Зеленский және Трамп телефонмен сөйлесті

Украина және АҚШ президенттері.

Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлесті. Әлеуметтік желіде Зеленский телефон әңгіменің "жақсы" және "өте өнімді" болғанын хабарлады. Оның сөзінше, әңгіме барысында Украинаға әуе қорғаныс жүйесін тасымалдау мәселесі де талқыланған.

"Президент Трампты табысымен және Таяу Шығыстағы келісімге қол жеткізуімен құттықтадым, бұл күшті нәтиже. "Егер сол аймақтағы соғысты тоқтата алса, онда басқа соғыстарды, соның ішінде осы Ресей соғысын да тоқтатуға болады", - деп жазды Зеленский Газа секторындағы атысты тоқтату туралы кеше күшіне енген келісімге сүйеніп.

Зеленский сонымен бірге Трампқа Ресей әскері Украинаның энергетика нысандарына тағы соққы жасағанын айтқан.

"Бізді қолдауға дайындық білдіргеніңізге ризамын. Украинаның әуе қорғанысын нығайту мүмкіндіктерін және осыған байланысты дайындап жатқан келісімдерді талқыладық. Жақсы ұсыныстар, күшті идеялар бар" деді Украина президенті.

Axios басылымы Ақ үйдегі дереккөздерге сүйене отырып, Трамп пен Зеленский Украинаға алысқа ұшатын "Томагавк" ракеталарын беру мәселесін талқылағанын жазды. Осы аптада Трамп 1,5 мың шақырымнан астам қашықтыққа ұшатын ракетаны тасымалдау туралы шешімді қабылдағанын, бірақ әзірге шешілмеген бірқатар мәселелер қалғанын айтқан. Axios дереккөзі түбегейлі шешім қабылданғанын жазбады.

Мәскеу Украинаға "Томагавк" ракетасы беріледі деген ақпаратты сынап, бұл "соғыстағы жағдайды өзгертпейді, бірақ АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты салқындатады" деген. Бірқатар ақпарат құралдары, оның ішінде Financial Times АҚШ НАТО елдерінің көмегімен Украинаға санаулы "Томагавк" ракеталарын беретінін, бірақ Украинаға оларды пайдалануға рұқсат бермейтінін, Мәскеудің реакциясын бақылайтынын жазған.