Бас прокурор Берік Асылов Болат Назарбаевтың ұлы 41 жастағы Нұрбол Назарбаевтың активтеріне қатысты депутаттық сауалға жауап берді. Асылов Нұрбол Назарбаевтың активтерін қайтару процесінде ашықтықты талап еткен депутатқа "оған заң мүмкіндік бермейді" деп жауап берген.
"Заң шеңберіндегі жұмыспен сіздің сауалыңызда көрсетілген тұлға да қамтылған. Дегенмен, Заңның 8-бабының 3-тармағына сəйкес активтерді қайтару жөніндегі уəкілетті орган жəне комиссияның мүшелері алынған мəліметтердің сақталуын жəне құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Сіз көрсеткен ақпарат активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау жəне оларды қайтару барысындағы жұмыста ескерілетін болады" деп жазылған бас прокурордың жауабында.
Бас прокурордың хабарлауынша, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мəселелері жөніндегі комиссияның шешімі бойынша қазір тұтас ел бойынша "1,3 трлн теңге көлемінде шаралар қабылданған".
"Заң субъектілерімен жасалған келісімдерге сəйкес мемлекет пайдасына ерікті түрде шамамен 750 млрд теңге қаражат аударылып, 103 млрд теңгеге мүлік заттай түрде тапсырылды" деп жазылған жауапта.
Қыркүйектің басында Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті (қазір инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп аталады) Нұрбол Назарбаевты сотқа берген. Сот өткен, бірақ оның нақты мазмұны мен мән-жайы жарияланбады. Прокуратура істің құпия екенін айтып, қандай айыптар тағылғанын және қандай активтер тәркіленгенін түсіндірген жоқ. Белгілісі — Нұрбол Назарбаев 57 миллиард теңге көлеміндегі мүліктен айырылып, мемлекет пайдасына қайтаруға міндеттелген.
Жақында мәжіліс депутаты Ринат Зайыт осы мәселені көтеріп, бас прокурорға сауал жолдады. Ол кіші Назарбаевқа қатысты сот шешімін беймәлім қалғанын айтып, Берік Асыловтан кейбір ақпаратты ашық жариялауды талап етті.
Депутат сауалы барысында "Алматы мен Алматы облысында заңсыз алынған жер телімдері" мен "рейдерлік жолмен басып алынған базарлар" да тоқталып, "Алтын Орда" базарын да атап өтен. Процестің жабықтығы халық сенімсіздігін туғызады деген еді.
"Алайда жоғарыда аталған нысандар тәркіленген активтердің қатарында ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Себебі бұл мәселелердің нақты жай-жапсары ашық түрде жарияланбаған. Сот шешімдері шыққанмен процестердің жабық түрде өтуі қоғамда алаңдаушылық туғызады. Өйткені активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы, жұмыс орындарының сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр"деді депутат.
Қазан басында Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тануды сұрап, арыз түсіргені де хабарланған еді.
Болат Назарбаев — Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі. Ол 2023 жылы 70 жасында қайтыс болған. Оның ұлы Нұрбол Еңбек жолын құқық қорғау органдарынан бастаған. Әуелде прокуратура, кейін ішкі істер саласында істеген. 2011-2017 жылдар аралығында Алматы облысы ішкі істер департаментінде басшы қызметте болған. Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы мамыр айындағы есебі бойынша, Нұрбол Назарбаев Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің ішінде 57-орында тұр. Нұрбол Назарбаев Алматы және Алматы облысында бірнеше компанияға иелік етеді. Негізгісі — Prime cap.
Adata.kz-дегі дерекке қарағанда компания жабылу процесінде. Сондай-ақ оның атында жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын кәсіпорындар, жер телімдері, арақ-шарап өндіретін зауыт, қаржы қызметін көрсететін кәсіпорын, құс фабрикасы мен құрылыс компаниясы бар. Кейінгі жылдары Нұрбол Назарбаевты рейдерлік жолмен кәсібімізді тартып алды деп айыптағандар да болды.