Украинада басқыншылыққа қарсы күрескен Тәжікстанда туған ғалымның құрметіне арнап пошта маркасы шығарылды

"Укрпошта" ғылыми-танымдық "Куншт" журналы және ЗМІN жеке қорымен бірігіп, Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығы құрбандары - украиналық ғалымдарға арналған пошта марка топтамасын шығарды.

Freedom in the Equation («Теңдеудегі еркіндік») жобасы аясындағы суреттерді Нобель сыйлығының ресми суретшісі Никлас Элмехед шығарды.

"Украина — Центральная Азия" телеграм-арнасының жазуынша, маркалардың бірі украиналық биофизик Бижан Шароповқа арналған. Ол Украина тәуелсіздігін ресейлік оккупанттардан қорғау үшін екі рет – 2014 және 2022 жылдары қақтығыс ошақтарына аттанған.

Бижан Шаропов Тәжікстан астанасы Душанбеде туған. 6 жаста оның отбасы Киевке қоныс аударған. Ол Киев-Могилян академиясының биология кафедрасын бітірген.

2014 жылы Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғаннан кейін Украинаны қорғауға аттанған. 2015 жылы қақтығыс ошақтарынан оралған. Ғылымға бет бұрып, кандидаттық диссертация қорғаған. 2022 жылы Шаропов тағы соғысқа аттанды. 2022 жылы сәуірде Ресей әскері Шаропов пен тағы украин сарбаздары болған орынды минометпен атқылады. Осыдан кейін Шаропов із-түзсіз жоғалғандардың қатарына енген. Оның денесі тек 2022 жылы қазанда табылған. Бижан Шароповтың жасы 32-де болған.