"Важные истории": Курск облысында әскерге шақырылған кемінде 60 сарбаз қаза болған

2024 жылдың жазы мен күзінде Украина күштері Ресейдің Курск облысына шабуылдаған кезде әскерге шақырылған кемінде 60 ресейлік сарбаз қаза болған. Бұл жөнінде "Важные истории" жазды. Басылым ақпарат құралдарындағы хабарламалар мен қаза болғандардың туыстарының әлеуметтік желідегі парақшаларындағы мәліметтерге, мұрагерлік туралы істерге сүйенген. Басылым қаза болғандардың аты-жөндері мен суреттерін жариялады.

Журналистердің сөзінше, қаза болғандар Ресейдің 34 аймағынан барған. Бесеуі – Краснодар және Красноярск өлкесінен, төртеуі – Алтайдан және үшеуі – Ямал-Ненецк автономды өлкесінен, Коми, Бурятия және Дағыстаннан.

Қаза болғандардың орташа жасы – шамамен 20 жас. 60 сарбаздың жартысына жуығы Украина әскерінің операциясы басталғаннан кейін алғашқы жеті күнде қаза болған. 2024 жылы 6 тамызда Суджа ауданындағы Новоивановка елді мекенінде 30-артиллериялық бригаданың бес сарбазы опат болған. 7-10 тамыз аралығында кемінде сегіз сарбаз өлген. Олардың көп бөлігі 488-полкте болған деп жазды "Настоящее Время".

Президент Владимир Путин Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғалы бері әскерге шақырылған сарбаздар соғысқа қатыспайды деп уәде берген. Бірақ Курск облысында олар тылға жіберілген жоқ деп жазды "Важные истории".

Бұған қоса, әскерге шақырылған 60-тан астам адам Курск облысында із-түзсіз жоғалды деп жазды "Важные истории".

BBC-дің Орыс қызметі, "Медиазона" және еріктілердің есебінше, Курск облысында украин күштерінің операциясы басталғанға дейін Украинадағы соғыста әскерге шақырылған кемінде 159 сарбаз қаза болған. Украиналық "Хочу жить" жобасы 2025 жылы сәуірде басқыншылық басталғалы бері әскерге шақырылған 217 сарбаз өлгенін жазды. Оған із-түзсіз жоғалғандар, тұтқынға түскендер немесе жараланғандар енбеген. Дегенмен тізімде суицид жасағандар, басқа солдаттардың қолынан өлгендер, әскери қимыл ошақтарында мерт болғандар бар. Ресей билігі адам шығыны туралы мәліметтерге түсініктеме бермейді.