АҚШ пен Еуроодақ террор ұйымы деп таныған ХАМАС тобы тірі қалған 20 кепіл тұтқынның бәрін босатты. Қарулы топ оларды 2023 жылғы 7 қазан күні Израильге шабуыл кезінде кепілге алған. Мұның арты соғысқа ұласып, өткен аптада АҚШ араағайындығымен бейбіт келісім жасалған. Бүгін Египеттегі конференцияда осы келісім аясындағы бейбітшілік жоспары талқыланады.
Дүйсенбі, 13 қазанның таңында ХАМАС алғашқы жеті кепіл тұтқынды Қызыл Крест ұйымына берді. Олар кейін тұтқындарды Израиль әскеріне табыстады. The Times of Israel басылымының жазуынша, босатылғандар: Омри Миран, Матан Ангрест, Эйтан Мор, Гай Гильбоа-Далал және неміс паспорты бар израильдіктер Гали Берман, Зив Берман, Алон Охель.
Кейінірек Қызыл Крест ұйымына 13 адамнан тұратын екінші топ берілді. Олар: Бар Куперштейн, Ром Бреславски, Нимрод Коэн, Эвьятар Давид, Элькана Бухбут, Сегев Кальфон, Авинатан Ор, Йосеф Хаим Охана, Максим Харкин, Эйтан Хорн, Матан Цангаукер, Давид Кунио және Ариэль Кунио.
ХАМАС сондай-ақ қаза тапқан кепіл тұтқындар ішінен 28 адамның сүйегін беруге тиіс.
Бейбіт келісім аясында Израиль билігі Газада жүрген әскерін белгіленген жерге дейін шегіндіреді, Израильде түрмеде отырған 2 мыңға тарта палестиналықты босатады. Палестиналықтар мінген алғашқы автобус Рамалла қаласына жеткені хабарланды.
Трамп Израильге барды
Дүйсенбінің таңында бейбіт келісімге мұрындық болған АҚШ президенті Дональд Трамп Израильге сапарлап барды. Жоспар бойынша, ол Кнессетте сөз сөйлеп, одан кейін Египеттің Шарм-эль-Шейх курортты қаласына саммитке аттанады. Газадағы соғысты аяқтауға арналған бұл саммитке 20-дан астам лидер қатыспақ.
Израильге бағыт алған ұшақтың бортында Трамп соғыс аяқталғанын, атыс қайта басталмайды деп үміттенетінін айтты.
Трамп Кнессеттің қонақ кітапшасына: "Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Ұлы күн, керемет күн. Жаңа бастау" деп жазды.
Осыдан соң Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен және босатылған тұтқындардың отбасымен кездесті.