Украина Ресейден төнетін қауіп-қатерлерден қорғану үшін еуропалық одақтастарымен бірлескен әуе қорғаныс жүйесін қалыптастырғысы келеді. Украина президенті Владимир Зеленский Варшавада өтіп жатқан қауіпсіздік жөніндегі форумда бейнебайланыс арқылы сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ресейдің Польша мен Балтия елдерінің әуе кеңістігіне заңсыз енуі ұжымдық әрекет қажет екенін көрсетіп отыр.
"Украина Польшаға және барлық әріптестерімізге ресейлік әуе қауіп-қатеріне қарсы бірлескен толық сенімді қалқан құруды ұсынады", – деді Зеленский.
Президент Украинаның дрондар мен зымырандарға қарсы күресте жинаған тәжірибесі одақтастар үшін пайдалы болатынын, ал өңір елдерінің күш біріктіруі қару-жарақ пен өндіріс қуатын жеткілікті деңгейде қамтамасыз ететінін атап өтті.
АҚШ-тың ұстанымына қатысты сұраққа берген жауабында Зеленский қазіргі президент Дональд Трамптың саясаты "теңгерімді және Украинаны қолдайды" деп айтты. Оның сөзінше, АҚШ басшысы Ресеймен келіссөздерде араағайын рөлін сақтап қалғысы келеді.
Бұдан бөлек, Зеленский Беларусь басшысы Александр Лукашенконың "Ресейдің Украинаға қатысты АҚШ мақұлдаған өте жақсы ұсынысы бар" деген сөзіне байланысты пікір білдірді.
"Ол өз әлемінде өмір сүріп жатыр, бірақ кейде [Ресей президенті Владимир] Путин сол әлемге қонаққа барады. Сосын олар, егде жастағы екі адам, бір нәрсе жайлы сөйлеседі. Сондықтан олардың не айтқанын түсіндіру қиын", – деді Зеленский.
Ал Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Ресейдің гибридті шабуылдарына тап болған жағдайда НАТО-ның бірде-бір мүшесі жалғыз қалмайды деп мәлімдеді.
"Ресей біздің жігерімізді сынап, сойқан шығарғысы келіп отыр. Мұнысы қауіпті, бұған айқын әрі бірлесіп жауап қату қажет", – деді Вадефуль Варшавадағы баспасөз мәслихатында.