдаған.
Эпидемия басталғалы бері Нұр-Сұлтанда ресми мәлімет бойынша, вирустан 45 адам көз жұмған. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Қазақстанда барлығы 147 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады.
Елде коронавирус жұққан қайтыс болған ондаған адам өлімі ресми статистикаға енгізілмеген. Денсаулық сақтау министрлігі олардың "коронавирустан емес", "басқа аурудан" қайтыс болғанын айтады.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, вирус жұқтырғандар 33 мыңнан асқан. Елде карантин шаралары жұмсарғаннан кейін індет өршіген.
Саясаткерлер мен құқық қорғаушылар: Індеттен туындаған дағдарыс демократияға қауіп төндіреді
Халықаралық демократия институты және АҚШ-тың демократия жөніндегі ұлттық қорының бастамасымен әлемнің 500-ден астам саясаткері, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының лауреаттары және құқық қорғау ұйым жетекшілері бірлесіп ашық хат жазды. Хат авторлары авторитарлық режимдер билігін нығайтып, сыни пікірді тұншықтыру үшін пандемияны қолдануы мүмкін деп ескерткен. Олардың пікірінше, тіпті демократиялық жолмен сайланған кейбір басшылар төтенше жағдай кезінде өкілетін арттырып, адам құқығын шектеп, мемлекет бақылауын күшейтіп жатыр. Хат авторларының ойынша, пандемия саяси дағдарысқа апарып, либерал демократияның болашағына қауіп төндіреді.
Акцияны 70 шақты құқық қорғау ұйымы қолдады. Олардың арасында Transparency International, Конрад Аденауэр қоры және World Movement for Democracy ұйымдары бар. Бұған қоса, хатқа ондаған саяси қайраткер, Нобель сыйлығының лауреаты, 60-тан астам бұрынғы мемлекет, үкімет басшысы қол қойған. Хатты қолдағандар арасында қазақстандық танымал құқық қорғаушы Евгений Жовтис те бар. Ресейліктерден Михаил Ходорковский, Гарри Каспаров, Владимир Кара-Мурза, Жанна Немцованың да аты-жөндері кездеседі.
"Сөз бостандығын тұншықтыру, келіспейтіндерді түрмеге қамау, сайлауды белгісіз мерзімге шегеру - мұның ешқайсысының денсаулықты қорғауға қатысы жоқ" деп санайды хат авторлары.
Олар сонымен бірге сөз бостандығы шектеліп, вирус туралы айтқандарды қудалайтын Қытайда пандемияның басталуы кездейсоқтық емес деп есептейді.
"COVID-19-дан туындаған дағдарыс - біз бағалайтын бостандыққа қауіп төнгені жайлы ескерту және біз мұны қалыпты нәрсе деп қабылдамауымыз қажет" делінген хатта.
Қазақстанда бір күнде 1348 адамнан коронавирус табылды, 4 адам қайтыс болды
Өткен тәулікте Қазақстанда 1348 адамнан коронавирус табылды: ауру белгісі байқалған - 465 науқас, ауру белгісі жоқ 883 адам анықталған. Бір күнде 338 адам жазылып, 4 адам қайтыс болды.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Қазақстанда симптомы жоқ "тасымалдаушыларды" қоса есептегенде 33 310 адамнан коронавирус анықталған. 19 750-і - "симптомы бар" науқас, 13 560-ы - "симптомы жоқ" тасымалдаушы. Эпидемия басталғалы бері 12 220 адам жазылып шығып, 140 адам қайтыс болды.
Қазақстанда карантин шаралары алынғаннан кейін вирус жұқтырғандар саны еселеп артып, билік шектеу шараларын қайта күшейтуге мәжбүр болған. Көптеген қалалар мен облыстарда коронавирус жұққандарды емдейтін стационарлар толып, дәрігерлер тапшылығы байқалған. Бұған дейін кейбір аймақтарда пневмония өршігені хабарланған.
25 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызметтен босатылып, оның орнына Алексей Цой тағайындалды. Маусым айының ортасында Біртановқа коронавирус жұғып, ауруханаға түскені хабарланған еді. Бейсенбі күні Біртанов Facebook парақшасында "дерттен емделуі керегін" айтып, Тоқаевқа өзі қызметтен босату туралы арыз бергенін жазған.