Accessibility links

Берденов Алматы қаласын дамыту орталығының жетекшісі болды


Руслан Берденов
Руслан Берденов

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденов Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Алматы қаласын дамыту орталығының жетекшісі болды. Бұл жөнінде ҚазТАГ жазды.

Ақпарат агенттігі мәліметті Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі растағанын жазды.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Алматы қаласын дамыту орталығы 2008 жылы 30 мамырда Аматы қаласы әкімдігінің қаулысымен құрылған. Орталықтың жарғылық капиталы 100% мемлекетке тиесілі. Онда орталықтың "миссиясы – қала әкімдігіне және оның тұрғындарына қалалық басқарудың тиімділігін арттыруға, қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсартуға және Алматының өмір сүру үшін неғұрлым қолайлы және тартымды қалалардың қатарына кіруге бағытталған кәсіби қызметтердің кең спектрін ұсыну арқылы Алматының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету" деп жазылған.

40 жастағы Берденов Шымкентте өзіне жасалған "қастандықтан кейін" тамыздың соңында "өз еркімен" қызметінен кеткен еді.

20 тамызда Шымкент соты оған оқ атқан, “Адам өлтіру” және “Қылмысқа оқталу” баптары бойынша айыпталған Ернар Жиембайды 9 жылға бас бостандығынан айырған. Жиембай тағылған айыпты ішінара мойындаған.

Сот кезінде Ернар Жиембай сотта “қызғаныштан” эмоцияға беріліп, оқ атқанын, әйелінің Берденовпен жазысқанын көргенін, Берденовтің жұмыста дөрекілік танытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізген. Ал Берденов сотталушының айтқандарын толық жоққа шығарып, "манипуляция" деп атаған.

Мамыр айында Берденов тәуір болдым деп мәлімдеген. Маусымның аяғында ол Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.

XS
SM
MD
LG