Орнығып қала ма, кете ме? Постсоветтік кеңістіктегі Ресей бітімгерлері
Әзербайжан мен армян күштері арасындағы Таулы Қарабақтағы әскери қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойылған соң Армениямен шекара маңындағы танкінің қасында тұрған Ресей бітімгерлері.
Жоспарланған 2 мың Ресей сарбазының 400-і бес жылдық бітімгерлік миссиямен 11 қарашада Таулы Қарабаққа келді.
11 қарашада Ереван маңындағы әуежайға Ресей бітімгерлері мінген, әскери техника тиелген ұшақтар келіп қонды.
Бітім келісіміне қол қойылды деген ақпаратқа Әзербайжан тұрғындары қатты қуанса, Арменияда бұл ашулы жұрттың наразылығын туғызды, олар үкімет пен парламент ғимараттарына басып кірді.
Әзербайжан күштері Таулы Қарабақта үлкен әскери жеңіске жетіп, стратегиялық маңызы бар Шуша қаласын (армянша Шуши) басып алып, аймақтың басты қаласы – Степнакертке жақындап қалғанда бітім келісіміне қол қойылды.
1992 жылы маусымда Ресей президенті Борис Ельцин (оң жақта) мен Грузия президенті Эдуард Шеварднадзе Сочиде кездесіп, Оңтүстік Осетиядағы оқтын-оқтын болып жатқан соғысты тоқтату туралы уағдаласты. Соңғы бірер жыл ішінде бұл соғыстан 1 мыңға жуық адам қаза болған. Келісім негізінде Ресей, Грузия мен Солтүстік Осетияның әрқайсысынан 500 сарбаздан қатысатын бірлескен бітімгершілік күштер және оны бақылап отыратын комиссия құрылды.
Ресей бітімгерлері Оңтүстік Осетиядағы тексеру-өткізу пунктін қадағалап тұр.
Бейбітшілік Грузияда билік басына Михаил Саакашвили келгенге дейін сақталды. Шекарадағы контрабандамен күресіп, аймақты тұтқиылдан күшпен басып алу әрекеті шиеленісті қайта өршітті, әр тарап өз талабын қойғандықтан, бітімгершілік комиссиясы мүлде жиналмай қойды.
2008 жылғы тамызда Ресей әскері Цхинвалиде кетіп бара жатыр. Цхинвали – өзін тәуелсіз деп жариялаған Оңтүстік Осетияның бас қаласы.
2008 жылғы тамыздың басында Оңтүстік Осетия әскері грузин ауылдарын атқылады, Грузия күштері оған қарымта қайтарды. Екі тарап соғысты бастады деп бірін-бірі айыптады. 7 тамызда Грузия әскер шығарып, Оңтүстік Осетияны бақылауға алуға тырысты. Мәскеу жылдам әрекет етіп, көп танкісін мен әскерін жұмылдырды. Грузия бірнеше ғана ауылды бақылауға алып үлгерді. 12 тамызда бітім келісіміне қол қойылды.
Ресейдің бітімгер сарбазы Абхазиядағы Ингури өзенінде тексеру-өткізу пунктін бақылап тұр. 14 тамыз, 2008 жыл.
Грузияның бөлініп кеткен және бір аймағы – Абхазияда 1992 жылы басталған қақтығыс пен этностық тазалауды тоқтату үшін 1994 жылы онда қарусыз БҰҰ бақылаушыларымен бірге Ресей бітімгерлері орналастырылған. Бұл күштер жергілікті грузин жасақтарымен және көрші жатқан Солтүстік Кавказдан келген қарулы топтармен оқтын-оқтын соғысып тұрды. 2008 жылғы тамызда Оңтүстік Осетияда соғыс болғанда Ресей және Абхаз күштері Кодори алқабындағы грузин әскеріне шабуыл жасап, оларды Грузияға қарай ығыстырды.
Ресей президенті Дмитрий Медведев (ортада) Мәскеуде Оңтүстік Осетия басшысы Эдуард Кокойты (оң жақта) мен Абхазия басшысы Сергей Багапшпен қол ұстасып тұр. Қыркүйек, 2008 жыл.
2008 жылғы 26 тамызда Ресей екі аймақты тәуелсіз мемлекет деп таныды. Оның шешімін бірнеше ел ғана қолдады. Соның бірі – Сирия, ол 2018 жылы аймақтардың тәуелсіздігін мойындаған. Екі аймақта да Ресейдің әскері орналасқан.
Ресейдің әскери көліктері Грузияның Рухи ауылынан Абхазияға қарай кетіп барады. Қазан, 2008.
Абхазия мен Оңтүстік Осетияны мойындаған соң Ресей екі аймақта бірнеше әскери база құрып, олардың шекараларын бақылауға алды, аймақтарға қаржылай қолдау көрсетті. Абхазия мен Оңүтстік Осетия Ресейге тәуелді болып қалды.
Ресей бітімгерлері Молдовадан бөлініп кеткен аймақ – Приднестровьеде тексеру-өткізу пунктін қарауылдап тұр. Қаңтар, 2012 жыл.
Молдова күштері мен орыс және казак әскері қолдаған Приднестровьдегі қарулы жасақ арасындағы қақтығысты тоқтату үшін 1992 жылы бітім келісіміне қол қойылды. Сөйтіп, Молдова, Ресей және өзін тәуелсіз деп жариялаған Приднестровье әскерінен тұратын топ бітімгершілік миссиясын қолға алды. Содан бері аймақта бейбітшілік сақталып тұр, бірақ Приднестровьені ешкім тәуелсіз мемлекет деп мойындаған жоқ. Молдова халықаралық деңгейде мойындалған бітімгерлерге орын босатуды көп мәрте талап еткенімен, Ресей аймақтан әскерін шығарған жоқ және жалпы Молдоваға ықпалын жүргізіп отыр.