Accessibility links

Депутат Назарбаевтардың отбасынан қайтарылған активтерге қатысты ашықтықты талап етті


Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов сәрсенбі күні бас прокурор Берік Асыловқа Назарбаевтар отбасының заңсыз алынған активтерін қайтару ісі бойынша сауал жолдады.

Ол бірінші президенттің бауыры Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа жуырда шыққан шешімді еске салды. Оған сәйкес, 57 млрд теңге мемлекет меншігіне қайтарылған. Оған 925 млн теңге және 230,4 млн теңге көлемінде екі айыппұл тағайындалған. Оның есепшоттары бұғатталып, компания кірісі мен жеке кірісін басқару құқығынан айырылған.

Депутат сауалы барысында сонымен бірге "Алматы мен Алматы облысында заңсыз алынған жер телімдері" мен "рейдерлік жолмен басып алынған базарлар" да тоқталып, "Алтын Орда" базарын да атап өтті. Процестің жабықтығы халық сенімсіздігін туғызады деді ол.

"Алайда жоғарыда аталған нысандар тәркіленген активтердің қатарында ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Себебі бұл мәселелердің нақты жай-жапсары ашық түрде жарияланбаған. Сот шешімдері шыққанмен процестердің жабық түрде өтуі қоғамда алаңдаушылық туғызады. Өйткені активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы, жұмыс орындарының сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр"деді депутат.

Ол өзінің сауалында сонымен бірге Нұрбол Назарбаевқа тиесілі кәсіпорындар мен активтерді инвентаризациялап, олардың заңдылығын анықтап, заңсыз алынған меншіктерді мемлекетке қайтаруды сұрады.

Депутат сонымен бірге "Алтын Орда" базары мен Алматы мен Алматы облысында заңсыз алынған жер телімдеріне қатысты зерттеу жүргізуді сұрады.

Ал депутат Бақытжан Базарбаев жер ресурстарын басқару департаменті мен Балқаш-Алакөл бассейндік инспекцияның тексерісі Қапшағай су қоймасы мен Іле жағалауында 50 жер телімін беру кезінде өрескел заңсыздықты анықтағанын айтты. Оның сөзінше, ерекше қорғалатын аумақтағы жер телімдері заңсыз олигархтар мен бұрынғы шенеуніктерге берілген.

"Мысалы, тізімде Тимур және Асқар Құлыбаев, «Кипрос» ЖШС, Болат Назарбаев, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов сияқты аты-жөндер бар. Міне, мына тізімде бірнеше бұрынғы премьер-министр, облыс әкімдері мен министрлер, генералдар бар. Бұл жер телімдерінің барлығы мемлекет меншігіне қайтарылуы керек" деді депутат.

Оның сөзінше, тамыз соңында жер телім иелеріне ұйғарым берілген.

"Менің өтінішім аясында тексеріс жүргізген жер ресурстарын басқару департаментінің инспекторлары қазіргі кезде бизнес-элиталар мен жоғары лауазымды шенеуніктердің орасан қысымына ұшырап жатыр" деді депутат.

Жуырда Астана сотына марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қарсы істі қарап жатқанын "За нами уже выехали" telegram-арнасы жазған. Арнаның мәліметінше, шағымды Бас прокуратураның заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеті түсірген, жауапкер – Нұрбол Назарбаев. Бірақ іс не жайлы, нақты қандай мәселе жөнінде екенін сот та, прокуратура да құпия жасап отыр.

2022 жылы кемі 238 адам қаза тапқан Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев "Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды" деп мәлімдеп, жағдайды дереу өзгерту қажеттігін айтқан еді.

Билік шетелге заңсыз шығып кеткен қаражатты елге қайтаруға уәде етіп, үкімет жанынан арнаулы комиссия жасақталған. Бас прокуратура жанынан Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылған. (Өткен аптада бас прокурор бұл комитет инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне айналатынын айтқан).

2023 жылы жазда қабылданған "Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға сәйкес, дүние-мүлікті заңсыз иеленген жеке немесе заңды тұлға өз активін ерікті түрде қайтарса, жауапқа тартылмайды. Олардың аты-жөні қоғамға ашық айтылмайды.

Содан бері өткен кезеңде билік өкілдері экс-президенттің отбасы мүшелері шетелге заңсыз шығарған активтер мемлекетке қайтарылып жатқанын анда-санда мәлімдеп келді.

Алайда сыншылар заңсыз жолмен алынған дүние-мүлікті мемлекетке қайтару науқаны ашық жүргізіліп жатқан жоқ деп санайды. Қабылданған заңға қоғамда күмәнмен қарайтындар да аз емес. Кей сарапшы заңның кем-кетігі көп, "ақша ұрлауға мүмкіндік қалдырады" деп сынға алған.

XS
SM
MD
LG