Сауд Арабиясында соңғы кезде "коррупцияға қарсы күрес" деген желеумен монарх әулетінің ондаған мүшесі, ірі кәсіпкерлер, тіпті ұлттық гвардия басшысы Мутаиб бен Абдалланың өзі де тұтқындалды. Сонымен бірге Асир провинциясы губернаторының орынбасары ханзада Мансур бен Мукрин мен жеті адам (арасында жоғары лауазымды үкімет шенеуніктері бар) отырған тікұшақтың апатқа ұшырауы "бұл кездейсоқ оқиға емес" деген сыбыс тудырды. Бақылаушылардың пікірі Сауд Арабиясында дәстүр бойынша билік ағадан ініге ауысуы тиіс болғанымен, қазіргі король Салман ұлы Мохаммед бен Салманды таққа отырғызуға қамданып жатыр дегенге саяды.