Алматыда вирус жұқтырған 170 адамның жағдайы ауыр
Алматыда коронавирус жұқтырған 20 адамның жағдайы өте ауыр, олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 150 адамның жағдайы ауыр. 1222 адамның халі орташа. Бұл туралы 23 маусымда қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров хабарлады.
Надыровтың сөзінше, қаладағы инфекциялық ауруханалардағы орындардың 95 пайызы, провизорлық орындардың 90 пайызы бос емес. Қазір қалада вирус жұқтырған 1400 жуық адам ауруханада жатыр.
Басқарма басшысы Алматыда вирус жұқтырғандардың 35 пайызы 20-29 жаста, ал 8,8 пайызы 60 жастан асқанын айтты. Надыров Алматыдағы жағдай ушықса, қаладағы спорт кешендерінде қосымша инфекциялық орындар ашылатынын айтты.
"Халық арена" спорт кешенінде 500 орындық станционар ашуды жоспарлап отырмыз. "Теміржол ауруханасы" базасында 150 орындық стацонар ашу да жоспарда бар. Демек, қаладағы 1940 инфекциялық орынға тағы 650 орын қосылады деген сөз. Жағдай ушығып кетсе, "Алматы арена" спорт кешенінде қолданып, инфекциялық стационардағы орын санын 3740-қа дейін жеткізуге болады" деді ол.
Алматы қаласында 4700-тен аса адамнан коронавирус табылды. 20 адам коронавирустан қайтыс болды. Ал ел бойынша 28 мыңнан астам адамнан вирус жұқтырды. 127 адам COVID-19 дертінен көз жұмды.
Бас санитарлық дәрігер жұмысшылардан ПТР тестінің нәтижесін талап етпеуге шақырды
Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова жұмыс берушілерді жұмысқа үзілістен шыққан қызметкерлерінен ПТР тестінің нәтижесін талап етпеуге шақырды.
“Өкінішке қарай, бүгінде мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, жұмыс берушілердің көбі іс-сапардан, еңбек демалысынан, ауыруға байланысты үзілістен шыққан қызметкерлерінің бәрінен міндетті түрде ПТР талдауын жасатуды талап етіп жатыр. Құрметті жұмыс берушілер, бұл талап инфекцияның ұжымыңызға кіруінен қорғамайды” деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Дәрігердің айтуынша, егер жұмыс орны ашық болып, қызметкерлері кіріп-шыға алса, тапсырылған ПТР тестінен пайда жоқ.
“Таңертең жұмысқа келерде және жұмыс орнынан үйге қайтарда біз адамдармен байланысқа түсеміз – қоғамдық көлікке мінеміз, дүкенге барамыз, жақындарымызбен және достарымызбен кездесеміз, белгілі бір қызметтер аламыз. Мұндайда вирус жұқтыру қаупі әрдайым болады” деді ол.
Есмағамбетованың сөзінше, жұмыс берушілердің бұл талабы ПТР талдауын жүргізетін зертханаларға артық салмақ түсіріп отыр.
“ПТР талдауын оны расымен қажет ететіндер ғана жасатуы тиіс. Ал жұмыс берушілер қызметкерлерін профилактиканың өзге түрлерімен қамтамасыз ете алады. Мысалы, жұмысқа кіреберіске контактісіз термометрия қою, санитайзерлермен қамтамасыз ету, масканы тағы, әлеуметтік қашықтықты ұстану” деді Есмағамбетова.
19 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева елде ПТР талдауын 56 зертхана жүргізіп жатыр деген болатын. Вице-министр күніне 28 мыңға жуық ПТР талдауы жасалатынын, бұл көрсеткішті 35 мыңға жеткізу жоспарланып отырғанын айтқан. Талдаудың басым көпшілігін Ұлттық экспертиза орталығы, “Олимп”, “МПК” мобильді орталығы, Invitro, Репродуктивті медицина облыстық орталығы және Invivo зертханалары жүргізіп отыр.
