Accessibility links

YouTube 6 қаңтар оқиғасынан соң Трамптың аккаунтын бұғаттағаны үшін 24,5 млн доллар төлеуге келісті


Трамптың екінші инаугурациясына келген технология компанияларының басшылары. Оңнан солға қарай: Илон Маск, Сундар Пичаи, Джеф Безос және Марк Цукерберг. 20 қаңтар 2025 жыл.
Трамптың екінші инаугурациясына келген технология компанияларының басшылары. Оңнан солға қарай: Илон Маск, Сундар Пичаи, Джеф Безос және Марк Цукерберг. 20 қаңтар 2025 жыл.

Google-дің YouTube платформасы төрт жыл бұрынғы оқиға кезінде АҚШ президенті Дональд Трамптың аккаунтын бұғаттағаны үшін 24,5 млн доллар төлеуге келісті. 2021 жылғы 6 қаңтарда президент сайлауы нәтижесіне наразы топ Капитолий ғимаратына басып кірген. Трамп ол сайлауда жеңіліп, Ақ үйден кетуге мәжбүр болған. Президент болып қайта сайланғаннан кейін ол аккаунтын бұғаттаған платформаларды сотқа берген.

Сот құжаттарына қарағанда, келісілген ақшаның 22 млн доллары "Ұлттық аллея қоры" мен Ақ үйдегі салтанат залын жөндеуге бағытталады. Қалған 2,5 млн доллар шағымда аты аталған өзге тараптарға беріледі. Олардың ішінде жазушы Наоми Вульф пен "Американың консервативтік одағы" бар.

Google-дің құрылтайшысы саналатын Alphabet компаниясы – 2021 жылғы қаңтарда Трамптың аккаунтын бұғаттағаны үшін өтемақы төлеуге келіскен үшінші компания. Трамп дәл осындай шағымды Facebook-тің құрылтайшысы Meta-ның және бұрын Twitter болған, миллиардер Илон Маск сатып алғалы X деп аталатын компанияның үстінен түсірген.

Meta сот шағымын реттеу үшін 25 млн доллар, X платформасы 10 млн доллар төлеуге келіскен. Бұл үш компанияға арыз түскенде, заңгерлер Трамптың жеңуі екіталай деген.

2022 жылы Twitter-ді 44,5 млрд долларға сатып алған Маск 2024 жылғы президент сайлауы науқанында Трампқа қаржылай және ақпараттық қолдау білдіріп, ол президент болып сайланған соң, бірнеше үкімет қаржысын қысқарту жөніндегі мекемені басқарды.

Alphabet басшысы Сундар Пичаи мен Meta басшысы Марк Цукерберг Трамптың екінші инаугурациясына қатысып, оған ілтипат білдірушілер қатарында болған. Бұл Трамптың екінші мерзімінде технология компаниялары оған жақын болуға бейіл екендігінің белгісі болып қабылданды.

Сот құжатында келісім жауапкершілікті мойындау дегенді білдірмейді деп жазылған. Google келісім жасалғанын растап, одан өзге ақпарат беруден бас тартты, мұндай қадамға не үшін барғанын түсіндірмеді.

Трамптың YouTube-тегі аккаунты 2023 жылы қалпына келтірілген. Келісім Alphabet-тің капиталына қатты әсер ете қоймайды. Өйткені компанияның нарықтағы құны шамамен 3 трлн доллар. Трамп Ақ үйге оралғалы компания құны 25 пайызға немесе 600 млрд долларға артқан.

XS
SM
MD
LG