Қазақстанда бір күнде 1630 адамнан коронавирус табылды
23 маусымда Қазақстанда 1630 адамнан коронавирус табылды: 534-інде - COVID-19 симптомы бар, 1096 адамда ауру белгісі жоқ. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бір күнде 7 адам қайтыс болды.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Пандемия басталғалы Қазақстанда 30 486 адамнан короанавирус анықталды. Оның, билік айтқандай, 18 765-і ауру симптомы бар науқас, 11 721-і ауру симптомы жоқ "тасымалдаушылар". Барлығы 11 514 адам жазылып шығып, 134 адам қайтыс болды.
Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар 134 адамға жетті
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 24 маусымдағы мәліметіне сай, елде тағы 7 адам қайтыс болған. Ақмола облысында - 1953 және 1931 жылғы ер адамдар, 1963 және 1952 жылғы әйел адамдар, Алматы қаласында 1951, 1928 және 1936 жылғы әйел адамдар коронавирустан қайтыс болған.
Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы марқұмдардың қазасына COVID-19 дерті себеп болды деген шешім қабылдаған.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 134 адам қайтыс болды.
- Нұр-Сұлтан қаласы – 38
- Алматы қаласы – 23
- Павлодар облысы – 13
- Шымкент қаласы – 13
- Қарағанды облысы – 10
- Ақмола облысы – 12
- Түркістан облысы – 8
- Батыс Қазақстан облысы – 6
- Қостанай облысы – 3
- Атырау облысы – 3
- Маңғыстау облысы – 2
- Ақтөбе облысы – 1
- Шығыс Қазақстан облысы – 1
- Жамбыл облысы – 1
Кейінгі уақытта елде коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейіп, елде күнде кем дегенде 4-5 адам COVID-19 дертінен қайтыс болғаны хабарланып жатыр.
Қазақстан билігі коронавирус жұқтырған кем дегенде 54 марқұмды ресми статистикаға қоспай отыр. Министрлік олардың өліміне "коронавирус емес, басқа дерттері себеп болды" дейді.
Қарағанды облысында пневмония өршіді. Ауруханалардың 70 пайызы толған
Қарағанды облысында кейінгі бірнеше күнде пневмониямен ауруханаға түскендер күрт өсті. Аймақтағы ауруханаларға күн сайын шамамен 70 адам пневмония диагнозымен жеткізіліп жатыр. Науқастардың қаншасынан коронавирус табылғанын анықтау мүмкін болмады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы "бұл коронавирус па әлде басқа дерт пе, оны тексеріс қорытындысы көрсетеді" деп мәлімдеді.
"Пневмония көбейетін уақыт болмаса да осы дертке шалдыққандар өсіп жатыр. Ауруханаға түсіп жатқандардың көбі қарт адам. Олардың көбінің ауруы асқынып кеткен, халі ауыр. Өкініштісі, көбі өз бетінше емделіп, жағдайы ауырлағанда ғана дәрігер шақырып жатыр. Көбін пульмонология провизорлық стационарына жатқызамыз. Пневмонияға шалдыққандар арасында қайтыс болғандар да бар" деді 23 маусымда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Басқарма басшысы пневмонияға шалдыққан қанша адамның көз жұмғанын коронавируспен күрес бойынша республикалық штаб жариялайды деп, марқұмдар санын айтпады. Ресми дерекке сай, Қарағанды облысында коронавирустан 10 адам қайтыс болды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, қазір аймақта 29 адам жансақтау бөлімінде жатыр. 9 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ауруханалардағы орындардың 70 пайызы толған, емханалар жексенбі күні де жұмыс істеп жатыр.
Аймақта коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі – Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында. Басқарма Бұқар Жырау және Абай ауданындағы ауылдарда да вирус жұқтырғандар барын айтады.
Аймақта жедел жәрдемнің жай келетінін айтып шағымданғандар көбейді. Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселені шешу үшін қосымша көліктер бөлінгенін айтады.
Өткен аптаның соңында Ақтөбе облысы, Түркістан облысы және Шымкент қаласында да пневмонияға шалдыққандар күрт көбейген.
Теннистен әлемнің №1 ракеткасы Джокович коронавирус жұқтырды
Теннистен әлемнің №1 ракеткасы сербиялық Новак Джокович коронавирус жұқтырды. Бұл туралы сербиялық ақпарат құралдары хабарлады.
Бұған дейін болгариялық теннисші Григор Димитров пен хорватиялық Борна Чористің де коронавирус жұқтырғаны белгілі болған. Екі теннисші өткен аптада Хорватияның Загар қаласындағы теннис турниріне қатысқан еді. Сербиялық басылымдар осы жарыста болған Джоковичтің жаттықтырушысы да вирус жұқтырғанын жазды.
Жарысқа қатысқан хорватиялық Марин Чилич пен германиялық Александр Зверев те анализ тапсырғаны хабарланды. Олардың анализінің нәтижесі хабарланбады.
Джокович осыған дейін теннис жарыстарына қатысу үшін алдын ала вакцина салдыруға қарсы болған.
Коронавирус пандемиясына байланысты наурыздан бастап ресми теннис турнирлері тоқтаған. Мамырдан бастап кейбір елдерде коммерциялық теннис турнирлері өте бастаған.