Өткен аптаның соңында “Олимп” Алматы мен Нұр-Cұлтан бойынша, Invitro республика бойынша үш күнге ПТР талдауын жасауды тоқтататынын мәлімдеген. Тұрғындар ПТР талдауын жасатуда қиындыққа тап болып жатқанын айтып, шағымданып жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының дерегінше, коронавирус пандемиясы басталғалы Қазақстанда 1,37 миллион ПТР талдауы жасалған.
ПТР талдауының күндік көрсеткіші 19-20 маусым күндері 30 мыңнан асып, 22-23 маусым күндері 24 мыңға жетпей қалды.
Қазақстанда коронавирус 28 856 адамнан анықталған. Ресми статистикаға оның 18 231-і ғана кірген.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Барлығы 11 158 адам жазылып шығып, 127 адам қайтыс болды.
Сауд Арабиясы биыл шетел азаматтары үшін қажылық болмайтынын хабарлады
22 маусым күні Сауд Арабия қажылық және умра министрлігі шілденің соңында болатын биылғы қажылыққа “тек санаулы” шетел мұсылмандары қатыса алады деді.
“Бұл шешім қажылықтың қоғамдық денсаулықты сақтау тұрғысынан қауіпсіз өтуі үшін жасалды. Адамзатты пандемияға байланысты қатерден қорғауға қажетті және адамзаттың өмірін сақтап қалу жөніндегі Ислам іліміне сәйкес барлық алдын алу шаралары мен қашықтықты ұстану хаттамалары жүзеге асырылады” делінген министрлік мәлімдемесінде.
Қажылық мұсылманның бес парызының бірі. Денсаулығы мен қаражаты бар мұсылман ғұмырында бір рет қажылық жасауға міндетті.
Әр жыл сайын 180-нен астам елден 2,5 миллион адам Сауд Арабиясындағы Мекке мен Мәдинаға қажылыққа келеді.
Миллиондаған шетел азаматының келуі немесе адамдардың топталуы жұғу деңгейі жоғары коронавирустың тарауын үдетуі мүмкін.
Сауд Арабиясы болса, коронавирустан қатты зардап шеккен елдердің қатарынан табылып отыр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, елде 161 мың адамнан коронавирус анықталған. Оның 1307-сі қайтыс болған.
Жалпы статистикаға кірмейтін коронавирус симптомдары жоқ 816 тасымалдаушы тіркелді
22 маусым күні Қазақстанда COVID-19 ауру белгілері жоқ 816 адамнан анықталды. Аймақ бойынша көш басында – Атырау облысы (125 адам), Алматы облысы (85) және Қарағанды облысы (84).
- Нұр-Сұлтан қаласы - 1144 (+58)
- Алматы қаласы - 1274 (+49)
- Шымкент қаласы - 1027 (+55)
- Ақмола облысы - 302 (+41)
- Ақтөбе облысы - 345 (+38)
- Алматы облысы - 721 (+85)
- Атырау облысы - 1186 (+125)
- Шығыс Қазақстан облысы - 316 (+10)
- Жамбыл облысы - 344 (+56)
- Батыс Қазақстан облысы - 705 (+44)
- Қарағанды облысы - 1526 (+84)
- Қостанай облысы - 243 (+62)
- Қызылорда облысы - 288 (+40)
- Маңғыстау облысы - 300 (+5)
- Павлодар облысы - 136 (+14)
- Солтүстік Қазақстан облысы - 296 (+25)
- Түркістан облысы - 472 (+25)
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр.
3 маусымнан бері 10 625 "тасымалдаушы" тіркелген. Ал вирус жұқтырғандардың жалпы саны - 28 856.
"Тасымалдаушылар" саны бұдан көп болуы мүмкін. Себебі өткен демалыста Қазақстанның көптеген аймағында жекеменшік зертханалар ПТР талдауын жүргізбеді. Тұрғындар тарапынан ПТР талдауын жасатудың қиындап кеткені туралы шағымдар айтылды. Оның үстіне денсаулық сақтау министрлігі ауру белгісі болмаса, ПТР талдауын жасатпауға шақырды.