Accessibility links

"Қайрат" - "Реал" ойынын көру үшін Алматыға 5 мыңнан аса шетелдік келген


Алматыға келген "Реал" фанаттары. 30 қыркүйек 2025 жыл.
Алматыға келген "Реал" фанаттары. 30 қыркүйек 2025 жыл.

26-29 қыркүйек аралығында алматылық "Қайрат" пен испаниялық "Реал Мадрид" футбол клубтарының ойынын көру үшін Алматыға 5 мыңнан астам шетелдік қонақ келген. Бұл туралы қаланың туризм басқармасына сілтей отырып ҚазАқпарат хабарлады.

Туристердің дені Қытай, Үндістан, Ресей, сондай-ақ Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия елдерінен келген. Қонақтар арасында ТМД елдерінің азаматтары бар.

"Матч өткізудің экономикалық әсері елеулі деп бағаланып отыр. Mastercard компаниясының дерегінше, Алматыдағы шетелдік туристің орташа чегі 1500 мың доллар шамасында. Қонақтардың шығынына қонақ үйде тұру, тамақтану, көлік, ойын-сауық пен сауда кіреді. Мұндай шығындар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, қызмет көрсету саласын жандандырады әрі қала экономикасына мультипликативті әсер етеді" деді басқарма.

30 қыркүйек күні Алматыда "Қайрат" футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде испаниялық "Реал Мадрид" клубымен ойнайды. "Қайрат" биыл Еуропаның клубтық деңгейдегі ең беделді футбол жарысына қатысып, іріктеу кезеңінен негізгі кезеңіне өтті. Алматылық клуб бұған дейін УЕФЕ Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықпаған. Қазақстан клубтары арасында бұл белесті 10 жыл бұрын "Астана" клубы бағындырған.

Чемпиондар лигасының басты кезеңі былтырдан бері жаңа форматта өтеді. Клубтар бұрынғыдан төрт командалық топқа түспей, сегіз түрлі командамен ойнайды. Негізгі кезеңге өткен 36 команданың жоғары ұпай алған сегіз командасы бірден 1/8 финалға өтеді. 9-24 орындағылар плей-офф кезеңінде бір-бірімен ойнап, жеңгендері үздіктер қатарына қосылып, жарысты жалғастырады.

"Қайрат" алғаш ойынын сырт алаңда португалиялық "Спортингпен" өткізіп, оған 4-1 есебімен жол берді.

XS
SM
MD
LG