Мирзияев Азаттық журналистерін Өзбекстанға шақырды
Берлинде сапармен жүрген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Германияда білім алып, ғылыми жұмыс істеп жүрген өзбек жастарымен кездесті. Германия басшылығымен кездесер алдында Мирзияев өзімен амандасқан Азаттықтың Өзбек қызметінің (Озодлик радиосы) тілшісіне "Сіздерге мың рахмет! Келіңіздер... Келіңіздер" деді. Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін Ташкентте Озодлик радиосының бюросы жұмыс істеген. Бірақ 2005 жылы Әндіжан оқиғаларынан кейін Өзбекстан билігі Ташкенттегі бюроны жапқан. Ал биыл Азат Еуропа / Азаттық Радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының вице-президенті және бас редакторы Ненад Пежич Ташкентте Өзбекстан үкіметінің өкілдерімен, оның ішінде президент Шавкат Мирзияевтің сол кездегі баспасөз хатшысы Камил Алламжоновпен кездескен. Батыс елдеріндегі кейбір сарапшылар Өзбекстанның қазіргі президентінен "реформатор" бейнесін көргісі келеді.