Украинаның Сумы облысында жолаушылар пойызы атқыланып, ондаған адам жараланды

Сумы облысында атқыланған пойыз

Ресей әскері Украинаның Сумы облысында Шостка — Киев бағытындағы жолаушылар пойызын атқылады деп хабарлады облыстық әкімшілік жетекшісі Олег Григоров.

Украинаның вице-премьері Алексей Кулебаның сөзінше, Ресей әскері Шостка вокзалына екі рет соққы жасаған. Бірінші соққы қалааралық пойыздың локомотивіне тиген. Кулебаның айтуынша, жұртты эвакуациялау басталғаннан кейін екінші соққы жасалған. Бұл жолы Шостка — Киев бағытындағы электровоз атқыланған.

"Украина темір жолының қызметкерлері мен жолаушылар арасында жараланғандар бар. Медициналық бригада зардап шеккендерді ауруханаға жеткізіп, тиісті көмек беріп жатыр" деп жазды Кулеба.

Шостка әкімшілігінің жетекшісі Оксана Тарасюктың айтуынша, шамамен 30 адам жарақаттанған.

Ресей әскері маңызды инфрақұрылымға соққы жасағаннан кейін Шостка қаласында тұтас электр энергиясы сөнді деп хабарлады Сумы облыстық энергия компаниясы.

Өртенген пойыздың видеосын Украина президенті Владимир Зеленский жариялады.

"Сумы облысы Шостка вокзалына дронмен аяусыз соққы [жасалды]... Ресейліктердің азаматтық нысандарға соққы жасалып жатқанын білмеуі мүмкін емес. Мұндай террорды әлемнің елемей өтуге құқығы жоқ. Күн сайын Ресей адамдардың өмірін алып жатыр. Мұны тек күш қана тия алады" деп жазды ол.

Сенбі күні ертерек Ресей әскері Харьков пен Херсон облыстарына да шабуылдаған. Херсонда төрт адам зардап шекті: екі әйел мен екі бала деп хабарлады облыстық әкімшілік жетекшісі Александр Прокудин. Оның сөзінше, 8 жасар бала мен 17 жастағы жасөспірім ауыр жағдайда жатыр. Олардың бас сүйегі жарақаттанған, сүйектері сынған.