Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:47 25.6.2020

Қазақстанда бір күнде 1476 адамнан коронавирус табылды, 2 адам қайтыс болды

Өткен тәулікте Қазақстанда 1476 адамнан коронавирус табылды: ауру белгісі байқалған - 520 науқас, ауру белгісі жоқ 956 адам анықталған. Бір күнде 368 адам жазылып, 2 адам қайтыс болды. 24 маусымда алғаш рет ресми түрде Қызылорда облысында COVID-19-бен байланысты адам өлімі тіркелді.

Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.

Қазақстанда симптомы жоқ "тасымалдаушыларды" қоса есептегенде 31 962 адамнан коронавирус анықталған. 19 285-і - "симптомы бар" науқас, 12 677-і - "симптомы жоқ" тасымалдаушы. Эпидемия басталғалы бері 11 882 адам жазылып шығып, 136 адам қайтыс болды.

Қазақстанда карантин шаралары алынғаннан кейін вирус жұқтырғандар саны еселеп артып, билік шектеу шараларын қайта күшейтуге мәжбүр болған. Көптеген қалалар мен облыстарда коронавирус жұққандарды емдейтін стационарлар толып, дәрігерлер тапшылығы байқалған. Алматы мен Алматы облысы, Ақмола облысында ауруханалар жоспарға сай емделетін науқастарды қабылдауды тоқтатты. Бұған дейін кейбір аймақтарда пневмония өршігені хабарланған.

06:20 25.6.2020

Қызылорда облысында коронавирустан екі науқас қайтыс болды

Қызылорда облысында коронавирустан 60 жастағы әйел адам және 64 жастағы ер адам қайтыс болды. Бұған дейін облыста COVID-19-бен байланысты адам өлімі тіркелмеген.

Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, коронавирустан қайтыс болғандар 136 адамға жетті. COVID-19 анықталған қайтыс болған ондаған адамның өлімі ресми статистикаға енгізілмеген. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олардың өліміне коронавирус емес, "басқа ауру себеп".

Қазақстан билігі коронавирустан "қайтыс болғандар" мен коронавирус анықталған бірақ "басқа аурудан қайтыс болғандарды" бөлек есептейді. Аймақтарда COVID-19-бен байланысты адам өлімінің себебін зерттейтін комиссиялар жұмыс істейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 30 мыңнан асты. Елде карантин шаралары алынғаннан кейін індет қайта өршіген.

16:20 24.6.2020

Ақтөбеде пневмонияға шалдыққандарды тубдиспансерге орналастырады

Ақтөбеде пневмонияны емдейтін 400 орындық жаңа бөлім жасақталып жатыр. Ол облыс орталығындағы түбіркүлез диспансерінің базасынан бейсенбі күні ашылады. Бұл туралы 24 маусым күнгі онлайн-брифинг кезінде Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова айтты.

Есенаманованың сөзінше, өткен тәулікте ауруханаларға пневмония диагнозымен тағы 88 адам түскен. Маусым айында облыстың 1257 тұрғынына пневмония диагнозы қойылған.

- Ақтөбеде пневмонияның бәсеңдеуі байқалмайды. Сәл азайғандай болады да, қайта көбейеді. Науқастардың 60-70 пайызы екіжақты пневмонияға шалдыққан, - деді Светлана Есенаманова онлайн-брифинг кезінде.

Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.
Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.

Оның айтуынша, ауруханадағы 28 науқастың халі ауыр, 10 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Ақтөбеде өткен түні пневмониядан тағы төрт адам қайтыс болған. Осылайша пневмониядан қайтыс болғандардың ресми саны 22 адам болды.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы пневмониядан аурухана төсегінде қайтыс болғандардың ғана есебін жүргізіп отыр. Сондықтан бұл "індет құрбандарының" нақты санын анықтау қиын. Яғни, түрлі себеппен ауруханаға жете алмай, үйінде қайтыс болғандар басқарма есебіне кірмеген.

Азаттық пневмониядан қайтыс болғандардың жалпы саны туралы мәліметті қалалық мәйітханадан да ала алмады.

- Біз пневмониядан қайтыс болғандар есебін бөлек жүргізбейміз. Өкпе патологиясынан қайтыс болды деп бәрін бір санатқа енгіземіз. Өкпе патологиясына қатерлі ісіктен өлгендер, пневмониядан қайтыс болғандар, т.б. кіреді. Маусым айында Ақтөбе облысында өкпе патологиясынан қайтыс болғандар саны күрт көбейді, - деді Ақтөбе өңіраралық сот сараптамалары орталығыны бас дәрігерінің орынбасары Жанна Нұрғалиева.

Қазақстанда бұған дейін Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Қарағанды облысында да пневмония өршігені хабарланған еді.

Lada.kz сайтының жазуынша, 24 маусымда Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы да аймақта пневмонияға шалдыққандар күрт көбейгенін, провизорлық орталықта 450 науқас жатқанын мәлімдеген. Басқарма жетекшісі Жамал Жаманбаеваның айтуынша, науқастардың ешқайсынан коронавирус табылмаған, 25 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

15:30 24.6.2020

Алматы және Алматы облысында ауруханалар науқастарды қабылдауды тоқтатты

Алматыда науқастарды жоспарға сай стационарға жатқызу және поликлиникаға қабылдау тоқтатылды. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сүйенген Sputnik Kazakhstan сайты хабарлады.

"Жоспарға сай, ауруханаға жатқызу және алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша алдын алу жұмыстары тоқтатылды. Шұғыл операциялар жасалады, оларға ПЦР-тесті қажет жоқ" делінген басқарма хабарламасында.

Медицина қызметкері ауруханаға келген адамдардың дене қызуын өлшеп жатыр. Алматы, наурыз айы 2020 жыл.
Медицина қызметкері ауруханаға келген адамдардың дене қызуын өлшеп жатыр. Алматы, наурыз айы 2020 жыл.

Басқарманың хабарлауынша, бұл өзгерістердің аяғы ауыр әйелдерді бақылау және скринингтен өткізу процесіне қатысы жоқ.

Мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, "алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары профилактикалық тексерістерді тоқтатқан", "жоспарлы түрде стоматологиялық қарау, медициналық оңалту шаралары, оқушылардың денсаулығына қатысты шаралар, медициналық-психологиялық қарау, медициналық әлеуметтік құжаттарды рәсімдеу" тоқтаған.

Коронавируспен күрес жөніндегі штабтың айтуынша, Алматы облысында да осыған ұқсас шара қабылданған. Мұндай шектеулер эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін күшінде болады.

Күн сайын мыңнан астам адамнан коронавирус табылып жатқан Қазақстанда бұған дейін ауруханалардың толып кеткені, стационарда орын тапшы екені хабарланған еді. Денсаулық сақтау департаменті өкілдері жағдайы ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызатынын айтқан. Билік кейбір ғимараттарды коронавирус жұққан науқастарды емдейтін стационарға айналдыратынын хабарлады.

Соңғы мәлімет бойынша, Алматы қаласында - 4781 адамнан коронавирус табылған, (1311 адамда ауру белгісі жоқ, 3470 адамда ауру белгісі бар), Алматы облысында 1422 адамнан (802 адамда коронавирус белгілері бар, 620 адамда ауру белгісі жоқ) коронавирус анықталған.

Тағы

XS
SM
MD
LG