Қырғызстан СІМ: Қазақстан мен Ресей шекарадағы қырғыздарды қайтару мәселесін талқылап жатыр
Қазақстан мен Ресей қазақ-орыс шекарасында қалып қалған қырғыз азаматтарын еліне қайтару мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Қырғызстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, министрліктің баспасөз қызметі коронавирус індетіне байланысты шекаралар жабық екенін ескертіп, Ресейдегі қырғыздарды жолға шықпауға шақырған.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Ресейдің Самара облысындағы қазақ-орыс шекарасында бірнеше аптадан бері 70 шақты қырғыз азаматы шекарадан өте алмай, далада түнеп жатыр. Олар Мәскеуден автобус жалдап, жолға шығып, шекарадан өте алмай қалған.
Азаттық тілшісі әзірге Қазақстан сыртқы істер министрлігінен жауап ала алмады.
Ресми мәлімет бойынша, пандемия басталған ақпан айынан бері сыртта жүрген 15 мың қырғыз азаматы еліне жеткізілген. Олардың басым бөлігі Ресейде тұрған. Бұған дейін орыс-қазақ шекарасындағы өте алмай қалған қырғызстандықтар екі рет автобуспенен Қазақстан арқылы Бішкекке өткен.
Жээнбековпен бірге ұшқан 2 қызметкерден вирус табылып, президент Жеңіс парадына қатыспады
Ресейге барған Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің жанындағы екі қызметкерден коронавирус табылып, қырғыз басшысы Жеңіс парадына қатыса алмай қалды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
"Алгоритмге сәйкес, президент Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шараларға қатысудан бас тартты. Президент аппаратының сыртқы саясат бөлімінің басшысы Данияр Сыдықов және күзет қызметінің өкілінен ауру анықталды" делінген президенттің ресми сайтында жарияланған хабарламада.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, 24 маусым таңертең жарияланған видеода Сооронбай Жээнбековтің Кремльге келгені көрінген. Бірақ ол Ресей президенті Владимир Путинмен көпшілік алдында қол алысып, амандасқан мемлекет басшыларының арасында болмаған.
Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад Мәскеуде Нұр-Сұлтан уақытымен күндізгі сағат 1-де басталған. Оған қатысып жатқан мемлекет басшылары арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Бұған дейін көптеген елдер эпидемиологиялық ахуалға байланысты парадқа қатысудан бас тартқан еді.
Қырғызстанда бір күнде 25 медицина қызметкерінен коронавирус табылды
Бұл туралы 24 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Мадамин Каратаев хабарлады. Бішкекте - 8, Шу облысында - 5, Ош облысында - 4, Нарын облысында - 2, Талас облысында 1 адамнан коронавирус анықталған.
Эпидемия басталғалы бері 629 медицина қызметкеріне COVID-19 жұққан, 389 адам жазылған.
Қырғызстанда вирус жұқтырғандар 3 726 адамға жеткен. Олардың 2 082 адам жазылған, 42 қайтыс болған.
Коронавирус туралы ақпарат таратқан екі пәкістандық журналисті полицияның азаптағаны хабарланды
"Жартылай әскери бөлім қызметкерлері коронавирус туралы ақпарат таратқанымыз үшін бізді азаптады" деп пәкістандық екі журналист мәлімдегеннен кейін баспасөз құқығын қорғау ұйымдары үкіметті кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.
Урду тілінде ақпарат тарататын Samaa News телеарнасының тілшісі Саид Әли Ачакзай және пуштун тілінде хабар таратын Khyber News телеарнасының тілшісі Абдул Матин Ачакзай Пәкістанның Белужистан провинциясында үш күн қамауда болғанын айтады.
23 маусымда жарияланған суреттерде олардың белінде жарақат бары көрінеді.
Саид Әлидің Азаттық тілшісіне айтуынша, журналистер Чаман қаласы маңындағы карантин орталығындағы ауыр жағдай туралы хабар таратып, ондағы азық-түлік, су тапшылығы мәселесі туралы жазған. Олардың айтынша, бұдан соң 20 маусымда шекара сақшылары оларды шақырып, терроризммен күрес орталығының мамандарына тапсырған. Ол жақта оларды қамап, ұрып-соққан.
Чамандағы Кала-и-Абдулла округы аудан комиссарының орынбасары Башир Баречи журналистерді жалған ақпаратты таратты және әлеуметтік желіде оларға тіл тигізді деп айыптаған. Ол журналистердің қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталғанын айтқан.
Пәкістанның журналистер федералдық одағы Белужистан үкіметін оқиғаны заңнамалық тәртіпте зерттеп, оған қатысы бар шенеуніктерді ұстауды талап етті.
"Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымының мәлімдемесінде "Екі журналистің таратқан ақпараты көңіліне жақпағаны үшін қауіпсіздік күш өкілдерінің оларды азаптауына мүлде жол беруге болмайды" делінген.
RSF ұйымының айтуынша, Пәкістан мен Ауғанстан арасында адам саудасы және жемқорлықпен байланысты ақпарат таратқан чамандық журналистер кәсіби міндетін атқарғаны үшін үнемі қуғындалады.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының "Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде" Пәкістан 180 елдің арасында 145-орында тұр.