Accessibility links

АҚШ сенаты Джули Стафтты Қазақстандағы елші қызметіне бекітті


АҚШ сенаты тәжірибелі дипломат Джули Стафтты елдің Қазақстандағы елшісі қызметіне бекітті. Оның кандидатурасын сенаторлардың 51-і қолдаса, 47-сі қарсы болған.

Джули Стафтты Қазақстандағы елші лауазымына Ақ үй биыл шілдеде ұсынған.

АҚШ-тың кәсіби дипломаты, аға дипломатиялық қызмет мүшесі Джули М. Стафт Огайо штатынан шыққан. Мемлекеттік департаменттің ресми сайтында жарияланған өмірбаянында Стафттың Кейс Вестерн Резерв университеті мен Дьюк университетін тәмамдағаны, орыс, румын, француз және поляк тілдерін еркін меңгергені жазылған.

Джули Стафт 2025 жылдың қаңтар айынан АҚШ Мемлекеттік департаментінің Бюро құрамындағы аға қызметкері болып істеген. Оған дейін Мемлекеттік департаменттің Консулдық істер бюросында қызмет атқарған.

Стафт АҚШ-тың Молдова, Джибути, Ресей, Эфиопия және Польшадағы дипломатиялық миссияларында жұмыс істеген. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде аға директор қызметін атқарып, COVID-19 пандемиясы кезінде америкалық азаматтарды қорғауға бағытталған шараларды үйлестірген.

Қазақстандағы елші лауазымына ұсынылған шілде айында Стафт "энергия, технология және инфрақұрылым салаларына Америка инвестициясы арқылы екіжақты экономикалық байланысты тереңдетіп, АҚШ-тың өркендеуіне үлес қосу үшін жұмыс істеймін" деген.

Бұған қоса ол Қазақстанды Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге жол бермеу бағытындағы "сенімді серіктес" деп атаған және АҚШ пен Қазақстан арасында "сауда және энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірі" басталатынын айтқан.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі лауазымы биыл қаңтардан бері бос тұр. Бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм зейнетке шығуына байланысты жыл басында қызметінен кеткен.

XS
SM
MD
LG