29 қыркүйек күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қабылдады.
Бұл – Трамп қаңтарда қызметіне кіріскелі Израиль премьерінің Вашингтонға төртінші сапары. Кездесуде АҚШ-тың Газадағы соғысты аяқтау және палестиналық қарулы топ ұстап отырған Израиль тұтқындарын босату жоспары талқыланған.
Ақ үй алдында Нетаньяхуды қарсы алу кезінде Трамп жақын арада бейбітшілік орнайтынына сенентінін айтты.
АҚШ-тың бейбітшілік жоспары
Мұның алдында Вашингтон бірқатар араб және ислам еліне 20 тармақтан тұратын жоспар ұсынған. Ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Нетаньяхумен келіссөз жүргізгенде Трамп өз бастамасына Израиль премьерінің келісімін алуға тырыспақ.
Дүйсенбі күні Ақ үй Газадағы бейбітшілік жоспарын жариялады.
Жоспар бойынша, Газадағы атыс тұтқындар босатылғанда тоқтайды. Содан кейін Израиль әскері Газадан біртіндеп шығарылады. Құжатта Израиль Газа аймағын аннексияламайды да, оккупацияламайды да деп жазылған.
Аймақты палестиналықтар мен халықаралық сарапшылардан тұратын технократиялық кабинет басқарады. Ал АҚШ, Израиль және Еуроодақ террор ұйымы деп таныған ХАМАС саяси процесске қатысудан шеттетіледі. Газадан кеткісі келетін ХАМАС мүшелеріне жол беріледі. Келісімде Газа тұрғындарының қоныс аударуы қарастырылмаған.
Жоспар аясында сондай-ақ халықаралық өтпелі орган құрылмақ, оған Дональд Трамптың өзі жетекшілік етеді, мүшелері арасында Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр сияқты ірі қызметтер атқарған не атқаратын адамдар болмақ. Бұл орган Газаны қалпына келтіруге және дамытуға жауапты болады. Құжатта Газа "радикалдану мен террордан тазартылған" аймаққа айналатыны, ондағы тәртіпті халықаралық тұрақтандарушы күштер қамтамасыз ететіні жазылған. Газаны қалпына келтіру және Палестина автономиясын реформалау сәтті іске асса, Палестина мемлекетінің қалыптасуына жол ашылады. АҚШ палестиналықтар мен Израиль арасындағы диалог өрбуіне септігін тигізеді.
Баспасөз мәслихатынан кейінгі мәлімдемелер
Кездесуден кейін баспасөз мәслихатында Израиль премьері АҚШ жоспарын қолдайтынын айтты.
Ал Дональд Трамп АҚШ жоспарына ХАМАС та келісіп қалуы мүмкін деді. Егер келіспесе, "біз Израильді ХАМАС толық жойылғанша қолдаймыз" деді.
"Өте жақын тұрмыз, өте жақын... Біз қазір тек Газадағы емес, бүкіл Таяу Шығыстағы бейбітшілікті айтып тұрмыз" деп мәлімдеді Трамп аймақтағы елдер АҚШ жоспарын қолдап отырғанын айтып.
Израиль Премьер-министрі Трамптың жоспарымен келісетінін растады. "Барлық тұтқын қайтарылған жағдайда, біз шағын, қарапайым шегініске дайынбыз. Келесі қадам – ХАМАС-ты толық қарусыздандыру" деді Нетаньяху. Ол сондай-ақ, егер ХАМАС бас тартса, Израиль "істі өз бетінше аяқтайтынын" айтты.
ХАМАС өкілдері АҚШ жоспарынан хабардар екенін, бірақ қолына ешқандай ресми құжат түспегенін мәлімдеді. Ұйым соғысты аяқтауға бағытталған кез келген бастаманы қарастыратынын айтты.
Жуырда өткен БҰҰ Бас ассамблеясы жиынында Франция, Ұлыбритания және Канада сияқты бірқатар ел Палестина мемлекетін мойындаймыз деп мәлімдеді. АҚШ бұл қадамды құптамады.